«Сәтті қадам» білімді жасқа қолдау бола ма?

Диплом ұстаған адам. Көрнекі сурет.

«Тамыр-таныссыз министрлік пен ұлттық компанияларға жұмысқа тұру қиын» деп санайтындар билік партиясы жастар қанатының 300 үздік стажер таңдап алу бастамасына күдікпен қарайды.
21 жастағы Алматы тұрғыны Ғазиза Ықыласқызы министрлік пен ұлттық компанияларда жұмыс істеуді студент кезінен армандағанмен бірақ оған өзі сияқты қарапайым жастардың қолы жете бермейді деп есептейді.

- Қазір жұмыс іздеп жүрмін. Бірақ мемлекеттік органдарға түйіндеме жіберуге бір жағынан қорқам. Оның үстіне қалай тапсыруға болатынын да білмеймін. Екінші жағынан, танысың да болуы керек шығар. Себебі онда көбіне бұрыннан істеп келе жатқан адамдар істейді. Тамыр-таныстық дегендей, - дейді ол.

Жоғары оқу орнын геодезия және картография мамандығы бойынша биыл бітіріп, жұмыс іздеп жүрген Ғазиза сияқты жастар үшін ірі өндірістік және ұлттық ұйымдарға ашық байқау арқылы стажировкаға тұруға, тіпті жұмысқа орналасып кетуге сеп болатын жол табылуы мүмкін сияқты.

300 ҮЗДІК СТАЖЕР

Шілде айында «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты «жастарға үш ай бойы министрліктер мен ұлттық компанияларда тәжірибеден өтуге мүмкіндік беретін» «Сәтті қадам» жобасын бастағанын мәлімдеді.

Жобаға сәйкес, 300-ден астам жас екі-үш ай бойы елдегі алты министрлік пен ұлттық компанияларда тәжірибеден өтіп, «өз қабілетін дәлелдегендері сонда қызметте қалады».

«Сәтті қадамға» қатысу шарттары

«Сәтті қадам» байқауына қатысу шарттары:

  • Үлгерімі орташадан жоғары дипломды жас түлек
  • Қоғамдық шараларға белсенді қатысушы
  • Олимпиадаларға қатысушы

- Бірден айта кетейін, біз жастарды жұмысқа орналастырмаймыз. Бәрі де қатысушылардың өздеріне байланысты. Елдегі ұлттық компаниялар мен жетекші министрліктерге шамалы ашық болуы керек қой деп те ойладық. Сондықтан олармен жобаның болашақ қатысушыларын квоталық орындармен қамтамасыз ету жайлы әріптестік орнатып, меморандумға қол қойдық, - дейді "Жас Отан" жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықов Азаттыққа.

Байқаудың шарты бойынша жоғары оқу орнын биыл бітірген 300 жас алдын-ала іріктеуден өтеді. Алғашқы кезеңде тамыздың 15-іне дейін «Жас Отан» ұйымының вебсайты арқылы үміткерлерден өтініштер жиналады. Ең үздік өтініш иелерін «байқауға еш қатысы жоқ» «Нұр Отан», «Жас отан» және тәуелсіз қоғам қайраткерінен құралған комиссия іріктеп, олармен қыркүйектің 1-іне дейін олармен әңгімелесу арқылы таңдап алады.

«ШЕТ ТІЛІН БІЛЕТІН ЖАС МАМАН ҚАЖЕТ»

Kaznex Invest компаниясының жетекші маманы Артур Өтебаев Азаттық тілшісіне «Жас Отанмен» меморандумға шілденің 24-і күні қол қойылғанын айтты.

- Жалпы жас мамандар барлық ұлттық компанияларға қажет деп ойлаймын. Бізге әсіресе, шет тілін білетін мамандар өте керек. Өйткені компаниямыздың жұмысы көбіне шетелдік компаниялармен байланысу, олармен меморандум жасасуға

Зертханада жұмыс істеп отырған жастар. Көрнекі сурет.

қатысты. Компаниямыз негізгі екі бағыт: экспорт және инвестиция бойынша жұмыс жасайды, - дейді ол.

Ол компанияда 30 шақты жасты тәжірибеден өткізу мүмкіндігі барын да айта кетті.

Ал Азаттық тілшісі әңгімелескен жұмыс іздеп жүрген жастар әзірше бұл жаңа жоба жайлы естімеген болып шықты. Алматы тұрғыны 23 жастағы Әйгерім Назарова:

- Қалай болғанмен бағыңды сынап көрген артық етпейтін сияқты. Өзім қатысам деп отырмын, - деді.

Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін металлургия мамандығы бойынша бітіріп, жұмыс іздеп жүрген Алмаз Кенетаев жобаның шарттары қатаң деп санайды, сондықтан қатыспайды.

- Шарттарында «шет тілін меңгерген», «университетте белсенділік танытқан», «арнайы сертификаттары болуы керек» делініпті. Бұл жобаның шарттары қатаң екен. Кез-келген адам мұндай дәрежеге жете алмайды ғой. Іріктеуді осылай бастағаны бір жағынан дұрыс та шығар, - деді ол.

Жоба жайлы сұраған кезде «Министрлікте нем бар? «Нұр Отанның» мүшесі болғым келмейді» деп сұхбат бергісі келмеген жастар да болды. Ескертетін жайт, «Сәтті қадам» жобасына қатысу үшін «Нұр Отан» партиясының мүшесі болу шарт емес.

«ПЫСЫҚАЙЛАР ӨТЕТІН ШЫҒАР»

«Шаңырақ» қоғамдық ұйымының жетекшісі, жас белсенді Махамбет Әбжанның пікірінше, қазіргі кезде қазақстандық дипломы бар жастар үшін мемлекеттік қызмет пен ұлттық компанияларда ірі карьера жасау жолы жабылған.

- Өзім көптеген мемлекеттік қызметкерлермен араласамын. Білуімше, мемлекеттік органдарда жақсы карьера жасау үшін шетелде білім алу талабы ​қойылып жатыр. Ал қарапайым жастарда шетелде білім алу мүмкіндігі аз.

«Шаңырақ» қоғамдық ұйымының жетекшісі Махамбет Әбжан.

Қазақстандық дипломмен министрліктерде жұмыс істеуге болады. Бірақ ең көпдегенде жетекші маман, бас маман, бас сарапшы деңгейінен аса алмайсың, - дейді ол.

Жобадағы іріктеу кезеңінен қарапайым жастардың өте алатынына күмән келтірушілер де бар. Ондай сыншылар «Сәтті қадам» мемлекеттік органдарға «жаңа леп» әкеле алмайды деп қауіптенеді.

Бақтияр Талас есімді 27 жастағы Алматы тұрғыны:

- Университет қабырғасында «Жас Отан» қанатында жұмыс істеп билікке ерте араласқысы келген карьера қуған пысықай жастар үшін бұл таптырмас мүмкіндік шығар. Жалпы мұндай мүмкіндік жастардың аз бөлігіне ғана берілген ғой. Іріктеу кезінде өз көзқарасын ашық айтатын, жаңашыл реформаларды қолдайтын жастар өтпейді. Билікке барынша лоялды көзқарасты ұстанатын жастар ғана іріктеуден өтетін шығар, - дейді ол.

Ал Махамбет Әбжан «Сәтті қадамның» жақсы нәтижеге сеп болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

- Егер сол 300 стажердің 30-ы ары қарай жұмысқа орналаса алса, оны да жақсы нәтиже деп санауға болады, - дейді ол.