Мектеп оқушылары наурыз мерекесін қалай түсінеді?

Наурыз мерекесі кезіндегі "Қаражорға" биі. Алматы, 21 наурыз 2011 жыл.

Мектеп оқушылары шығыс күнтізбесі бойынша жыл басы болып есептелетін наурыз мерекесін қалай қарсы алады, оған қандай дайындалады және бүгінгі ұрпақ наурыз мейрамы жайлы не біледі?

Мектеп оқушыларының наурыз жайлы айтқандарын тыңдаңыз

Your browser doesn’t support HTML5

Мектеп оқушыларының наурыз жайлы айтқандарын тыңдаңыз



Азаттық радиосының тілшісі осы сауалдарға жауап іздеп, Алматы қаласындағы мектептерді аралаған еді.

Шоқан Уәлиханов атындағы №12 мектеп-гимназияға барғанымызда, оқушылар наурыз мерекесіне қызу дайындалып жатты. Бірі - наурызға арнап өлең жаттаса, бірі жарапазан айтып, жар салып жүр. Тағы бірі шағын қойылымды пысықтап жатыр.

7 сынып оқушысы Ерқұлан Егембаев Азаттық радиосына жарапазан айтып берді. Ол жарапазанды үй аралап айтпаса да, жаттап жүреді екен.

Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің мұғалімі Сәуле Ғалымбекқызының айтуынша, оқушылар наурыз мерекесін үлкен дайындықпен қарсы алады. Әсіресе төменгі сынып оқушылары мерекеге жақсы белсенділік танытады екен.

Сәуле Ғалымбекқызы "наурыз мейрамын Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері ғана тойлатып жатқанымен, бұл мерекенің оқушылар үшін де, жалпы қазақстандықтар үшін де маңызы зор" дейді.