Арбатқа шыққан студент Жовтис ісіне президент Назарбаевтың баға беруін сұрады

Азаматтық қозғалыс белсендісі Ольга Оразбекова "Бүгін -Жовтис, ертең -сен!" ұранын көтеріп тұр. Алматы, 30 қыркүйек, 2099 жыл.

Қыркүйектің 30-ы күні Алматының Арбат алаңында «Республика» газетінің тілшісі Жанна Байтелова өткізген наразылық акциясына азаматтық қозғалыс белсендісі Ольга Оразбекова мен студент Ринат Қибраев қосылды. Ал құқық органы өкілдері олардың акцияны аяқтауларына мүмкіндік берген жоқ.
Сәрсенбі сайын өтіп жатқан Евгений Жовтисті қолдау акциясы бұл жолы құқық қорғау орган қызметкерлерінің әрекетінен басталды. Акцияны өткізуші «Республика» газетінің тілшісі Жанна Байтелова мен Алматы қаласының тұрғыны Ольга Оразбекова құқыққорғаушы Евгений Жовтиске шығарылған үкімге қатысты өздерінің пікірлерін көпке бағыттап айта бастап еді, көптен бері Арбатты торуылдап жүрген құқық қорғау қызметкерлері оларды бірден қоршап алып, акцияны тоқтатуға тырысты.

Прокурор Кенжалы Үсіпбаев пен Алмалы аудандық әкімшілігінің қызметкері Айнұр Ахметжанова акцияны өткізушілерге келіп, шараның
"Бүгін - Жовтис, ертең - сен!" акциясын өткізушілерді полиция қоршап алды. Алматы, 30 қыркүйек 2009 жыл.
заңсыз екенін ескертті.

Айнұр Ахметжанова: «Мұндай шараны өткізу үшін жергілікті әкімшіліктің арнайы рұқсаты керек. Бұл шара рұқсатсыз өткізіліп отыр»

Ал Жанна Байтелова мен Ольга Оразбекова болса, мемлекеттің Конституциясында азаматтардың пікір ашықтығына жол барын, олардың өздерінің заң бұзып отырғанын жеткізді.

Жанна Байтелова: «Біріншіден, ҚР-сының Конституциясы азаматтардың өз пікірін ашық айтуға кепілдік береді. Екіншіден, сіздер өздеріңіз «Азаматтық және саяси құқықтар туралы» халықаралық пактіге қайшы келіп отырсыздар»,- деп ойын жеткізді.

Мұнан соң құқық қызметкерлері акция өткізушілерден жеке куәлік талап етіп, әкімшілік құқық бұзу бойынша хаттама толтыра бастады. Олар акцияның өтуіне кедергі жасаса да, наразылық білдірушілер жазуы бар плакатты көтеріп, шараны жалғастыра берді.

"Бүгін - Жовтис, ертең - сен!" акциясын өткізушілердің бірі Жанна Байтеловадан полиция көлігіне отыруды талап етті. Алматы, 30 қыркүйек 2009 жыл.
Жанна Байтелова: «Біз Евгений Жовтиске шығарылған әділетсіз сот үкіміне наразылық білдіру үшін осы жерге келіп отырмыз. Біз қарапайым азаматтармыз. Бұл біздің азаматтық борышымыз. Біз сондай ақ, кезінде Евгений Жовтис қорғаған азаматтарға да үн қатқымыз келеді. Өкінішке қарай, ол қорғаған азаматтардың барлығы үнсіз. Бұлайша үндемей қалуға болмайды. Бүгін Жовтисті қамауға отырғызса, ертең сіздерді қамайды. Осы туралы да ойланыңыздар»,- деді.

Ольга Оразбекова: «Біздің елде билікпен тек заң тілінде ғана сөйлесетін ең сауатты азаматтарды қамауда. Бұл азаматтар қоқан-лоққыға ұшырап, қудалануда. Бұл қалыпты жағдай емес. Егер бүгін Жовтис темір торға тоғытылса, ертеңгі күні әрқайсымыздың онда болмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды, тіпті елде билікке батыл тіл қататын адамдар қалмай қалуы мүмкін. Онда қарапайым халықты кім қорғайды?!»,- деген ойын қосты.

Бұл уақытта наразылық акциясына заң факультетінің студенті Ринат Қибраев қосылған еді. Ол өзінің пікірін былайша жеткізді.
Ринат Қибраев: «Менің ойымша, елдегі үш билік тармағының арбитрі ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Жовтиске шығарылған әділетсіз үкім мен республикадағы сот жүйесінің әділетсіздігіне қатысты жеке пікірін білдіруі керек»

Акция барысында олар «Жовтиске бостандық берілсін!» деп ұран көтеріп тұрды. Акцияның басталғанына шамамен жарты сағат өткенде құқық қорғау қызметкерлері оларды көлікке салып, Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына алып кетті. Журналист Жанна Байтелованың айтуынша, мұнда оларды үш сағаттан астам уақыт ұстаған.

Сол күні-ақ аталмыш азаматтардың үстінен Әкімшілік кодекстің 373-ші бабының 1-ші бөлімі бойынша іс қозғалып, ертеңге қалдырмай-ақ Алматы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында сот процесі болып, журналист Жанна Байтеловаға 5 орташа айлық есептік көрсеткіш (1 орташа айлық көрсеткіш 1273 теңгеге тең) көлемінде айыппұл салынса, Ольга Оразбековаға 10 орташа айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеу туралы сот шешімі шыққан. Ал студент Ринат Исаевқа тек ескерту берумен шектелген.