Білім гранты мәселесін даусыз шешудің жолы бар ма?

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұловты қоршап алған наразы ата-аналар мен түлектер. Астана, 11 тамыз 2017 жыл.

AzattyqLIVE жоғары оқу орнына (ЖОО) түсу үшін бөлінген мемлекеттік білім гранттарын бөлуден шыққан биылғы және жыл сайынғы дау мәселесін тікелей эфирде талқылады. Студия сарапшысы EDTECH халықаралық білім орталығының жетекшісі Ғани Бейсембаев болды.

Ресми ақпарат бойынша, 2017 жылы ЖОО-лардағы қазақ тіліндегі топтарға құжат тапсырған талапкерлерге 49 858, орыс тіліндегі топтарға тапсырған абитуриенттерге 13 311 білім гранты бөлінген. Биыл 4 мың «Алтын белгі» алған оқушының 800-і ҰБТ (Ұлттық бірыңғай тестілеу) кезінде аз балл жинаған.

Ал тамыздың 11-і күні түлектер мен ата-аналар тестілеуден аз ұпай жинағандар оқуға түсіп, көп балл алғандар құлағанына наразы болып, Астанада қарсылық акциясын өткізді. Бұл даудан кейін бұған қосымша, яғни жоспардан тыс 1487 грант бөлінді. Білім және ғылым министрі Сағадиев бұл жұмысқа ата-аналар да қатысқанын мәлімдеді. Алайда кей мамандар тест нәтижелерін шығару және грант бөлу процесі ашық жүрмейтінін, жыл сайын жанжал шығатынын айтады.

Грант дауларынан соң жұртшылық тарапынан тест жүйесін жетілдіру керек деген пікірлер жиі айтылады. Осы ретте AzattyqLIVE хабарында «Білім гранттарын бөлу мәселесін қалай шешу қажет?», «Алтын белгі» иегерлерінің біршамасының төмен балл алу себебі неліктен?», «Грант бөлісінде қандай жеңілдіктер ескеріліп, қандай талаптар қарастырылуы қажет?» деген сауалдарға сарапшы, EDTECH халықаралық білім орталығының жетекшісі Ғани Бейсембаев жауап берді.

Your browser doesn’t support HTML5

Білім гранттарын даусыз бөлу тәсілі