ИМ-де «жиһадтың» романтика емес екені айтылды

Атыс кезінде жүгіріп бара жатқан әйел. Алеппо. Сирия. (Көрнекі сурет).

«Ислам мемлекеті» (ИМ) атты әскери ұйым бақылайтын Сирия мен Ирак аумағында жүргендер үшін «жиһадшы қалыңдығы» болуды романтика санайтын әйелдер бар.

Жақында ресейлік ВКонтакте желісіне бір пайдаланушы оларды сынап, өз пікірін жазды.

«СЫНАҚТЫҢ НЕ ЕКЕНІН БІЛЕСІҢДЕР»

Шамамен шілденің 14-сі күні жарияланған, қазір өшірілген ВКонтакте аккаунты өзін "Джундуллах" деп атаған солтүстік кавказдық ИМ әскериіне тиесілі. «Ағузубиллях, әпке-қарындастардың парақшасынан небір «Шамды сағынамын, Шамды ойлап зарығамын» деген пікірлерді көп оқимын» деп бастайды ол.

«Сіздер Ефрат жағалауында күйеуіммен бірге серуендеп жүремін деп елестетіп жүрсіздер ме? Құдай үшін, ондай ойдан арылыңыздар. Оны қиялдың моласына көміп тастаңыздар» деп жалғастырған пост авторы бұндай қиялдың алғашқы бомбалау кезінде тас-талқан болатынын ескертеді.

«Бұл ВКонтакте желісінің топтарында сипатталатын өмір емес. Бұл жерде расымен де сынақтан өтесіздер. Сынақтың не екенін білетін боласыздар».

Бұл пікір ВКонтакте және Facebook бетінде кең тарап, адамдар көп бөлісті. ИМ-нің орыстілді жасақтары оны қолдап, ИМ сипаттаған «жиһадшы» жағдайы мен Сириядағы шынайы өмір арасындағы айырмашылықтың көп екенін, әсіресе, әйелдерге ауыр екенін ескертті.

Абдурахман әл-Дагестани деген атпен тіркелген бір жасақ бұл пікір тек «әйелдер қауымына арналған» депті. ВКонтакте желісіндегі аккаунты өшірілген тағы бір жасақ жазбаны сынап, «қиындықтан соң жақсы күндер келеді. Қиындық арты жеңілдікке ұласады. Әпке-қарындастарымызға жағдайды ауырлатып көрсетпе» депті.

Жиһадқа үндеп тұрған әйелдер. (Көрнекі сурет).

Кейбір әйел жасақтар да жазба иесінің пікірімен келіседі. ВКонтакте желісінде тұрғын жайын Алеппо деп көрсеткен Имара Хасанова атты бір жасақ әйел «Ащы да болса шындық» деп жазады.

Бұл пост «жиһадтың» негізгі мәнін түсінбеген әйелдерді сынауға арналған тәрізді. Бірақ оны оқи отырып батырсынғандар мен даңғойлардың мүшкіл халін байқайсыз – автор әлеуметтік желі беттерінде сипатталған ИМ-нің «керемет» өмірі шын мәнінде жасақ үшін қаншалықты ауыр екенін ашады.

Бұл жазба орыс тілді әскери жасақ арасында кең тарай бастаған, Сириядағы қиындықтар жайлы бөлісетін жазбалардың бір бөлігі ғана. ИМ-нің кейбір жасақтары соғыстың шынайы келбетіне үйрену қиын екенін айтып мұң шағады. Әсіресе, майданда жақын достары мен әріптестерін жоғалтқанның ауыр екенін айтады.

Жазба авторы «хижра» (ИМ бақылайтын аумаққа көшу дегенді білдіретін араб термині) мен «жиһадтың» романтика еместігін ескертеді. «Керісінше, бұл - бір-екі сағат бұрын сенімен әзілдесіп отырған бауырларыңның бөлшектелген денесі, аяқ-қолы» дейді ол.

ОРЫСТІЛДІ СОДЫРЛАРДЫҢ МҰҢЫ

Бұндай пікірлер ИМ-нің «хижраны» қабылдап, «құдайшылық жолына түскен» әскери жасақ қорқыныш немесе қайғыны сезінбеуге тиіс деген пікіріне қарама-қайшы. «Соғыстың ауыртпалығына қарамастан, сендер «дінсіздерге» қарсы шығып, «халифат» құруға қатысқан тарихи оқиғаны мақтан етуге тиіссіңдер» деп иландырады ИМ насихатшылары. Халифат термині ИМ үшін өзі бақылауға алған аумақты білдіреді.

Олардың сөзінше, «жиһад» жасағандар үшін қайғыруға болмайды. Бірақ соңғы уақытта Сириядағы Кобани және Ирактағы Байжи тәрізді шайқастарда көптеген адам шығыны болған соң, ИМ-нің орыстілді әскери жасақтары жеке әлеуметтік желілері арқылы шын сезімдерімен бөлісе бастады.

ИМ қатарына шақырушылар «хижраның» қауіпті әрі қиын үрдіс екенін мойындайды.

«Жақын бауырларың Алла жолында жанын қиғанда, оның еш мағынасы қалмайды, дүние босап қалады» деп жазады Артем есімді қазақстандық әскери жасақ шілденің 15-і күні. «Шахид болған достарыңды көргенде бұл дүниеде бір минут та қалғың келмейді» дейді ол.

Айта кетерлігі, «жиһадшы қалыңдықтарын» сынайтын жазба әйелдерге арналған орыстілді ИМ насихатшыларының үндеуіне ұқсамайды. Соңғы уақытта орыстілді ИМ жасағы Сирияда өздеріне арналған әйелдер аз екенін айтып шағымданған соң, осындай үндеулер де көбейді.

ИМ қатарына шақырушылар «хижраның» қауіпті әрі қиын үрдіс екенін мойындайды. Бірақ олар «бұнда келген әйелдерге муджаһед (жиһадшы жауынгер) ерлер күйеу болады, олар Құдайдан қорқады және шынайы деп» үгіттеп, «исламдағы маңызды оқиғаның бір мүшесі болыңдар» деп насихат айтады.

Йоанна Паражчуктың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.