Еуропарламент депутаты «Козлов сотын» мұқият бақылайтынын мәлімдеді

Еуропа парламентінің солшылдар фракциясының депутаты Пол Мёрфи. Алматы, 19 шілде 2011 жыл.

Интернетте Еуропарламент депутаты Пол Мерфидің Козлов, Әминов және Сапарғали ісіне қатысты мәлімдемесі бейнетаспа күйінде жарық көрді.

Twitter-дегі жазбаларға қарағанда, Владимир Козлов, Серік Сапарғали, Ақжанат Әминовтің үстінен басталған сотта Пол Мерфидің де аты аталған. Тіркелмеген «Алға» партиясы осы әлеуметтік желідегі парақшасында «Прокурор европарламентарий Мерфи жайлы да айтты, сөйтсе Әминов оның көмегімен билікті құлатпақ болыпты» деп жазды.

ЕРЕУІЛДІ БИЛІККЕ ҚАРСЫ ӘРЕКЕТ РЕТІНДЕ КӨРСЕТУГЕ ҚАРСЫМЫН

Ал Жаңаөзен мұнайшыларына олар 2011 жылы ереуілге шыққалы бері қолдау көрсетіп келе жатқан Еуропа парламентінің депутаты Пол Мерфи видео-мәлімдемесінде «Мен «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов пен басқа да белсенділердің сотын мұқият бақылап отырмын. (Қазақстан) үкіметінің мұнайшылар ереуілін шетелдің қаржыландыруымен жүзеге асырылған билікке қарсы астыртын әрекет ретінде көрсетуіне қарсымын. Әрине, олай емес» дейді.

Шамамен үш жарым минутқа созылған бейнетаспада ол «сотталған мұнайшыларға әрі қарай да қолдау көрсете беретінін, Қазақстанға келуге тырысатынын, визаға құжаттар тапсырып қойғанын» айтқан.

Youtube-тен алынған депутат мәлімдемесін мына жерден көре аласыз:

http://www.youtube.com/embed/tDgIK9W-pSQ

ВИЗА ЖЫРЫ

Пол Мерфи 2011 жылы шілде айында Ақтау мен Жаңаөзенге келіп, мұнайшылармен кездескен еді. Ал 2012 жылы көктемде Қазақстанға келмек болған оған белгісіз себептермен билік рұқсат (виза - ред.) берген жоқ.

Пол Мерфидің өзі сол кезде «Қазақстан үкіметі тәуелсіз бақылаушыларды Батыс Қазақстанға жібермей отыр» деп мәлімдесе, осы оқиғаға байланысты қазақ билігіне хат жолдаған еуропарламенттің бірқатар депутаттары «Қазақстан билігін Еуропарламент депутаттарына кедергі қоймауға шақырды» .

Ал Қазақстанның ресми орындары бұған қатысты ешқандай түсініктеме бермеді.

Шілде айында Пол Мерфи «Өзенмұнайгаз» компаниясының сол кездегі директоры Киікбай Ешмановпен де кездескен.

Өткен аптада «Козлов сотында» осы жайтқа тоқталған куәгер, «Өзенмұнайгаз» компаниясының бұрынғы директоры Киікбай Ешманов: «Шетел азаматының қазақтардың мәселесін шешкенін қайдан көрдіңіз. Ол (Пол Мерфи) ереуілдеген мұнайшыларды айқын қолдап отырғанымен, оларды білмеген сыңай танытты» деді.