Экс-премьер сотында тендерді айналып өту сөз болды

Серік Ахметов пен өзге де бір топ шенеунік пен бизнесмендер ісі бойынша сот процесі. Қарағанды, тамыз, 2015 жыл.

Бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов пен Қарағанды қаласы мен облысының бұрынғы жетекші шенеуніктерінің сотында негізгі куәгерлер түсініктемелер берді. Олардың кейбірі төменгі сатыдағы шенеуніктерді мемлекеттік сатып алу кезінде шешім қабылдауға қалай мәжбүрлейтінін айтты.

Экс-премьер Серік Ахметов пен Қарағанды қаласы мен облысының бұрынғы басшы тұлғалары және бизнесмендердің үстінен жемқорлық айыбымен қозғалған қылмыстық іс бойынша Қарағандыда өтіп жатқан сотта куәгерлерден жауап алу басталды. Олардың берген жауаптары, көпшілік күткендей, шиеленіскен сот ісін одан әрі күрделендіріп жіберді.

КУӘГЕР РУСЛАН СЫЗДЫҚОВҚА САУАЛДАР

Бұрын «ЕуроСтандарт – Қарағанды» ЖШС басшысы болып жұмыс істеген Руслан Сыздықов сыбайлас жемқорлыққа қатысты сотта лауазымды қызметін өз еркі бойынша ауыстырмағанын мәлімдеді. Яғни, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев (кәсіпорын оған тиесілі екен-мыс) оған «фирманың жетекшісі басқа адам болады» деп ашық мәлімдеген екен. Әкім Сыздықов жұмысты атқара алмады деп түсіндірген. Сотта Сыздықов пен Әбдішевтің қызметтерін атқарып тұрған кезде күнделікті жазысқан электронды хаттарының бір бөлігі жарияланды.

Серік Ахметовтің қылмыстық ісі бойынша куәгер Руслан Сыздықов сотта сөйлеп тұр. Қарағанды, 17 тамыз 2015 жыл.

– Әбдішев маған «ЕуроСтандарт – Қарағанды» кәсіпорнының 95 пайыз акциясын басқа адамға жазу керек деді, – деп мәлімдеді прокурорлардың сауалына берген жауабында Руслан Сыздықов.

Сотталушы Бауыржан Әбдішевтің «сол жазбаны толық көрсете аласың ба?» деген сауалына Сыздықов ол хаттың өзінде сақталмағанын айтты.

– Тергеу амалдарын жүргізген тергеу-жедел тобына электронды поштамның кілтсөзін бердім. Содан соң бұл хаттарды көрген емеспін, - деді ол.

Бауыржан Әбдішевтің қорғаушылары соттан Сыздықовтың осы айтқанына назар аударуды сұрады.

ТАС ТӨСЕУІШ ЖӘНЕ АБАТТАНДЫРУ

Дүйсенбі күнгі сотта тағы бір негізгі куәгер Ләззат Айтмағамбетова мемлекеттік айыптаушының сұрақтарына жауап берген кезде шатасып қалды. Айтмағамбетова «Қарағанды қаласының мәдениет және демалыс саябағы, әкімшілік гүлбағын басқару» мемлекеттік кәсіпорнының директоры болып қызмет еткен. Жемқорлыққа қатысты даулы істе «ЕуроСтандарт – Қарағанды» фирмасының тас төсеуіштерін Қарағандының саябақтары мен гүлзарларына төсеу туралы шартты сол жасасқан.

– Байқау жарияланған жоқ, бірақ шарт жасастық, бастапқыда оған қол қойғым келмеген еді. Маған мердігерлер мен олардың нысандары көрсетілген тізімді алып келді. Мердігерлермен өткен бір жиында Руслан Сыздықовты біздің саябақтарды абаттандыруға тротуар плиткасын дайындайтын жаңа зауыттың басшысы деп таныстырды, - деді Ләззат Айтмағамбетова.

Серік Ахметовтің ісі бойынша сот тыңдауы өтіп жатқан Қарағанды облыстық сотының ғимараты. 28 шілде 2015 жыл.

Оның айтуынша, содан кейін қазір айыпкер ретінде сотта отырған бұрынғы ресми тұлғалардың кейбірі «бәрі жақсы болады, біз де солай істегенбіз» деп Айтмағамбетованы көндірген. Бухгалтері екеуінің қарсылығына «бюджет қаржысын игермей қалудан қорқып, мемлекеттік сатып алусыз мердігер табуды ұйғарғандарын» айтқан. «Олардың ешқайсысы бұл Әбдішевтің бұйрығы деген емес» деп мәлімдеді сотта Ләззат Айтмағамбетова.

«ЕуроСтандарт – Қарағанды» фирмасымен келісімшартты ешқандай тендер өткізбей жасауға неліктен келістіңіз?» деген прокурор сауалына Айтмағамбетова: «басшыма қарсы келе алмадым» деп жауап берді. «Шынымен мердігерлерді «ЕуроСтандарт – Қарағанды» тас төсеуіштерін алуға мәжбүрледіңіз бе?» деген сауалға Айтмағамбетова жауаптан шатасыңқырап, «мүмкін» деп жауап берді.

«Гүлзарды қайта салу туралы» құжаттама неліктен «абаттандыру туралы құжатқа» ауыстырылды?» деген сауалға Айтмағамбетова жауап бере алмады. «Мердігерлер тас төсеуіштің сапасы мен оларды жеткізу мерзіміне қатысты ауызша және жазбаша шағым жасағандары рас па?» деген сауалға Айтмағамбетова «рас» деп жауап берді. Бірақ, наразылық білдірген мердігерлердің аты-жөнін атап, олардың жазбаша шағымдарын көрсете алмады. Сонымен бірге, Айтмағамбетованың сөзінше, тас төсеуішпен жабдықтаушыны ауыстыру туралы әңгіме болмаған.

Бұған дейін, жапа шегушілердің жауаптары тыңдалған кезде (бұл істе 24 адам жапа шегуші болып саналады) олардың кейбірі сотқа дейінгі тергеу өздерін «жапа шегуші» деп тапқанын, ал өздері шеккен шығын және жоғалтқан пайда туралы ешқандай шағым жасамағандарын мәлімдеген еді. Куәгерлердің бірі тас төсеуішті жеткізу туралы келісімшарттағы қол өзінікі емес екенін айтқан.

Сот қарап жатқан қылмыстық істің негізгі кейіпкері – Қарағанды облысының бұрынғы әкімі, бұрынғы премьер-министр және бұрынғы қорғаныс министрі Серік Ахметов. Тергеушілердің айыптау қортындысында Серік Ахметовтің «мемлекет мүддесіне қайшы әрекетке барып, пара берушіге қолдау көрсеткені үшін 2,4 миллион доллар көлемінде пара алғаны» айтылған. Ол 2014 жылдың қарашасынан бері үйқамақта отыр. Бұл іс бойынша 21 адам сотқа тартылып жатыр.

Орысшадан аударған – Динара Әлімжан.