Билеуші партия ақпарат саясатын жандандырды

Қазақстан мен "Нұр Отан". Сәбиттің карикатурасы. (Көрнекі сурет)

Жаңа ақпарат комитетін құрған «Нұр Отан» партиясы «халыққа жақындауды мақсат тұтып отырмыз» дейді, ал сарапшылар оның «Совет Одағындағы КПСС-ке ұқсап бара жатқанын» айтады.
Қаңтар айының басында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын «Нұр Отан» партиясында ақпарат комитеті құрылды.

«ХАЛЫҚПЕН ЖҰМЫС ЖАСАУ»

Комитеттің басшысы болып тағайындалған Дана Рысмұхамедова Азаттық тілшісіне жолдаған жазбаша жауабында «партияның енді халықпен тығыз жұмыс жасауға аса қатты мән беретінін, комитетті құрудағы негізгі мақсат та сол екенін» айтты.

Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов (сол жақта) және "Нұр Отан" партиясының бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Нығматуллин. Атырау, 31 тамыз, 2012 жыл

– Бұл – біріншіден, бүгінде партияның іргесі әбден бекігенінің белгісі. Екіншіден, партияның мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық құрылысын дамыту барысындағы орны барынша нығайды деген сөз, – дейді ол.

Комитеттегі тұтас бір бөлім интернет және әлеуметтік желілерге арналған. Комитет басшысының сөзінше, бөлімдер жасақталып бітпеген.

- Қазіргі кезде интернеттің даму қарқынын жоққа шығару мүмкін емес. Әзірге қандай танымал блогшыларды шақыратынымызды айта алмаймыз, - деді Дана Рысмұхамедова Азаттық тілшісіне телефон арқылы.

Жаңа комитетте ақпарат құралдарымен байланыс бөлімі, партия туралы ақпараттарды бақылау-топтау қызметін атқаратын мониторинг және сараптау-жобалау бөлімі, медиа өнімдер бөлімі құрылады.

«ЕРКІН ОЙДЫ ТҰНШЫҚТЫРУЫ МҮМКІН»

"Нұр Отанның" идеологиялық бағытқа қатты мән бере бастағанын айтқан сарапшылардың сөзінше, мұндай тәжірибе бұрын-соңды тек Совет Одағының коммунистік партиясында (КПСС) ғана қолданылған.

Саясаткер Әміржан Қосанов. Алматы, 24 желтоқсан 2012 жыл

- Мұның өзі - қазіргі саяси жүйедегі "Нұр Отан" партиясы кешегі Совет Одағының коммунистік партиясына ұқсап келе жатқанының бір белгісі... Партия өзінің насихатын жұмысы арқылы, белгілі бір бюллетеньдер арқылы, парақшалар арқылы жасауы керек. Ылайым бір ақпараттық индустрия - оның ішінде телекомпаниялар бар, газеттер бар, журналдар бар, интернет ресурстары бар - осының бәрі бір партияға жұмыс істеуі, меніңше, дұрыс емес, - дейді "Азат" жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бас хатшысы Әміржан Қосанов.

Оның ойынша, негізгі жұмыс істеу алаңы - ақпараттық кеңістік екенін айтқан комитет елдегі еркін ой мен балама идеяларды одан сайын тұншықтыруы мүмкін.

«КЕТКЕН КЕМШІЛІКТЕРДІ ЖОЮ АМАЛЫ»

Саясаттанушы Андрей Чеботаревтың ойынша, "Нұр Отан" партиясы идеологиялық үгіт-насихатты күшейту арқылы елдегі жағдайды барынша уысында ұстауға тырысып отыр.

Саясаттанушы Андрей Чеботарев.

- Бұл жерде мәселе тек баспасөз қызметінде ғана емес, ақпараттық және сараптау ресурстарының синтезі туралы да болуы мүмкін. Бұған ықпал етуші факторлардың бірі - басшылықтың ауысуы. Оның үстіне менің ойымша, партияның төраға орынбасары мен мәжіліс спикері міндетін қатар атқарған Нұрлан Нығматуллин жетекшілік еткен кезеңді партия аса сәтті өткермеді. Ал қазір кеткен кемшіліктерді жойып, сонымен бірге ақпараттық кеңістікте партияның жұмысын күшейтуге тырысып жатыр, - дейді Андрей Чеботарев.

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов жаңа құрылымның пайда болуынан аса терең саяси астар іздемей, партиядағы қайта құру жұмыстарына нұсқайды.

- Бұл - партия төрағасының орынбасарлығына жаңадан келген адамның көзқарасы, шешімі. Бюрократиялық тұрғыдан алғанда, шамалы өзгеріс енгізу, яғни адамдарды көбейту немесе қысқарту-ауыстыру бағытындағы кезекті әрекеттер деп айтуға болады, - дейді Бөріхан Нұрмұхамедов.