Жаңаөзенде митинг күні қамаудағылармен кездесуге рұқсат еткен

Алаңдағы азаматтық белсенділердің біреуі телефонмен сұқбат беріп тұр. Суретті түсірген Ғалым Ақелеуов. Жаңаөзен. 25 ақпан, 2012 жыл.

Сенбі күні Жаңаөзендегі алаңға келген оншақты адам журналистерге сұқбат берді. Олар өздерін қорқытып-үркіткендерін айтады. Ал кейбіреулеріне 16 желтоқсандағы оқиғадан соң қамалған туыстарымен кездесуге мұрсат беріпті.
«Қарсылық күніндегі» Жаңаөзенде өтетін жиын жергілікті уақытпен таңғы сағат 10-да басталуы тиіс болатын. Алдымен алаңға күйеуі Жаңаөзен оқиғасынан кейін қамауға алынған Дәлелхан Жарылқасынова мен сол азаматтың анасы Сандора Ақтаева ғана барған.

Сәлден кейін Жаңаөзеннің орталық алаңына жиналғандардың қарасы оншақты адам болған. Азаттық тілшісімен сөйлескен Далелхан Жарылқасынованың сөзінше, олардың барлығы туған-туыстары қамауда жатқан әйелдер екен.

Олар күйеулерімен кездесе алмай жүргендіктен жиын өткізетіндіктері жайлы бұдан бұрын да хабарлған болатын. Алайда ресми жіберген өтінішке жергілікті әкімшіліктің рұқсат бермегендігіне қарамастан жиналдық дейді әйел-аналар.

Дәлелхан Жарылқасынованың сөзінше, алаңда бұлардан басқа полиция да аз болмаған.

Жаңаөзен қалалық ішкі істер департаментінің бастығы Амангелді Досаханов қоғамдық комиссия мүшелерімен келіссөз жүргізіп отыр. 25 ақпан, 2012 жыл.


- Полицейлер көп, тура жолдың арғы шетінде, қарама-қарсы Досахановтің (Амангелді Досаханов – Жаңаөзен Ішкі істер департаментінің бастығы) өзі тұр, - деді Дәлелхан.

Оның сөзінше, әйелдер жиналғанымен олар ешқандай митинг немесе жиын өткізбеген. Тек келген журналистерге өз жағдайларын айтып сұқбат берген соң тарасқан.

Осы күндері Жаңаөзенде жүрген қоғамдық комиссияның мүшесі, тәуелсіз журналист Рамазан Есіргеповтың сөзінше, «құзырлы органдар шеруге шықпаын деп,көптеген әйелдерге күйеулерімен кездесуге рұқсат береміз деп уәде еткен».

«Уәдеге» сенбегендерді құзырлы орган қызметкерлері «ескертіп» кеткен көрінеді.
Дәлелханның сөзінше, Тамара Ерғазеваға бір күн бұрын прокуратура өкілдері келіп, "егер алаңға шығатын болса 15 тәулікке қамауға алынатындығы" жайлы ескерткен.

Түске дейін алаңда болған Дәлелхан да осы сынды «уәде» алып үйіне қайтып бара жатқандығын түстен кейін хабарласқан Азатттық тілшісіне айтты.

-Үйге кетіп барамын. Маған күйеуіммен кездесуге рұқсат берді. Ол осындағы уақытша тергеу изоляторында отыр,-деді телефон арқылы қысқа ғана.

Жаңаөзендік әйел-аналар орталық алаңда жиналып тұр. Суретті түсірген азаматтық белсенді Ғалым Ағелеуов. Жаңаөзен, 25 ақпан, 2012 жыл.


Рамазан Есіргеповтың сөзінше, осы күні алаңда туған-туыстары үшін алаңдаған әйелдерден өзге журналистер, прокуратура, полиция және жергілікті әкімдік қызметкерлері де болған.

Жаңаөзен оқиғасында жарақат алып, Ақтаудың тергеу абақтысында жатқан азаматтың әйелі Тамара Ерғазева бірер күн бұрын өзіне күйеуімен жолықтыруға уәде берілгендіктен, бұл күні Ақтауда жүргенін айтты.

Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларды зерттеп-тексеру бойынша құрылған қоғамдық комиссияның мүшесі Ғалым Ағелеуов «Қарсылық күні» Жаңаөзендегі алаңға шыққан оншақты тұрғын негізінен журналистерге сұқбат берді деп хабарлады Азаттыққа.

Азаттық тілшілері сөйлескен ер-азаматтар аты-жөндерін атағылары келмесе де,
ойларын ашық айтты.

Ол ер-азаматтар 16 желтоқсан күні Жаңаөзендегі алаңда болған оқиға туралы ресми биліктің айтып отырған болжамымен сәйкес келмейтін өз болжамдарын тағы қайталады. Олардың ойынша, 16 желтоқсандағы Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздіктерді жұмыстан шығып қалған мұнайшылар жасаған жоқ, ол биліктің өзінің немесе басқа біреулердің арандату әрекеттері.

Қамалған Естайдың анасы Иба Қарашаева. Суреттерді азматтық белсенді Ғалым Ағелеуов түсірген. Жаңаөзен, 25 ақпан, 2012 жыл.


-Алаңдағы әрекеттерді бастағандар үстілерінде жап-жаңа қара күртешелер киіп алған адамдар болатын. Ал ереуілде тұрған мұнайшылардың арнайы жұмыс киімдері ескі еді,- деп олардың бірі өзінің басты уәжін алға тартты.

Алаңда өз атын қорықпай айтқан адамның бірі жақында қамауға алынған мұнайшылар белсендісі, ЖСДП партиясының Жаңаөзен қалалық филиалының жетекшісі Естай Қарашаевтың анасы Иба Қарашаева болды.

Қарашаева баласы Естайдың ешқандай айыбы жоқ, ол заңды ереуілде тұрған мұнайшылардың құқын қорғады деп біледі.