USA Today Қазақстан олимпиадада 24-орын алады деп болжайды

Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің Бейжің олимпиадасында алтын алған сәті. 17 тамыз 2008 жыл

Америкалық USA Today басылымы маусымның 11-і күні жариялаған болжамында «Қазақстан олимпиада ойындарында барлығы 12 жүлде иеленеді» деп жазады.
USA Today «Лондонда қазақ спортшылары 6 алтын, 2 күміс, 4 қола медаль алуы мүмкін» деп жазады. Америкалық басылымның редакциясы жүлде алуға үміткер қазақстандық спортшылардың есімін де жариялапты.

ИЛЬИНГЕ «БҰЙЫРМАЙТЫН» АЛТЫН

Басылым «Биылғы олимпиада ойындарында қазақ боксшысы Серік Сәпиев алтын алады. Ол финалда украиналық Тарас Шелестюкті жеңеді» деп есептейді. 2011 жылы бокстан Бакуде өткен әлем чемпионатының финалында Сәпиев осы украиналық боксшыдан жеңіліп, күміс медаль алған еді.

Бұған қоса, дзю-додан 100 келіде олимпиадаға қатысатын қарағандылық Максим Раков та алтын жүлде иеленуі мүмкін. USA Today «Раков финалда жапониялық Такамаси Анаиды жеңеді» деген тұжырым жасапты.

Газеттің пайымдауынша, грек-рим күресінен 66 келіде Лондонға лицензия алған қазақ балуаны Алмат Кебіспаев та биыл «чемпион болады». Алмат Кебіспаев – 2011 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, һәм Азия чемпионы. Алматылық балуан 2011 жылы Стамбулда өткен әлем біріншілігінің финалында ирандық Омит Орузиден жеңілген еді.

Зульфия Чишанло (сол жақта) мен Светлана Подобедова Лондон олимпиадасына дайындық кезінде үзіліске шықты. Алматы, 29 наурыз 2012 жыл


Америкалық басылым «қазақстандық ауыр атлеттер Мая Манеза (63 келі), Светлана Подобедова (75 келі) және жеңіл атлет Ольга Рыпакова Лондонда чемпион болады» деп жазады.

USA Today «қазақстандық ауыр атлеттер Зүлфия Чиншанло (53 келі) мен Бейжің олимпиадасының чемпионы Илья Ильин биылғы олимпиаданың күмісін иеленеді» дейді.

Америкалық басылым «Қазақстан спортшылары 6 алтын мен 2 күмістен бөлек 4 қола алады» деп болжайды. USA Today газетінің жазуынша, бокстан 48 келіде Ғани Жайлауов (2011 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері) және 81 келіде Әділбек Ниязымбетов (2011 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері) биыл қоланы қанағат тұтады. Ал әйелдер күресінен Жұлдыз Ишимова (48 келі) және грек-рим күресінен Нұрмахан Тінәлиев те қола жүлдегер атануы мүмкін.

«ЕҢ КӨП АЛТЫНДЫ АҚШ АЛАДЫ»

USA Today биылғы олимпиаданың ең көп алтынын АҚШ спортшылар иеленеді деп жазады: «Америкалықтар спортшылар 41 алтын алады. Екінші-үшінші орынды Қытай мен Ресей иеленеді. Қытайлықтар 34 алтын, ал ресейліктер 21 алтыннан үмітті».

Бақыт Сәрсекбаевтың Бейжің олимпиадасында жеңімпаз атанған сәті.


Басылымның болжауынша, Германия (20 алтын), Ұлыбритания (17), Франция (11), Австралия (10), Италия (10), Корея (10), Жапония (9) алғашқы ондыққа енеді.
USA Today мәліметіне сүйенсек, ТМД елдерінің ішінен Әзірбайжан (6 алтын) мен Украинаға (5 алтын) 18 медальдан тиюі мүмкін. Ал Беларусь 16 жүлде алады. Оның төртеуі – алтын болмақ. Өзбекстан 8 медальдан дәмелі. Бірақ биыл бұл елден тек 2 олимпиада чемпионы шығуы мүмкін. Ал Тәжікстан 2 қола жүлдеден үмітті.

USA Today басылымы дәл осындай болжамды Бейжің олимпиадасының алдында да жасаған еді. Сол кезде америкалықтар «Қазақстан спортшылары 2 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлде алады» деп мәлімдеген. Болжам бойынша, Бейжіңде боксшылар Серік Сәпиев пен Бақтияр Артаев чемпион болып, Бақыт Сәрсекбаев және жеңіл атлет Дмитрий Карпов күміс, ал балуандар Елена Шалыгина мен Ольга Жәнібекова, ауыр атлет Мария Гробавецкая қола алуы тиіс еді. Америкалық мамандар Шалыгина мен Гробавецкая қола алатынын және Қазақстанның 2 алтын жүлде иеленетінін дәл болжаған болып шыққан еді.