Этникалық тәжіктер үкіметтен өздерін қорғауды сұрайды

Диxан ауылында үйі өртенген әйелдер. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Ералиев ауылдық округі, 2 тамыз 2016 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы Ералиев ауылдық округінде кішкентай қызға «сексуалдық сипаттағы әрекеттер» жасалды деген күдіктен басталған дүрбелең бүгін түнде де жалғасты. Негізгі оқиға болған Сейфуллин ауылына көршілес елді мекендерде үйлер мен көліктер өртелген. Тұрғындар үкіметтен өздерін қорғауды сұрайды. Полиция өкілдері көрші ауылдардың да күзетке алынатынын айтқан.

ДИХАН АУЫЛЫ

Оқиға болған Сейфуллин елді мекеніне көршілес, 34 үйлі, бірнеше жүз тұрғыны бар Дихан ауылында бүгін түнде белгісіз топ екі үй мен бірнеше көлікті өртеп кетті. Үйлердің есігін ломмен ашпақшы болған, ауладағы заттарды қиратқан.

Диxан ауылының тұрғыны Маxмуджан Арзимұратов. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы, 2 тамыз 2016 жыл.

Азаттық тілшісіне тоғыз балалы, орта жастағы Махмуджан Арзимұратов түнгі екі жарымда болған оқиғаны:

- 100-ге жуық жастар айқайлап келгенде бала-шағамызбен қашып кеттік. Бас-аяғы 10-15 минуттың ішінде олар біздің үйді өртеп, көліктерді қиратып кетті, - деп сипаттады.

Үйлері өртенген азаматтар «Сейфуллин ауылының маңына барған жастарды полиция қуған, олар қашқанда жол-жөнекей көрші ауылдардағы шеткі үйлерді өртеп, қиратып кетті» деп болжайды. Бүгін түнде белгісіз топ ауылдық округ орталығы Ералиев ауылында да бір дүкенді өртеп кетті.

Диxан ауылындағы шатыры мен терезелері қираған үй. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы, 2 тамыз 2016 жыл.

Дихан ауылы тұрғындары оқиға тағы қайталанады деп қауіптенеді әрі Қазақстан үкіметінен өздерін қорғауды сұрайды. Азаттық тілшісі Махмуджан Арзимұратовтың ауласында тұрғанда өртенген үйді суретке түсіріп, тексеріп шыққан ішкі істер қызметкері Дихан ауылының да күзетке алынатынын айтып кетті.

Дихан ауылының аты-жөнін айтқысы келмеген тұрғыны «Біз өзімізді қалай қорғауды білмедік. Біз қорғанып, қарсы шықсақ, этникалық қақтығысқа ұласады деп қауіптендік. Олар өте көп, тоқтату мүмкін емес. Қазақстан азаматымыз, бәріміз қазақша сөйлейміз, бірақ аяқ астынан осындай қолайсыз жағдайда қалып қойдық» деген. Азаттық тілшісінің айтуынша, әзірге Дихан ауылында полиция өкілдері яки әскери техника көрінбейді.

Диxан ауылындағы өртенген үй. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы, 2 тамыз 2016 жыл.

Бүгін түнде үйлері өртенген Дихан ауылының тұрғындары өздерінің және оқиға болған Сейфуллин ауылындағы этникалық тәжіктердің Өзбекстанның Сырдария облысынан 1964 жылы көшіп келгенін, «қауын-қарбыз, көкөніс егумен айналысатындарын» айтқан.

Олардың сөзіне қарағанда, Дихан ауылының тұрғындарының көпшілігі бала-шағасын алып, басқа жақтарға кетіп қалған.

АБАЙ АУЫЛЫ

Азаттық тілшісі оқиға болған елді мекенге көршілес Абай ауылының (жергілікті жұрт «Екінші ауыл» атап кеткен) тұрғындарымен де сөйлесті. Өзін «Уразбай Данияров» деп таныстырған этникалық тәжік тамыздың 1-іне ауған түні өзін бір топ жастың ұрып кеткенін айтады.

Ералиев ауылдық округіне қарасты Абай ауылының (2-ауыл) тұрғыны Уразбай Данияров. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы, 2 шілде 2016 жыл.

- Далада біреулер шулаған соң сыртқа шыққанымда ай-шайға қаратпай бір топ жігіт сабай жөнелді. Есімнен танып қалдым. Оң қолымның алақан сүйегі сынды, ауруханаға жатып, шыдамай қайта шықтым. Бала-шағамды басқа ауылға апардым, - дейді ол.

Уразбай Данияровтың айтуынша, сол түні ауылға «жүзге жуық жастар» келген. Олар жүріп өткен көшесінде үш-төрт көлікті қиратып, бірнеше үйдің терезесін, шатырын сындырып кеткен.

СЕЙФУЛЛИН АУЫЛЫ

Негізгі оқиға болған Сейфуллин ауылын қазір қазір полиция қатаң күзетке алған, сырттан келген адамдарды кіргізбейді. Ауылға әскери техника кіргізілген, полицияның арнайы жасағы жүр. Жағдай тұрақтанған.

Тамыздың 1-і күні Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков келіп, Ералиев ауылдық округінің орталығы Жолдасбай Ералиев атындағы ауылда ауылдық округ тұрғындарын жинап, жиналыс өткізген.

Диxан ауылында зардап шеккен үйлердің бірі. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы, 2 тамыз 2016 жыл.

Тұрғындардың айтуынша, жиналыста оларға Сейфуллин ауылында тұратын кішкентай қызға қарсы сексуалдық әрекеттер жасалғаны туралы күдік туғаны, алайда экспертиза нәтижесінде зорлау белгілері дәлелденбегені хабарланған. Дихан ауылының тұрғындарының айтуына қарағанда, сексуалдық сипаттағы әрекет жасады деген күдікке ілінген бозбала кішкентай қыздың үйімен көрші тұрады.

Бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті (ІІД) таратқан баспасөз-релизінде «Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданының Сейфуллин ауылында белгісіз біреулер бұзақылық іс-әрекеттер жасады. Үш тұрғын дене жарақаттарын алып, дүкендердің бірінің терезесі сынды. Бұзақылық әрекеттердің орын алуына Сейфуллин ауылы тұрғынының кәмелет жасқа толмаған қызына сексуалды сипаттағы әрекеттер жасалды деген күдігі себеп болған» деп жазылған еді.

Диxан ауылында қиратылған көліктің бірі. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы, 2 тамыз 2016 жыл.

ІІД «Аталған жайт сотқа дейінгі бірыңғай тергеп-тексеру тізіліміне тіркеліп, ҚР ҚК-нің 121-бабы (Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері), 4-бөлімімен (ондай әрекеттерді жас балаға қатысты жасау) қылмыстық іс қозғалғанын» хабарлаған. Жас қыздың денесін тексергенде зорлау белгілері және дене зақымдары анықталмаған. Күдікті ата-анасының жауапкершілігіне берілді.

Мақтарал ауданы тұрғындарының саны 299 мыңнан астам адам деп есептеледі. Аудандағы 176 елді мекенде 60-тан аса ұлт өкілдері өмір сүреді. Мақтарал ауданы облыс орталығы Шымкенттен 231 км қашықтықта орналасқан.