Қазақстандық дипломат ұшақты Ливияға бұрмақ болған

Alitalia әуе компаниясының ұшағы. Көрнекі сурет.

Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілдігінің кеңесшісі Валерий Толмачевті ұшақты бұрмақ болғаны үшін Италия полициясы тергеп жатыр.

Парижден Римге бет алған ұшақты күштеп Ливияға бұрмақ болған Қазақстан азаматы Валерий Толмачевтің ол әрекетінің себебі әлі анықталған жоқ. Бұл оқиғаға қатысты дүйсенбі күні ресми түсініктеме берген Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің айтуынша, Италия полициясы Толмачевтің «есін білмей әрекет етуін» жоққа шығармайды.

ЖЕКСЕНБІДЕГІ ОҚИҒА

– Рим әуежайының полициясы хабарлағандай, ол (Толмачев - Азаттық) беймаза күйде әуе компанияның стюардессасына шабуыл жасаған. Сондағы қолданғаны – тырнақты егейтін құрал. Қазіргі кезде Қазақстанның Римдегі елшілігінің консулдық қызметкерлері Италияның құқық қорғау органдарымен байланыс орнатқан болатын. Қамауға алынған азамат қазір Римнен 80 шақырым жердегі Чивитавеки қаласының тергеу изоляторында отыр, – деді Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов сәуірдің 25-і күні Азаттық тілшісіне.

Асқар Әбдірахмановтың айтуынша, бүгін Италияда демалыс күні болғандықтан Қазақстанның сондағы елшілігі Валерий Толмачевпен кездесу үшін соттың рұқсатын ала алмай отыр. Оның пікірінше, оқиға Италияның әуекомпаниясына тиесілі ұшақта болғандықтан Толмачевті Италияда соттауы мүмкін.

Оқиға сәуірдің 24-і күні Рим уақытымен кешкі сағат тоғыздар шамасында болған. Валерий Толмачев Париж–Рим бағытында ұшып бара жатқан ұшақтың экипажын қорқытып, ұшақты Ливия астанасы Триполиге бұруға әрекет жасаған. Стюардессаны жеңіл жаралаған Толмачевті экипаж мүшелері көп ұзамай қарусыздандырған. Римге қонғаннан кейін оны Италия полициясының қолына тапсырған. Дерек бойынша, ұшақтағы басқа 131 жолаушының ешқайсысы зардап шекпеген. Италия полициясы Валерий Толмачевтің депрессияға ұшырағанын айтып, оқиғаға террорлық акт ретінде баға бермеген. Дәрігерлер Валерия Толмачевті тергемес бұрын оған тыныштандыратын дәрі берген екен.

«ЖҮЙКЕСІ СЫР БЕРГЕН ШЫҒАР»

48 жастағы Валерий Толмачев 15 жылдан бері дипломаттық қызметте жүр. Ол соңғы бірнеше жыл бойы Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілдігінде кеңесші болып қызмет атқарады. Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі, ақын
Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілі Олжас Сүлейменов. Алматы, 15 қараша 2010 жыл.
Олжас Сүлейменовтың айтуынша, Толмачев өз бетінше әрекет еткен. Ол көмекшісіне «дәрігерлердің жалған диагнозы әсер еткен болуы мүмкін» деп болжайды.

– Мен оны ешқандай іссапарға жіберген жоқпын. Өз бетімен әуежайға барып, билет алған. Бәлкім, жүйкесі сыр берген шығар. Ол екі-үш аптадан бері «қатерлі ісік ауруына ұшырап қалдым» деп сезіктеніп жүрген. Менің ойымша, осы жайт түрткі болуы мүмкін, – деді Олжас Сүлейменов сәуірдің 25-і күні Азаттық тілшісіне.

Валерий Толмачевтің әкесі – журналист әрі жазушы Геннадий Толмачев пен Олжас Сүлейменов дос-жар адамдар болған. Геннадий Толмачевтің досына арналған «Повесть об Олжасе» атты кітабы да бар. Геннадий Толмачев 2006 жылы қайтыс болды. Ол әр жылдары «Огни Алатау», «Халық конгресі», «Простор» сияқты журнал-басылымдарды басқарған. «50 встреч с Д.А.Кунаевым», «Лидер» (Н.Назарбаев туралы), т.б кітаптардың авторы.

Валерий Толмачев те әкесінің шығармашылығына арнап «Сәулелі тұлға» («Солнечный человек») атты кітап жазған екен.

Олжас Сүлейменов Валерий Толмачев туралы.

Your browser doesn’t support HTML5

Олжас Сүлейменов Валерий Толмачев туралы.