Ыстық сусыз қалған Орал қаласы

«Жайықжылуқуат» коммуналдық кәсіпорнының ғимараты. Орал, 19 шілде 2017 жыл.

Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Орал қаласының тұрғын үй секторының үлкен аумағы бір аптаға жуық ыстық сусыз отыр. Монополист «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы «Жайықжылуқуат» коммуналдық кәсіпорнының берешегі болғандықтан, Оралдағы ТЭЦ-ке газ беруді тоқтатты. Жылу берушілер тұрғындардың бірнеше миллион қарызы бар екенін айтады. Қалаға ыстық судың қашан келетінін ешкім білмейді.

Ыстық суды шілденің 14-і күні өшіріп тастады. «Жайықжылуқуат» кәсіпорнының баспасөз мәслихатында бас директор Мұрат Бәйменов кәсіпорынның газ берушілерге 220 миллион теңгеден астам қарызы бар екенін айтқан еді. Ал тұрғындар «Жайықжылуқуат» кәсіпорнына 540 миллион теңге қарыз. Алты мың адам осынша сомаға берешек болған.

Ал «жылудың ақысын үздіксіз төлеп отырғандар не істейді?» деген сауалға Бәйменов «жылуды пәтер бойынша өшіру техникалық тұрғыда мүмкін емес, сот арқылы қарыз өндіру – ұзақ рәсім» деп жауап берді. Жылу берушілер ең қатаң амал қолданбақ. Сот арқылы борышкерлердің елден шығуына және дүние-мүлкіне тыйым салады.

БОРЫШКЕРЛЕРМЕН ЖҰМЫС

Елена Шляпина «Жайықжылуқуат» кәсіпорнында үшінші жыл қатарынан контролер болып істейді. Оның төрт мың абоненті бар, соның төрттен бірі қарыз. Елена жұмысының жүйке жұқартатынын айтады. Өзі үнемі шылым шегеді, түрі де шаршаңқы.

Қарыз өндіру жөніндегі мобильдік топ құрамында ол күн сайын қарыз тұрғындардың пәтерін аралайды. Біз Оралдың орталығында орналасқан Хамит Чурин көшесі, 119-үй мекенжайындағы көп бөлмелі жатақхананың алдында сөйлесіп тұрмыз. Жатақхана тұрғындары жылуға 2 миллион 700 мың теңге қарыз. Контролердің міндеті – осы соманы жинап, кәсіпорын кассасына тезірек өткізу.

«Жайықжылуқуат» кәсіпорнының контролері Елена Шляпина мен сату бөлімінің басшысы Динара Сисалиева(солдан оңға қарай) жылу мен электр қуатына қарыздарды жинау рейдінде жүр. Орал, 19 шілде 2017 жыл.

- Негізгі қиындық – пәтер жалдаушылар көп. Үй қожайындарын табу қиын. Пәтер жалдаушылар олардың телефондарын бермейді. Жазда көбі саяжайға кетіп қалады. Борышкерлердің жартысынан көбі төлегісі келмегендіктен төлемейді. Таңғаларлығы, адамдар соттан қорқуды қойған. Мұны арсыздық деп санаймын, - дейді Елена Шляпина.

Еленаға менеджер, заңгер және сату бөлімінің басшысы қосылды. Төртеуі қарыз иелерінің бөлмелерін аралай бастады. Жатақхананың дәлізі қараңғы. Барлық жерде кішкентай балалар жүгіріп жүр. Сыз бен дәреттің исі шығады. Есігін қаққан алғашқы үш бөлмеде ешкім есік ашпады.

Одан кейінгі екі бөлмеде пәтер жалдаушылар тұрады. Олар фотокамерадан жүздерін жасырып, аты-жөндерін айтудан бас тартты. Пәтер иелерінің жоқ екенін, қарыз туралы білмейтіндерін мәлімдеді. «Жайықжылуқуат» заңгері Жасұлан Дәулетияров қожайындарға «қарызды төлемесе пәтер жалдаушылары бар бөлмелердің тізімі әкімдікке кететінін, пәтер иелері заңсыз пайда тауып, салық төлемегені үшін жауап беретінін» жеткізуді тапсырды.

Келесі есікті қақтық. «Жайықжылуқуат» кәсіпорнының сату бөлімінің басшысы Динара Сисалиева:

- Бұл адам екі бөлме үшін 150 мың қарыз. Екі жылдан бері бір тиын төлеген жоқ. Қашан келсең де мас, қақтығысуға дайын тұрады. Соттың қарызды өндіріп алу туралы шешімі бар. Бірақ сот орындаушылары да өндіре алмай жатыр, - дейді.

Есікті борышкердің әйелі ашты. Ол біраз үрейленіп тұр. Әйелдің айтуынша, күйеуі ішімдікке салынып, үйінен тағы кетіп қалған. Ол келер айдан бастап екі мыңнан төлеймін деп уәде берді. «Қалғанын күйеуім төлесін» деді. Контролерлер құр қол қайтты.

ЖАРТЫЛАЙ ТӨЛЕУ

Пәтерлердің біреуінде ғана жас пәтер жалдаушы қыз 5000 теңге қарызды дереу төледі. Менеджер Шолпан Шамақова сол жерде төлем жасалғаны туралы түбіртек берді.

Динараның айтуынша, бір күнде мобильдік топ (қала бойынша 15 топ бар) кассаға 60 мыңнан астам ақша жинаса, жақсы нәтиже саналады. Бір ауысымда 400 мың жинаған кездері де болған. Бірақ ол қаланың ауқатты адамдар тұратын аудандарында ғана болатын жағдай.

Хамит Чурин көшесіндегі жатақхана. Орал, 19 шілде 2017 жыл.

- Тұрмыстық техникасын алып кеткеннен пайда жоқ, көбіне ол ескі, сату мүмкін емес. Тұрғын үйді де ала алмаймыз: көбі оны банкке кепілдікке қойып тастаған, - дейді бөлім бастығы.

Мобильдік топтың есіндегі ең үлкен қарыз – 945 мың теңге. Құрылысшы ықшамауданында тұратын борышкер соңғы бес жылда ешкімге пәтерінің есігін ашқан емес.

ҚАРЫЗ ЕСЕБІНЕН ҚАРЫЗ

«Жайықжылуқуат» кәсіпорнының коммерциялық директоры Вячеслав Солодиловтың айтуынша, тұрғындар қарызын бермейінше жылу берушілер газ ақысын төлей алмайды.

- Облыстық билікпен бірлесіп газды тез қосуға бар күшімізді салып жатырмыз. Газ берушілердің өтінішімізге қаншалықты құлақ асатынын білмеймін. ТЭЦ сияқты стратегиялық нысанды газдан ажыратпау керек еді деп ойлаймын. Бұл өте сауатсыз әрі қате қадам. Елімізде ЭКСПО өтіп жатыр, ал халық ызалы, шағымы көп. Адамдардың көбінің кінәсі жоқ, - деді Солодилов.

Ондай көпшілікке Циолковский көшесіндегі 6-үйде тұратын Любовь Погодаева сияқты зейнеткерлер де кіреді.

- Коммуналдық қызметтердің ешқайсысына қарызым жоқ. Қазір күн ыстық, бірақ жуыну үшін плитаға су ысыту керек. Басқалардың қарызы үшін біз неге жапа шегуге тиіспіз? «Жоғарыдағылар» келісетін шығар деп үміттенеміз, - дейді зейнеткер.

«Жайықжылуқуат» қарыз тұрғындардың бір бөлігінің аты-жөнін ресми сайтында жариялады. Сайттың «Кері байланыс» айдарында ыстық судың өшкеніне наразы қала тұрғындарының ашулы пікірлері көп жарияланған. «ҚазТрансАймақ» компаниясы жағдайға түсініктеме бермеді.

Хамит Чурина көшесіндегі жатақханада жүрген бала. Орал, 19 шілде 2017 жыл.

Астанадағы бас кеңсенің баспасөз қызметі жазбаша ресми сауал жіберуді сұрады. Жергілікті филиалдың басшылығының қабылдау қызметі тілшінің телефонын жазып алды, байланысамыз деп уәде етті, бірақ хабарласпады. Ал тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі қоғам төрағасы Владимир Ефремов:

- Дүкеннен қарызға нан ала алмайсыз ғой, бұл да сондай жағдай. Кейбіреулер адам құқығы бұзылды деп шағымданады. Өзің ақша төлемесең, құқық бұзу туралы қалай айтасың? Тұрғындар ақшасын төлеуі керек, сонымен іс бітеді, - дейді.

«Жайықжылуқуат»дерегі бойынша, олар Оралда 67 мың абонентке қызмет көрсетеді.

ЖЕМҚОРЛЫҚ ҮШІН АЙЫПТАЛҒАН

«Жайықжылуқуат» акционерлік қоғамының жүз пайыздық акция пакеті жергілікті билікке – Батыс Қазақстан облысы әкімдігіне тиесілі. Монополист қаланы жылу және ыстық сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, электр қуатын өндіріп, сатады. Кейінгі бірнеше жылда кәсіпорын басшылығы жемқорлыққа қатысты дауға ілікті.

Осы жылдың ақпанында «Жайықжылуқуаттың» бұрынғы бас директоры Нұрлыбек Киреевті шамамен 350 миллион теңгені «жымқырғаны» үшін жеті жылға бас бостандығынан айырды.

Тергеу ақпараты бойынша, ол 2014 жылдың наурыз айының басында мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығы Бәкір Каримовпен (2016 жылдың қыркүйегінде ол да жеті жылға сотталып, дүние-мүлкі тәркіленді- ред.) бірлесіп, Hitachi газтурбиналы қондырғысына қосалқы бөлшектер сатып алу үшін 698 миллион теңгеге (2014 жылғы бағам бойынша 4 миллион АҚШ доллары) заңсыз конкурс өткізеді.

«Жайықжылуқуаттың» бұрынғы бас директоры Нұрлыбек Киреев пен адвокат Руслан Шағатаев сот залында отыр. Орал, 20 желтоқсан 2016 жыл.

Осы соманың жартысы конкурс жеңімпазы – Ресейдің Калужа облысындағы «Турбопромсервис» фирмасына аударылады. Қосалқы бөлшектер келгенде олардың «пайдалануда болғаны және сапа сертификатының болмағаны» анықталған. Сот Киреев пен Каримов калужалық фирманың басшысы Роман Плешаковпен бірге осы ақшаны жымқырды деп санайды.

2014 жылдың мамырында сот «Жайықжылуқуаттың» бұрынғы директоры Ринат Нұрышевті 10 жылға бас бостандығынан айырып, қатаң режимдегі колонияға жіберген. Оны үш бап бойынша – «Ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету», «Лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» және «Сеніп тапсырылған бөгде мүлікті иемдену немесе жұмсау» баптары бойынша соттады.

Тергеу дерегі бойынша, Нұрышев мемлекеттен 140 миллионнан астам теңге ұрлаған және «Жайықжылуқуат» кәсіпорнына 235 миллион теңгеден астам мүліктік шығын келтірген.

Нұрышев 2011 -2013 жылдар аралығында бюджет қаражатын «Арматрейд» жалған кәсіпорнының шотына аударған. Ақшаның бір бөлігі қолма-қол ақшаға айырбасталып, оны Нұрышев алып отырған. Айта кетерлігі, Ринат Нұрышев кәсіпорынның бас директоры болып тұрған кезінде жетінші округ бойынша қалалық мәслихаттың депутаты болған және экономика, бюджет пен қаржы жөніндегі тұрақты комиссияны басқарған.

«Қазіргі кезде «ҚазТрансГазАймақ»-пен ТЭЦ-кегаз қосу туралы келіссөздер жүргізіліп, қарызды өтеу кестесі құрылып жатыр» деп хабарлады Орал әкімдігінің баспасөз қызметі.