Аргентиналық фотодағы Өскеменнің сұрқай бейнесі

Жан Паоло Минеллидің "Қазмырыш" компаниясында түсірген суреттері. Алматы, 17 мамыр 2016 жыл.

Аргентиналық фотограф Жан Паоло Минеллидің көрмесінен өнеркәсіп алыптары көп шоғырланған Өскеменде түсірілген әрі көңіл құлазытатын фотосуреттерді көруге болады. Азаттық тілшісі суреттердің «тілі» жетпеген кей жайттарды ашуға тырысты.

Жан Паоло Минелли – Женева тумасы, италия-швейцар халқының өкілі. Оның Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайында өткен «Қалалар мен адамдар терісі» («Кожа городов, кожа людей») көрмесінің ашылу рәсімінде Швейцарияның Қазақстан мен Тәжікстандағы елшісі Мауро Рейна мен Лугано қаласы мэрі Марко Боррадори (вернисажда екеуі де болды) Жан Паоло Минеллимен 20 жылдан бері таныс екенін айтты. Минеллидің жеке көрмесін Алматыда өткізуге осы жайт пен фотографтың танымалдығы себеп болған сияқты. Жергілікті өнеркәсіп алыбы «Қазмырыш» зауытының шақыруымен келген фотографтың көрмесінде Қазақстан Өскемендегі «зауыт тіршілігінен» түсірілген фотосуреттер арқылы көрсетілген.

Фотограф 1999 жылдан бері Аргентинада – Буэнос-Айресте тұрады әрі жұмыс істейді. Ол көрмеге қойылған фотосуреттерді Кьяссо (Швейцария), Брно (Чехия) мен Париж (Франция), Буэнос-Айрес (Аргентина) пен Өскеменде түсірген.

ӨСКЕМЕН МҰРЖАЛАРЫ

Жан Паоло Минелли Өскеменге «Қазмырыш» компаниясының шақыруымен 2014 жылдың қазанында келіп қайтқан. Оған «Қазмырыш» нысандарын фотоға түсіру міндеті жүктелген. Жергілікті баспасөз бен әлеуметтік желілерде Өскеменнің өзге өндіріс ошақтары сияқты «Қазмырыш» зауытын да «экологиялық нормаларды орындамайды, зиянды заттарды шектен тыс бөледі» деп көп жазғырады, бірақ компаниялар бұл айыптауларды үнемі жоққа шығарады.

Фотограф Жан Паоло Минелли. Алматы, 17 мамыр 2016 жыл.

Жан Паоло «Қазмырыш» зауыты территориясында қорғаныс комбинезоны мен бетперде киіп жұмыс істеген. Ол күндізгі сағат төртте жұмысын тастап, қала көшелерін аралауға шығып жүргенін, бірақ қаланың тыныс-тіршілігі, экологиясы сияқты проблемалар жайлы жергілікті тұрғындармен көбірек әңгімелесуге тіл білмейтіні бөгет болғанын айтады.

– Бірақ алып пештер орнатылған зауыттары бар қаланың экологиясы онша жақсы болмайтынын білемін, – дейді фотограф.

Аргентиналық Өскеменнің сұрғылт аспанын жайсыз экологиялық ахуалмен байланыстырады. Ол күн сәулесін өткізбейтін тұманды қаланың ерекшелігі ретінде атайды.

«Қазмырыш» территориясында түсірілген суреттердің жартысы – қара және ақ түсті. Азаттық тілшісі автордың бұл түсті таңдау себебін сұрады. Фотограф бұл сұраққа «Кейінгі кезде түрлі-түсті, қара және ақ түсті аралас пайдаланамын» деп жауап берді. Бірақ шебердің айтуынша, Өскемендегі жарықтың бір ерекшелігі, кейде түрлі-түсті суреттердің өзі қара және ақ түсті болып көрінеді.

Луганодан келген қонақтардың бірі көрмеде тұр. Алматы, 17 мамыр 2016 жыл.

Мәдениеттанушы Ольга Власенко «Қазмырыш» бейнеленген фотосуреттерді «жансыз» суреттер деп сипаттайды.

– «Қазмырыш» қазір жұмыс істеп тұрған зауыт болғанымен, фотода қараусыз қалған нысан сияқты көрінеді, ең бастысы – бір де бір жұмысшы көрінбейді. Сондықтан зауыттың құрал-жабдықтары мүлде тозып, тіршілігі тоқтап қалған сияқты әсер қалдырады, – дейді ол.

Продюсер Валерий Картунның пікірінше, «Қазмырыш» нысандарының фотосуреттері совет заманында «Огонек» журналы жариялап тұратын социалистік реализм жанрында түсірілген көлемді фотосуреттерді еске түсіреді. Бірақ ол «Огонекте» жарияланған суреттер жақсырақ болатын дейді.

ӨСКЕМЕНДІК ЖУРНАЛИСТІҢ АЙТҚАНДАРЫ

«Мой город» газеті мен YK-news.kz сайтының журналисі Зарина Жұмағалиева Азаттыққа Өскемен экологиясы проблемасына қатысты ойларын айтып берді. Оның жоғары экологиялық білімі бар. Ол ертеректе Өскеменде 2011 жылы құрылған экологиялық қауіпсіздік орталығында жұмыс істеген.

Оның айтуынша, қаланың әр тұсында орнатылған арнайы аспаптар тіркеген ауа құрамындағы газ деңгейі көрсеткіштері орталық сайтында нақты уақыт режимінде көрсетіліп тұрады. Картадаға посттар (барлығы тоғыз) түрлі түске боялған. Оның айтуынша, жасыл түс – қалыпты норманы, сары түс – ауа құрамындағы зиянды заттардың шекті нормаға таяу екенін, қызыл түс – шекті нормадан асып кеткенін білдіреді.

Азаттық сайттан әлгі картаны тапты.

Бірақ сайттағы мәліметтер биылғы 5 мамырдан бері жаңартылмаған. Зарина Жұмағалиева мұның себебін «техникалық проблемалармен» байланыстырады. Қала тұрғындарының қынжылысына қарағанда, ондай «техникалық проблемалар» жиі туындайтын сияқты. Мұны экологиялық қауіпсіздік орталығы сайтында биыл ақпанда жарияланған хабарламадан байқауға болады.

– Біздің қалада «Қазмырыш» ЖШС, «ҮМЗ» (Үлбі металлургиялық зауыты – ред.) және «ТМК» (Титан-магний комбинаты – ред.) акционерлік қоғамдары сияқты түсті металлургия саласының бірнеше ірі кәсіпорны мен өзге де көптеген өндіріс орындары, ТЭЦ, жылу қазандығы орналасқан. Ауаны ластауға жылдан жылға көбейіп бара жатқан автомобильдер де көп әсер етеді. Бірақ жұрт үйреншікті әдетпен зауыттар мен «сүзгісі жоқ» құбырларды айыптайды. Ауаны ластауға қандай кәсіпорын қандай үлес қосатынын тіпті экологтардың өздері де айта алмайды, – дейді Зарина Жұмағұлова.

ЗЕРТТЕУШІЛЕР ҰЙҒАРЫМЫ

Өскемен мен оның экологиясына қатысты мәселе болғандықтан, Азаттық оқырмандарына қазақстандық алты (Алматы және Өскеменде тұратын) зерттеушіден құрылған топтың бір апта бұрын Ресейдің Пермь қаласында өткен ғылыми конференцияда таныстырған баяндамасының кей тұжырымдарын таныстыруды жөн көрдік. Оның мәтінін баяндама авторларының бірі Наталья Яковлева берді.

Жан Паоло Минеллидің "Қазмырыш" компаниясында түсірген суреттерінің бірі. Алматы, 17 мамыр 2016 жыл.

Баяндама қаланың солтүстік және солтүстік-шығыс бөлігінде шоғырланған өнеркәсіп тораптарының санитарлық қорғау аймағы территориясында тұратын халықтың денсаулығына қатысты ахуалды бағалауға арналған. Баяндама авторлары қаланың экологиялық тұрғыдан жайлы, «желдетілетін» тұстары саналатын КШТ (Жібек маталар комбинаты – ред.) шағын ауданымен салыстырғанда, Солтүстік және Солтүстік-Шығыс бөлігіндегі санитарлық қорғау аймағында тұратын балалар мен жасөспірімдердің сырқаттану деңгейі жоғары, биологиялық ортада ауыр металдар, әсіресе қорғасын көп екенін анықтаған.

Мысалы, кейінгі 10 жылда қаланың солтүстік және солтүстік-шығыс бөлігіндегі өнеркәсіп ошақтары шоғырланған территориясында тұратын жасөспірімдер экологиялық тұрғыдан жайлы аудандағы мұндай көрсеткішке қарағанда тыныс органдары сырқатына үш есе көп шалдыққан. Зерттеу авторлары «кейінгі жылдары ауадағы қорғасын мөлшерінің шектен асу фактілері байқалмайды» деп мәлімдеп, мұны тиімді экологиялық бағдарламамен байланыстырады. Бірақ «Қазмырыш» кәсіпорны тұрған, әсіресе өндіріс алаңына жапсарлас территорияда қорғасын мөлшері шамадан тыс көп.

Баяндама авторлары Өскеменнің жалпы экологиялық ахуалын азды-көпті қанағаттанарлық деңгейде деп бағалайды.

Аргентиналық фотограф Жан Паоло Минеллидің 17 мамырда Алматыда ашылған көрмесін Қазақстан мен Тәжікстандағы Швейцария елшілігі және «Еуразия мәдени альянсы» қоғамдық бірлестігі «Қазмырыш» компаниясының қолдауымен ұйымдастырған.