Экс-прокурор зейнетақы дауымен сотқа жүгінгісі келмейді

Бас прокуратураның бұрынғы қызметкері, отставкадағы аға әділет кеңесшісі Гүлбану Абланова.

Бас прокуратураның бұрынғы қызметкері Гүлбану Абланова «бас прокуратура қызметкерлерінің біліксіздігі кесірінен зейнетақым 12 мың теңгеге кем есептелді» деп шағынады. Ол өзі сенбейтін сотқа жүгінгісі келмейді.

57 жастағы Гүлбану Абланова прокуратура органдарындағы 20 жылдық қызметін былтыр аяқтап, прокурорлық жұмыс стажына байланысты зейнет демалысына ерте шыққан. Бас прокуратурада ол аға әділет кеңесшісі шенінде заң шығару қызметі саласындағы қадағалау басқармасының аға прокуроры қызметін атқарған. Бұл - қабылданатын заңдардың конституцияға сәйкестігін тексеріп, ұйғарымдарын Қазақстан парламентіне беретін бөлім.

- Мен қызмет еткен жылдарымды ескеріп зейнет демалысына жібергеніне емес, бас прокуратураның кадр қызметі департаменті бастығының зейнетақы заңдарын жетік білмеуі кесірінен зейнетақыма өмір бойы қосылуы тиіс үстемақы мен өзге де кей төлемдерден қағылғаныма қынжыламын, - дейді Гүлбану Абланова.

Бас прокуратураның бұрынғы қызметкерінің зейнетақысына базалық зейнетақы мөлшеріндегі сома, яғни 12 мың теңге және өзге де үстемақылар қосылуы керек еді. Бірақ кей жайттарға байланысты Гүлбану Абланованың зейнетақысы ол күткеннен аз болып шыққан. Әйел зейнетақысының мөлшері қанша екенін айтқысы келмейді, бірақ оның сөзінше, прокуратураның бұрынғы қызметкерлері орта есеппен 160 мың теңгеге жуық зейнетақы алады.

ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРУ

Былтыр қарашада Гүлбану Абланова оң аяғы мен оң қолының саусағын сындырып алып, еңбекке жарамсыздық парағы бойынша уақытша демалыс алған. Оның айтуынша, желтоқсанның 27-сі күні бас прокуратураның кадр қызметі бастығы телефон соғып, жұмыстан шығу құжаттарын тезірек толтыруды ұсынған.

- Ол маған бас прокуратура қызметкерлері үшін тағайындалатын арнайы базалық зейнетақы бар екенін айтты. Мөлшері 12 мың теңгедей, ол зейнетақыңызға қосылады, өйткені заң бойынша 2016 жылдан бастап оны алып тастайды. Жұмысқа Жаңа жылдан кейін шықсаңыз да айырмасы жоқ деді, ал маған еңбекке жарамсыздық парағы желтоқсанның аяғына дейінгі мерзімге берілген, - дейді Гүлбану Абланова.

Қалай болады деп үш қайтара сұрадым. Маған міне былай, былай болады деді.

Ол өзі жұмыс істейтін мекеменің кадр қызметі зейнетақы жұмыстан шығару туралы бұйрыққа қол қойылған сәттен, яғни 2015 жылдан бастап төленетін болады деп сендіргенін айтады.

- Қалай болады деп үш қайтара сұрадым. Маған міне былай, былай болады деді. Өтінішімді жаздым да, емханаға барып еңбекке жарамсыздық парағымды жаптырдым. Маған «уайымдамаңыз» деген болатын. Желтоқсанның 30-ында олар мені жұмыстан шығару туралы бұйрыққа қол қойды, - дейді Гүлбану Абланова.

Бірақ оның айтуынша, бас прокуратура зейнетақы ресімдейтін құжаттарды бір айдан кейін, 2016 жылғы қаңтардың 23-інде берген. Ол «енді соның кесірінен базалық зейнетақыдан қағылдым» дейді. Өйткені ертеректе билік зейнетақы төлемі зейнетақы орталығына өтініш берген күннен бастап қана есептеледі деген тәртіп енгізген.

- Сол күннен қалдырмай ГЦВП-ға (мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығына) бардым, бірақ олар «Сіз биыл келіп тұрсыз, сондықтан сізге берілмейді» деп айтты, - деп еске алады Гүлбану Абланова.

Отставкадағы аға әділет кеңесшісі «зейнетақыны қалай ресімдейтінін білмегендіктен маған дұрыстап түсіндіре алмаған кадр қызметі бастығының заңдар мен нормативті актілерді жетік білмесе де, әлі күнге дейін қызметінде отырғанына» реніш білдіреді. Гүлбану Абланованың сөзінше, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің зейнетақы төлемі мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығына өтініш берген күннен бастап есептеледі деген бұйрығы 2014 жылғы наурыздың 20-сында шыққан.

Бұрынғы прокурор әзірше сотқа жүгінбеген. Ол сотта әділдікке қол жеткізе алатынына сенбейтінін айтады. Бас прокуратураға жазған шағымдарының бірін бас прокурор Жақып Асановтың өзіне жолдаған. Ол бас прокуратура өкілдері өзіне әділетсіздік жасады әрі тіпті кешірім де сұраған жоқ деп санайды.

«ТҮСІНІСТІК ТАНЫТУДЫ СҰРАЙМЫЗ»

Бас прокуратураның кадр қызметі департаментінің бастығы Александр Огай Азаттыққа базалық зейнетақы 2016 жылдан бастап алып тасталатынын біліп, Гүлбану Абланованы құжаттарын 2015 жылдың соңына дейін ресімдеуге «асықтырғанын» айтады.

- Құжаттарын толтырып бергеннен кейін ол жұмыстан шығып қана қоймай, бірден мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығына барып, зейнетақы ресімдеу үшін құжаттарын тапсырып үлгеруі керек екен. Тек сонда, яғни желтоқсанның 31-іне дейін үлгерсе ғана зейнетақысына жұмыс істеген жылдары үшін әлгі үстемеақы қосылар еді, - дейді Александр Огай.

Бас прокуратураның бұрынғы қызметкері, отставкадағы аға әділет кеңесшісі Гүлбану Абланова немересімен бірге.

Ол «соңғы сәтке дейін созбау керек еді» деген уәж білдіреді және бас прокуратура тарабынан «ешқандай қателік көріп тұрмағанын» айтады. Кейін мұндай проблема шықпас үшін бас прокуратураның өз зейнетақы қызметі құрылған. Александр Огайдың сөзінше, бұған Гүлбану Абланованың басындағы жағдай түрткі болған. Бұған қоса, прокуратураның тағы 10 шақты зейнеткері осындай жағдайға тап болған. Бірақ «олардың бәрі мына жағдайға түсіністік танытты» дейді Александр Огай.

Сондықтан прокуратура органдарының бұрынғы қызметкері ретінде мына жағдайға түсіністік танытуды сұраймыз.

Бас прокурор Жақып Асанов бұрынғы әріптесінің шағымына жолдаған жауабында мемлекеттік базалық зейнетақы түріндегі үстеме төлемнен қағылған жалғыз Гүлбану Абланова емес екенін мойындаған. Асановтың жазуынша, бас прокуратура Аблановаға 12 мың теңге қосып есептеуді сұрап, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне жүгінген, бірақ олар бұған заңды негіз жоқ екенін алға тартып, үстеме қосудан бас тартқан.

«Сондықтан прокуратура органдарының бұрынғы қызметкері ретінде мына жағдайға түсіністік танытуды сұраймыз» делінген Жақып Асановтың хатында.

Гүлбану Аблановаға бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель жолдаған тағы бір хатта қызмет мерзімін ұзарту жөніндегі комиссия былтырғы желтоқсанның 9-ында шекті жасқа толуына байланысты оны прокуратура органдарынан жұмыстан босатуды ұсынған шешім шығарғаны айтылған. Прокурор хатында «қарашаның 26-сынан бастап еңбекке жарамсыздық парағымен емделген зейнеткерге жұмыстан шығарылатыны туралы кадрлармен жұмыс департаменті бастығының өзі ескерткен әрі зейнет демалысына шығу тәртібін түсіндірген» деп жазылған.