Қазақстанның достары кім?

Жетінші қысқы Азия ойындарына қатысқан спортшы Дмитрий Бармашов Қазақстанның туын ұстап тұр. Алматы, 3 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресейліктер өздеріне дос ниетті елдердің бірі деп Қазақстанды атайды. Азаттық тілшісі Алматы тұрғындарынан «Қазақстанның досы қай ел?» деп сұрап көрді.
Ресейлік Левада сараптама орталығы жергілікті тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп, халықтың өзге мемлекеттер жайлы пікірін сұрап білді.

Ресейдің 130 ауылы мен қаласында өткен сауалнамаға қатысқан 1 601 адамға «Ресейге пиғылы жау елдер қайсысы?», «Ресейдің одақтас, дос елдері қай ел?», «АҚШ-қа, Еуропа Одағына, Украинаға қалай қарайсыз?» деген бірнеше сауал қойылған.

Биылғы сауалнамада «Ресейге жау» мемлекеттің алғашқы бестігінде АҚШ, Грузия, Латвия, Литва, Эстония тұр. Айта кететін жайт, бұл рейтингтегі бірінші орынды соңғы төрт жыл бойы Грузия иеленген еді.

Ресейліктердің көбі өз елдеріне достықпен қарайтын мемлекеттердің алғашқы бесеуі ретінде Беларусь, Қазақстан, Қытай, Украина мен Германияны атаған.

Сараптама орталығының 2005 жылы жүргізген сауалнамасына жауап берген тұрғындардың 20 пайызы Қазақстанды "дос ел" деп бағаласа, биыл респонденттердің 31 пайызы осы пікірді айтқан. Ресейліктердің Қазақстанды дос мемлекет ретінде көп атаған жылы - 2007 жылғы сауалнама (37 пайыз).

Азаттық тілшісі Алматы тұрғындарына «Қазақстанның досы қай ел?» деген сауал қойып, пікірлерін білді. Ол сауалнаманы төмендегі видеодан көре аласыздар.

Ескерту: бұл сауалнама қандай да бір ғылыми зерттеуге негіз бола алмайды.

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстанға "дос-мемлекеттер"


Құрметті оқырман, сіздің ойыңызша қандай мемлекеттер Қазақстанға дос-жар көңілмен қарайды?