Бодибилдингтен әлем чемпионы атанған қазақ

Моңғолиялық қазақ, бодибилдингтен әлем чемпионы Нұрлан Жүнісұлы.

Моңғолиялық қазақ, Үндістанда өткен жарыста бодибилдингтен әлем чемпионы атанған Нұрлан Жүнісұлы Азаттық тілшісіне сұхбат берді.

Желтоқсанның 5-і мен 10-ы аралығында Үндістанның Мумбай қаласында дүниежүзілік бодибилдинг және фитнес чемпионаты өтті. 400-ге жуық спортшы қатысқан бұл жарыста бас жүлделердің көбін Таиланд, Иран, Венгрия, Малайзия спортшылары алды.

Қазақстандық спортшылар арасынан тек фитнесшілер – Дәния Тілеуімбетова (1-орын, бойы 160 сантиметр спортшылар арасында) мен Ольга Тихоренко (4-орын, бойы 165 сантиметр спортшылар арасында) және Гүлмира Мақамбаева (3-орын, бойы 170 сантиметр спортшылар арасында) ғана жүлдеге ие болды.

Мумбайда өткен әлемдік бодибилдинг және фитнес чемпионатында қатарынан екі жүлде алған спортшылардың бірі – Моңғолияда тұратын 41 жастағы этникалық қазақ Нұрлан Жүнісұлы. Ол 40-49 жас арасындағы ерлер арасында 1-орын, ал 85 килограмм салмақ дәрежесі бойынша 3-орын алды.

Бүгін Моңғолия астанасы Улаанбаатарға жете Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Нұрлан Жүнісұлы ол елде өзіне дейін спорттың бұл түрінен әлем чемпионы атанған ешкім жоқ екенін айтты.

Азаттық: – Нұрлан, жүлдеңіз құтты болсын. Спорттың бұл түрімен айналысқаныңызға қанша уақыт болды?

Нұрлан Жүнісұлы: – Рақмет. Бұл спорт түрімен шұғылданып келе жатқаныма 24 жыл болыпты. 1990 жылдардың соңынан айналыса бастадым. Ол кезде 17 жаста едім. Негізі бодибилдинг – өте ауыр, тамақты уақытымен тұрақты ішуді талап ететін, дәрумендері тым қымбат, ақша-қаражатты көп қажет ететін спорт түрі.

Азаттық: – Мумбайдағы жарысқа дейін қандай сайыстарда жүлделі орындар алдыңыз?

Нұрлан Жүнісұлы: – 2004, 2005, 2006 және 2012 жылдары Моңғолия біріншілігінің чемпионы атанып, «Моңғолия мистер» атағын жеңіп алдым. Азия чемпионатында 2012 жылы 5-орын, 2013 және 2014 жылдары 3-орын иелендім.

Азаттық: – Отбасыңызда бұл спортпен айналысатын жақындарыңыз бар ма?

Нұрлан Жүнісұлы: – Жоқ. Екі баламның үлкені енді ғана төртінші сыныпта оқып жүр.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.