Қызыл әскер ескерткішін басқа жерге көшірудің дауы

Қызыл армия жауынгері Миша Гавриловтің ескерткіші. Орал, 2 маусым 2015 жыл.

Оралдағы алғашқы совет ескерткішінің бірін басқа орынға көшіру дауы толастамай тұр. Көшіретін болса, қызыл әскер Гавриловтің қарапайым материалдан құйылған ескерткіші қирап қалуы мүмкін.

15 жасар қызыл әскер монументін басқа орынға көшіру бастамасын қорғаныс министрлігіне қарасты Орал әскери-техника мектебі директоры Құспан Мұқатаев көтерген. Махамбет атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне қарсы бетте 1958 жылдан бері тұрған ескерткішті әскери-техника мектебі территориясына көшіру жөнінде айтылған. Қызыл армия жауынгері Миша Гаврилов азамат соғысы кезінде ақтардың офицерін өлтіріп, шабуыл жасау жоспарын қолға түсіріп, даңққа бөленген. Ол 1919 жылы Орал қаласы үшін шайқас кезінде Батыс Қазақстан облысындағы Новенькое ауылы түбінде қаза тапқан.

Мамыр айының аяғында өткен Қазақстан халқы ассамблеясы сессиясында Құспан Мұқатаев облыс әкіміне «Әскери-техника мектебі басшылығы мен тәрбиеленушілері әскери ерліктің әскери-патриоттық тәрбиелік мәнін ескеріп, ескерткішті қорғау мен күтіп ұстау міндетін өз мойнына алады. Миша Гавриловтің ескерткішін әскери-техника мектебі территориясына көшіру туралы бастамамызды қолдауды және қанағаттандыруды сұраймын» деп өтінген.

Батыс Қазақстан облысы әкімі Нұрлан Ноғаев «Бұл - көптен бері талқыланып келе жатқан мәселе. Мектеп бастығы мұны жұмыс үшін қажет іс деп санап отыр. Бұл мәселені қала жұртымен бірге талқылап, Орал мәслихатына ұсыныс енгізуді ассамблея кеңесіне тапсырайық, - деп мәлімдеген.

БЕТОН МЕН ГИПС

«Ежелгі Орал» мұражайы директоры Геннадий Мухиннің Азаттық тілшісіне айтуынша, бұл – Орал қаласында орнатылған алғашқы совет ескерткіштерінің бірі. Оны бұзу мәселесі талай рет қозғалғанымен, әрдайым айтыс-тартыспен аяқталып жүр.

«Ежелгі Орал» музейінің директоры, өлкетанушы Геннадий Мухин. Орал, 2 маусым 2015 жыл.

- Енді басқа сылтаумен алып тастамақ. Бір қиындығы, ескерткіш әрі үлкен, әрі үгітіліп кететін осал материалдан құйылған, сондықтан оны тұтас күйінде көшіру мүмкін емес. Орнынан қозғаса, ескерткіш қирайды, - дейді Геннадий Мухин.

Ол «Жұрт бұл ескерткіштің тәрбиелік маңызы бар деп сеніп, шын көңілімен ақшасын жұмсап, күш салып орнатты» дейді.

- Жалпы, кез келген ескерткіш - өнер туындысы емес пе? Бұл адамдардың кім болғанын жастарға айтып отыру керек, - дейді Мухин.

Ескерткішті бұзу мәселесі кезекті мәрте қозғалған 2013 жылы Батыс Қазақстан облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция бастығы Нарынбек Мамаев жергілікті баспасөзге «Ескерткіш бетон мен гипстен құйылған, екеуі де үгітіліп кететін осал материал, оның үстіне 50 жыл аз уақыт емес. Контрукциясы осал болғандықтан, ескерткішті көшіру мүмкін емес» деп мәлімдеген.

КӨШІРУ КЕРЕК ПЕ, ЖОҚ ПА?

Азаттық тілшісі Оралдың кейбір тұрғындарының қызыл әскер ескерткішін көшіруге қатысты пікірін сұрады.

Махамбет атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік унивесритеті доценті Жангелді Шаекенов:

- Ескерткішті көшіруге қарсы емеспін. Университеттің алды болғандықтан, бұл жерге қазақ батырлары Исатай мен Махамбетке ескерткіш орнатқан жөн. Миша Гавриловтің кім екенін қазіргі жастар білмейді, ал екі батырымызды жұрттың бәрі біледі, - деген пікір айтады.

Студент Бекзат Жангелдин:

- Миша Гавриловтің кім екенін білмеймін, бірақ ақыры орнатқан екен, тұра берсін. Өзге ескерткіш қойса да қарсы емеспін. Ең бастысы, бұл орын бос қалмаса болды, - дейді.

Ләззат Құсайынова, мұғалім:

- №1 және №38 мектеп, бас университет үшеуі қатар тұр. Ал мына жерге Махамбет, Исатай немесе репрессияға ұшыраған қоғам қайраткерлері сияқты қазақ халқына еңбегі сіңген адамдарға ескерткіш қойылғаны жөн деп санаймын. Болашақ ұрпақ үшін оларды жадымызда сақтауға тиіспіз, - деді.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Қазақстан халқы ассамблеясының сесиясында сөйлеп тұр. Орал, 28 мамыр 2015 жыл.

Ал Орал қаласы тұрғыны Надежда Страмаусованың пікірі басқаша.

- Тұра берсін. Бұл ескерткішке үйреніп қалдық. Жұрт біздің ауданды осы ескерткіш арқылы таниды. Оның үстіне, бұл бала шынымен батыр емес пе, ескерткішті неге бұзады? – деп сұрайды ол.

Орал тұрығын Павел Панкратов:

- Жалпы, тарихи ескерткіштердің бәрі өз орнында қалуы тиіс. Совет одағында туып-өскен адам болғандықтан, бойымда сол заманның патриоттық рухы қалған. Жаудың құнды мәліметін қолға түсірген Миша Гаврилов - совет үкіметінің патриоты. Қазір оның ерлігін әрқилы бағалауға болады, әрине, бірақ өз заманында ол патриоттық іс жасады, - дейді.

Қызыл әскер жауынгері ескерткіші 1958 жылы орнатылған. Ескерткішті орнатуға үлес қосу үшін жергілікті пионерлер темір-терсек, макулатура жинап, сүт, жұмыртқа өткізген. 2008 жылы ескерткішті мемлекет қорғауынан алып тастаған.