Ақтаудағы сотта Еуропарламент депутаты куәгер ретінде сұралды

Владимир Козлов (оң жақта) пен Серік Сапарғали сот залында. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.

Ақтау қаласында Козлов, Сапарғали және Әминов ісі бойынша өтіп жатқан сотта бүгін куәгер ретінде тіркелмеген «Алға» партиясының белсенділері Валентина Махотина, Марина Нистолий, «Алғаның» үйлестіру комитеті төрағасы қызметін уақытша атқарушы Михаил Сизов, «Жаңаөзен-2011» халықаралық комитетінің мүшесі Ерлан Қалиев, бұдан бөлек ақын Айсұлу Қадырбаева және Еуропарламент депутаты Петр Бористен жауап алынды.

«ЕҢБЕК ДАУЫНА АРАЛАСУ ОППОЗИЦИЯНЫҢ МІНДЕТІ МЕ?»

Еуропарламент депутаты Петр Борис 2012 жылғы ақпан айында Қазақстанға келіп, Жаңаөзен және Алматы қалаларында болып қайтқан еді. Қорғаушы тарап шақырған куәгер ретінде сотта сөйлеген ол Қазақстанға сол кезде 2011 жылғы желтоқсанның 16-сы күні болған Жаңаөзен оқиғасынан соң келгенін айтты.

– Еуропарламенттің басты міндеттерінің бірі - адам құқықтарының сақталу жағдайын қадағалау. Мен Еуропарламенттегі Орталық Азия бойынша жұмыс тобының мүшесімін. Осы топта мәселені қозғау үшін оның жай-жапсарымен танысқым келді, - деді Петр Борис.

Еуропарламент депутаты Петр Борис Алматы әуежайында тұр. 22 ақпан 2012 жыл


Оған «Мұнайшылар мәселесі Еуропарламентте талқыланғаннан кейін қандай да бір шаралар қолданылды ма?» деп сұрақ қойған кезде: «Иә, талқылаудардың болғаны рас, бірақ бұлардың барлығы адам құқығы жағдайына зерттеу жүргізу мақсатында жасалды» деп жауап берді.

Қорғау тарабы одан «Еңбек даулары, әлеуметтік жанжалдар бойынша адамдармен жұмыс жасау саяси, оның ішінде оппозициялық партиялардың міндетіне кіре ме?» деп сұрады.

– Иә, әрине, бұл кез-келген ел үшін қалыпты жағдай боп есептеледі. Мысалы, Польшада зейнетақы реформасы талқыланған кезде оппозиция билеуші партияның ұсыныстарына қарсы шықты. Бұл демократиялық ел үшін қалыпты жағдай, - деді Петр Борис.

«АЛҒА» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТІРКЕЛМЕУ СЕБЕБІ

Бүгінгі сотта «Алғаның» үйлестіру комитеті төрағасы қызметін уақытша атқарушы Михаил Сизов партияны тіркеу үшін соңғы рет құжаттарды 2009 жылы тапсырғанын айтты. Оның айтуынша, арнайы органдардың «партия мүшелерінің тізімін тексергеннен кейін тіркейміз» деген бір ауыз сөзінен кейін басқа ешқандай жауап болмаған.

Прокурорлар Сизовтан партияның қалай қаржыланатыны туралы білгісі келді.

Михаил Сизов, "Алға" партиясының мүшесі. Алматы, 24 қаңтар 2012 жыл


- Менде бұған қатысты ақпарат бар. Козлов бұл үшін өзінің жеке қаржысын жұмсады. Бұдан бөлек, Кетебаев оған 100 миллион теңге көлемінде қарызға ақша берген, - деп жауап берді. Ол Кетебаевтың үйлестіру комитетінің мүшесі, әрі идеология бойынша төраға орынбасары екенін айтты.

Бүгінгі сотта адвокат Венера Сәрсембина Болат Атабаевтың Германияда құжаттарын жоғалтып бөгеліп қалғанын, сотта жауап бергісі келетінін жеткізді. Сотта жауап бергісі келетін азаматтар қатарында Ирина Петрушова және «Взгляд» газетінің бас редакторы Игорь Винявский барын айтты. Судья «Әуелі мұнда бар куәгерлерді сұрап алайықшы, сұраймыз» деп жауап берді.

«ЖАҢА КУӘГЕРЛЕР»

Бүгін қорғау торабы сотқа Людмила Козловская және Мұхтар Әблязовты куәгер ретінде шақыру туралы өтініш жасады.

– Айыптау тарабының куәгерлері бұл адамдардың атын сотта жиі келтірді. Олардың өздері кез-келген уақытта жауап беруге дайын. Олардан скайп арқылы жауап алуды ұсынам, - деді адвокат.

Ал судья: «Жақсы, ойланып көрейік» деп жауап берді.
Мұхтар Әблязов бұл скайп-конференцияны ҰҚК қызметкерлері тәркілеген диктафон ішінде кеткен жазба деп сипаттады.
Бұл сотта 2010 жылы «Алға» партиясы белсенділері мен Мұхтар Әблязов арасында болған Skype-конференция жиі айтылған еді. Прокурорлар конференцияның стенограммасынан үзіндіні жиі келтіріп, куәгерлерге сұрақ қойып келеді.

Қыркүйектің 5-і Facebook-та арнайы пост жариялаған Мұхтар Әблязов бұл скайп-конференцияны ҰҚК қызметкерлері тәркілеген диктафон ішінде кеткен жазба деп сипаттады. Ол конференцияда саяси көзқарасын ашық айтқанын жеткізді.

«Мен ешқашан саяи көзқарастарымды жасырған емеспін: Қазақстан азат әрі демократиялық мемлекет болуы тиіс. Елде саяси реформалар жүруі керек, мен парламенттік республиканы қолдаймын» деп жазды Мұхтар Әблязов.