Ресей тауарларын Қазақстанда несиеге сатқысы келеді

Ресейде басылған пиманы ұстап тұрған адам. (Көрнекі сурет)

Астанада Ресей экспорт орталығының Мәскеуден тысқары алғашқы сауда үйі ашылды. Оның өкілдері Ресей тауарларын несиеге алуды ұсынады. Қазақстан бизнесінің кей өкілдері де тауарларын осы орталықтарда сатқысы келеді.

Астанадағы бес жұлдызды қонақ үйде бизнес-форум басталар алдында «Ресей экспорт орталығы» компаниясының басқарушы директоры Константин Евстюхин қазақстандық журналистерге берген сұхбатында ресейлік экспортерлер жергілікті сатып алушылар іздеп келгенін айтты.

НЕСИЕ

Батыс елдері Мәскеудің Шығыс Украинадағы әрекеті үшін Ресейге екі жыл бұрын санкциялар салған. Кремль де қарымта санкция енгізген. Енді Ресей өз өнімдерін көбінесе көрші елдерге сатуға тырысып жатыр. Ресейліктердің сөзінше, бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан солтүстіктегі көрші елдің экспорты үшін нөмірі бірінші елге айналып тұр. Ал Ресей аймақтарындағы Қазақстан импорты 11 орын ғана алады.

«Ресей экспорт орталығы» компаниясының басқарушы директоры Константин Евстюхиннің айтуынша, олар Қазақстан нарығына қаржылық емес және қаржылық қолдау қызметтерін ұсыну үшін келген.

Өнімдерімізді сатып алғысы келетін қазақстандықтарды несиелендіруге арналған бір топ ұсынысымыз ба.

– Өнімдерімізді сатып алғысы келетін қазақстандықтарды несиелендіруге арналған бір топ ұсынысымыз бар, оның ішінде жеңілдікпен несие беру, сақтандыру құралдары, қаржылық емес қолдау шаралары, кешенді бизнес-миссиялар ұйымдастыру бар әрі мұның бәрін өз алаңымыз арқылы жасай аламыз, – дейді Евстюхин.

Олар банктер арқылы қазақстандық сатып алушыларға шикізатқа жатпайтын өнімдерді тиімді пайыздық мөлшерлемемен ұсынғысы келеді. Бұдан бөлек, ресейліктер Астанаға «қазақстандық және ресейлік компаниялардың кооперациялық экспорт жобаларымен үшінші елдер нарығына бірлесіп шығуды» ұсынады. Олардың ұсыныстары техникалық құрал-жабдықтар, автомобиль шығару, отын-энергетика кешені өнімдеріне қатысты.

«ЖҰМЫС ТӘРТІБІМЕН РЕТТЕЛЕДІ»

Қазақстан бизнесі өкілдері бұл ұсыныстарға онша құлшыныс танытпады. Ресейдің ірі компаниялары директорларының еліктірме сөздерінен кейін залда отырған жергілікті бизнесмендердің ешқайсысы сұрақ қоймады. Бірақ қазақстандық бизнес атынан үкімет өкілдері сөйледі. Үзіліс арасындағы әңгімелерде Қазақстан Ресеймен бірлесіп жұмыс істеуге құлшынып отыр деген ой айтылды.

Қазақстанның экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне қарасты «Сауда саясатын дамыту орталығы» компаниясының бас директоры Руслан Сұлтанов журналистерге Ресей экспортының Қазақстанға келуін құптайтынын айтып, оны «үлкен іс» деп атады. Бірақ ол Қазақстан өз өнімін де дамытуға үлкен көңіл бөліп жатыр дейді. Оның сөзінше, қазір бизнес екі ел кәсіпкерлерінің қосымша құны жоғары тауарлар өндірісіндегі әлеуетін біріктіруі тиіс.

...болашақта Ресей экспорт орталығы өкілдіктері арқылы қазақстандық өнімнің де сатылып, үшінші елдерге шыққанын қалар едік.

– Бірлесіп жұмыс істеп, даму бағыттарымызды диверсификациялау үшін біз болашақта Ресей экспорт орталығы өкілдіктері арқылы қазақстандық өнімнің де сатылып, үшінші елдерге шыққанын қалар едік. Өйткені Қазақстан өкілдіктерін ашпаған жерлер бар. Кей елдерде біздің мұндай мүмкіндігіміз жоқ, бірақ ресейлік экспорт орталығы алаңын өнімдерімізді сату үшін пайдалану мүмкіндігі туар еді, – дейді Руслан Сұлтанов.

Оның пікірінше, қазақстандық өндірушілердің ресейлік өнімдермен бұрыннан бәсекелес тауарларына, әсіресе кәмпит пен кондитерлік өнімдеріне Ресейде сұраныс бар.

Бірақ Астанадағы «Нұр жаңа технологияларды енгізу клубы» компаниясының бас директоры Нұрмағамбет Нұрпейісов өз өнімін Қазақстаннан тысқары жерлерде әзірше сата алмай отырғанын айтады. Оның айтуынша, Еуразия Одағы аясында «бәрі әзірше мейлінше сақтық танытып отыр әрі дамуға тэкономикалық дағдарыс та бөгет болған».

Ресейден сатып алған жабдықтарды заңдастыру – біз үшін проблема.

– Кей құрал-жабдықтарды Ресейден сатып аламын, бірақ ресейліктер қосымша құн салығынан бас тартқысы келмей, көбінесе құжатсыз сатады, ал біз ресми сатып аламыз. Ресейден сатып алған жабдықтарды заңдастыру – біз үшін проблема. Енді бұл жағдай өзгеретін шығар деп үміттенеміз, – дейді Нұрмағамбет Нұрпейісов.

Астанадағы «Шарын» жеміс-көкөніс базары директорының орынбасары Бораш Тұрсынбаеваның пікірінше, Ресей өнімдері экспортынан келетін еш жамандық жоқ. Оның айтуынша, «Шарын» базарында сатылатын картоп, қырыққабат, пияз, сәбіз және қызылша сияқты әлеуметтік маңызды өнімдердің бәрі жергілікті өндірушілердің өнімдері. Бораш Тұрсынбаева «ал Еуразия Одағы аясында әлдебір проблемалар туындаса, олар «жұмыс тәртібімен» реттеледі» дейді.

Жуырда Астанада өткен жоғарғы Еуразия экономикалық кеңесінің отырысында Беларусь президенті Лукашенко Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) мүше елдерге тең жағдай жасалмаған деп мәлімдеген. Ол ЕАЭО-на кіргеннен кейін елінің ішкі сауда айналымы 2015 жылы 45 миллиард долларға дейін азайып кеткенін айтқан. Қазақстан басшылығы бұл мәселеде көбінесе ұстамдылық танытып, көбінесе Кремльді жақтайды.