Судан зардап шеккендердің кейбірі көшуге мәжбүр

Тасқыннан қираған үйдің орнына салынатын үйдің құрылысы. Нұра станциясы, Қарағанды облысы. Шілде, 2015 жыл.

Билік сәуірдегі су тасқынынан зардап шеккен соң демеушілердің ақшасына үй салып беруге уәде етілген Қарағанды облысының ондаған тұрғынына үй салып бермейтінін ескертті.

Есесіне, билік оларға арнайы құрылған көмек қоры есебінен арзан баспана сатып әперуді ұсынады.

Қарағанды облысындағы су тасқыны кезінде үйсіз қалған, бірақ қираған үйлеріне меншік құқығын растайтын құжаттары дұрыс емес тұрғындардың көбі кезінде үй құжаттарын уақытында рәсімдеуге үлгермеген. Билік әуелі Қарағанды облысындағы су тасқынынан зардап шеккендер үшін арнайы құрылған көмек қорындағы демеушілік ақша есебінен үй салып беруге уәде еткен. Енді одан да бас тартып отыр.

ҰСЫНЫСТАР

Кейбір тұрғындар «алданып қалдық, әуелі үй салып береміз деп уәде еткен, енді тиімсіз варианттар ұсынып отыр» деп есептейді. Тұрғындар «билік баспана мәселесін шешуді созып жіберді, көп ұзамай суық түседі, ал су тасқынынан зардап шеккендердің көбі пәтер, бөлме жалдап, әлі тентіреп жүр» деп шағымданады.

Сәуірдегі су тасқынынан қатты зардап шеккен Бұхар жырау ауданы тұрғындарының бір бөлігі арнайы құрылған қор есебінен өзге елді-мекендерден үй сатып алғысы келеді, ал кейбір тұрғындар үйді бұрынғы орнына салып беруді талап еткен. Бірақ билік көбінің өтінішіне құлақ аспаған.

Нұра станциясы тұрғыны Эльза Ахмеджанова меншігіндегі жер телімін сақтап қалу үшін бұрынғы үйінің орнына үй салып беруді сұрап арыз жазған. Ол өзге ұсыныстармен келіспейді.

Cу тасқынынан кейін қираған үйлердің бірі. Нұра ауылы, Қарағанды облысы. 17 мамыр, 2015 жыл.

- Әкімдік «Үйіңді салып береміз, бірақ сәл күте тұр. Құжаттарыңды өткізіп қой. Мүмкін үй салуға өтемақы да төлейміз» деп уәде еткен. Бірақ есептеп көрсем, құрылыс материалдарының қымбаттап кетуіне байланысты олардың беретін ақшасына үй сала алмайтын түрім бар. Енді олар әлгі ұсынысынан да бас тартып отыр. Ал менің осы ауылда басқа жаққа көшкім келмейді, үйді осында салып берсін, - дейді Эльза Ахмеджанова Азаттыққа.

Арнайы қор есебінен енді ешкімге үй салынбайтынын естіген Бұхар жырау ауданы тұрғыны Гүлнәр К. Теміртау қаласына көшу мүмкіндігін пайдаланғысы келген.

- Теміртаудан баспана іздеп едім, қалада пәтер қымбат екен. Кейін әкімдік «ауылдан бағасы екі миллион теңгеден аспайтын пәтер ізде» деді. Жеке үйге қарағанда, пәтер арзандау тұрады ғой. Ақыры биыл көктемде су тасқынынан зардап шеккен іргедегі Ғабиден Мұстафин кентінен пәтер табуға тура келді. Кейбір тұрғындар Теміртауға көшуді ұйғарды, бірақ ол жақтан пәтер сатып алғысы келетіндер көмек ақшаның үстінен көп ақша қосуы тиіс екен, - дейді Гүлнәр Азаттық тілшісіне.

Ақыры ол Мұстафин кентіндегі екі қабатты аз пәтерлі үйдегі екі миллион теңге тұратын шағын пәтерге көшуге келіскен. Гүлнәрдің айтуынша, әлгі үй тасқын кезінде су шаймаған көшеде орналасқан. Қазір құжаттарын рәсімдеп жатыр. Жуырда Гүлнәр мен күйеуі кішкентай екі баласымен әлгі пәтерге қоныстанбақ. Ол «бізге балаларым оқитын осы кент ыңғайлы болар» деп үміттенеді.

ҮЙ САЛУДАН ГӨРІ САТЫП АЛУ АРЗАН

Су тасқынынан үйлері бұзылған және арнайы қор есебінен үй салып беруге уәде етілген кейбір тұрғындарға жаңа баспана салынбайтынын Бұхар жырау ауданы әкімі орынбасары Асхат Әли де растайды. Оның айтуынша, бұл шешім су тасқыны кезінде әрі арнайы комиссия тексерген кезде үйдің меншік құқығын растайтын құжаты болмаған, көбі Мұстафин кентінде орналасқан 59 үйге қатысты қабылданған.

Енді билік 10 үй ғана салуды ұйғарған, ал қалған үйлердің тұрғындарына демеушілер бөлген ақша есебінен өзге баспана сатып әперуді ұсынады. Асхат Әли «материал мен құрылыс жұмыстарының қымбаттап кетуіне байланысты проблемалық үйлердің тұрғындарына үй салып беру ойымыздан бас тартуға тура келді» дейді.

Нұрадағы құрылыс. Қарағанды облысы. 15 шілде, 2015 жыл.

Биліктің есебінше, жаңа үй салудан гөрі кенттен шағын пәтер немесе үй сатып алу арзанға түседі. Сондықтан үй салудан бас тартқан. Ондай тұрғындарға көмек көрсету мәселесі арнайы құрылған қор есебінен шешілуі тиіс, ал бұл жұмысты әкімдік қадағалайды.

- Меншік құқығын растайтын құжаттары жоқ пәтер иелері үшін баспана сатып алу жұмысы жүргізіліп жатыр. 10 үйдің құрылысын бастап қойдық - сегізі Ғабиден Мұстафин кентінде, біреуі Садовое ауылында, енді бірі Ботақара кентінде. Құрылысты аяқтаймыз. Үш үйді сатып алатын болып келісіп қойдық, ал 12 үйдің бағасы анықталып жатыр, - дейді Азаттық тілшісіне жағдайды түсіндірген Бұхар жырау ауданы әкімінің орынбасары Асхат Әли.

Оның айтуынша, әділет органдары арқылы меншігінде екі немесе одан көп үйі бар тұрғындар да анықталған. Мұндай тұрғындарға су тасқынынан келген шығынның өтемақысы ғана төленеді. Атына бірнеше үй тіркелген жандарға үй берілмейді.

Әкімдік дерегінше, 2015 жылдың 10-18 сәуірі күндері Бұхар жырау ауданындағы 15 елді-мекен тасқын аймағында қалып, бір мың 533 ауланы су басқан. 340 үй қайта қалпына келместей қираған.