Ресейлік ару «саяси толғауымен» таңғалдырды

«Жер аруы-2012» байқауына Ресей атынан қатысқан Наталья Переверзева. Мәскеу, 25 қазан 2012 жыл

Әдетте көп адам «сұлулық байқауына қатысатын қыздар саясатты терең меңгермеген, олар жұртты тек сымбатымен таңқалдырады» деп ойлайды. Бірақ 24 жастағы ресейлік ару бұл пікірді жоққа шығарды.

Филиппинде өтіп жатқан «Жер аруы-2012» (Miss Earth 2012) байқауында Ресей атынан барған Наталья Переверзева отаны жайлы одан ешкім күтпеген саяси пікір айтып, әлемді өзіне қаратты.

«МЕНІҢ РЕСЕЙІМ...»

Байқау барысында «Өз еліңмен қалай мақтанасың?» деген сұрақ қойылған еді.

– Менің елім – өзім жақсы көретін адамдар, маған қымбат барлық нәрсе. Менің Ресейім – әдемі, жылы, жамаулы көрпе сияқты, бірақ далада боран соғып тұрған қыстың кешінде сол көрпені жамылып отырғанға не жетсін. Менің Ресейім – кестелі көйлек киген, ұзын жуан бұрымына түрлі-түсті лента таққан, өмірге құштар, жайнаған, сұлу да көрікті, ертегіде айтылатын бойжеткен сияқты. Менің Ресейім – көзі алайған, мүйізі қызық, ауызы күйістен босамайтын жуас сиыр сияқты – оның сүті қандай дәмді десеңізші, – деп бастады сөзін Наталья Переверзева.

Ресей аруы бұдан кейін өз отаны «сараң да әділетсіз әрі имансыз адамдардың тонауына түсіп, қасіреттен жапа шеккен ел» екенін айтты.

– Менің Ресейім – тек кейбір «таңдаулы» адамдар ғана байлығын сорып жатқан алып күретамыр. Менің Ресейім – қайыршы әйел. Менің Ресейім – жетім-жесір,

Наталья Переверзева. Мәскеу, 25 қазан 2012 жыл.

кәрі-құртаңға көмектесе алмаған дәрменсіз ел. Қайраңға батып бара жатқан кеме секілді бұл елден инженерлер мен дәрігерлер, мұғалімдер күндерін көре алмай қашып жатыр, – деді Наталья Переверзева.

Ол Ресейдің «Кавказдағы бітпес соғыстардан көз ашпай келе жатқанын», «кезінде бір тілде шүйіркелесіп отырған бауырлас халықтарға енді өз тілдерін мектептерінде оқытуға тыйым салғанын» да сөз етті.

– Менің Ресейім – миллиондаған адамды құрбан етіп, фашизмді жеңген жеңімпаз ел еді. Осындай елде ұлтшылдық қалай, не үшін гүлденуі мүмкін – маған соны айтыңыздаршы, – деді Наталья Переверзева.

24 жастағы ару «қандай қиыншылық көрсе де, билік басында кім отырса да, осы ұлы да әсем елде туғанын мақтан ете беретінін» айтты.

Наталья Переверзева сұлулық сайысындағы сөзін аяқтай келе, «әрбір Ресей тұрғыны ол елді өзінің үйіндей көріп, не болса да белсенді позиция таныту керек, елдегі жағымсыз жайттарды жеңе білу керек» деді.

– Тұтынушы ретінде ғана өмір сүрмей, өзімізді дамытып, кітап оқып, жақсы әуен тыңдап, ғылыми жаңалықтар мен саясаттан хабардар болып, жақсы адамдармен сөйлесіп, әлемге тың нәрсе қосуымыз керек. Балаларымызға рухани әңгіме айтып, қабілеттерін ұштауымыз керек. Қажетсіз, жасанды, көзбояушылықтың бәрінен арылуымыз керек. Шын жанымыз ашығанда ғана еліміз өсіп-өркендейді, – деді ресейлік сұлу.

«Жер аруы-2012» байқауы. Наталья Переверзева туралы ролик

http://www.youtube.com/embed/T7XQOhDF9wE

ТҮРЛІ КӨЗҚАРАС

Наталья Переверзеваның бұл сөзі сөзі интернетте әртүрлі пікір туғызды.

Ресейлік кейбір азаматтар оны «шыншылдығы үшін» мақтап, қолдау білдірді. Ал кейбір қолданушылар «Ресеймен мақтанудың орнына, халықаралық дәрежеде оны аяп, мүсіркеп, оғаш нәрселер айтқаны үшін» Переверзеваны «патриоттығы төмен» деп айыптады.

Ресейлік «Комсомольская правда» газеті жүргізген сауалнама нәтижесіне қарағанда, жауап берген азаматтардың 90 пайызы Наталья Переверзеваның сөзін қостаған.