Кентау: моноқала қалай тіршілік етіп жатыр?

Қаладағы орталық алаң. Кентау қаласы, 22 тамыз 2018 жыл

Бір кездері Кентау өндірісі дамыған, жұмыс орындары көп, құрылыс жұмыстары жанданған жайлы қала еді. Азаттық тілшісі Кентауға барып, бұрынғы өнеркәсіп қаласының қазіргі тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтты. Облыс орталығы мәртебесін алған Түркістанмен көрші болудың ықпалын да білуге тырысты.

ТҰРҒЫН ҮЙ НАРЫҒЫ

Кентауға келгендегі алғашқы әсер – жасыл желекке бөленген, жайлы, тыныш қала. Қалада бұрынғы советтік жақсы тұрмыстың ізі бар, бірақ мұқият қарағанда одан ештеңе қалмағанын көресіз. Әйткенмен қала тірлігін жалғастырып, дамып жатыр.

Кентау қаласындағы ескі үй. 22 тамыз 2018 жыл

​Ресми дерек бойынша, қазір Кентауда жеті қабатты үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Алайда кейбір советтік кезеңдегі көп қабатты үйлер жартылай бос қалған - үңірейген терезе ойықтары қала пейзажын құртып тұр. Қала тұрғындарының айтуынша, бос қалған пәтерлердің де қожайыны бар, олар жылжымайтын мүлкінен құтылуға асықпайды - үйімді сататын кез туар деп үміттенеді.​

Кентау қаласындағы көпқабатты ескі үйдің терезелері

Облыс орталығының Шымкенттен Түркістанға ауысқаны олардың үмітіне аз болса да демеу: кентаулық жылжымайтын мүлік нарығы бұл жаңалыққа бірінші болып "елең етті" – тұрғын үй бағасы өсті. Енді Кентауда бір бөлмелі пәтер сатып алу (әлбетте, бағасы аудан мен квадратураға байланысты) үш миллион теңгені құрайды, ал үш бөлмелі пәтер cегіз миллионға дейін жетті.

Ескі жатақхана. Кентау, 22 тамыз 2018 жыл

– Мына жатақханада үш бөлмелі пәтері болған көршім жақында оны сегіз миллионға сатқанын айтты, - дейді Замир есімді Кентау тұрғыны (сөйлесуге келісті, фотоға түсуден бас тартты). – Қала ұлғайып келеді, ауылдан келетіндер көп, көбі базарда жұмыс істейді.

ӨНЕРКӘСІП АЛЫПТАРЫНАН ЖҰРНАҚ ҚАНА ҚАЛДЫ

Кентау қаласындағы трансформатор зауытының жұмысшылары

Кентаудағы бір кездері дамыған өнеркәсіптен трансформатор зауыты мен резеңке техникалық бұйымдар жасайтын цех қана қалған. Бұл цех баяғыда «Ачполиметалл» қуатты кәсіпорнының құрамына кірген.

– Цех кереметтің күшімен әзер қалды - 90-жылдары оны жекешелендіріп алған, қазір «Эласта-Полмиет» деп аталады. Кәсіпорын иелері – ресейліктер, ал цехтың өзі бұрынғыдай байытушы фабрикаларға керекті заттарды шығарады, Қазақстан ғана емес, Ресей нарығына да шығады. Кәсіпорын шағын, бірақ жақсы жұмыс істеп тұр, экспортқа өнімдер шығарады, - дейді «Кентау» газетінің орыс тілді нұсқасының бас редакторы Владимир Хаев.

Қалалық «Кентау» газеті екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде шығады. Жалпы тиражы екі мың дананы құрайды. Биыл оған 85 жыл толады, газет Кентаудың өзінен 23 жылға үлкен (қала 1955 жылы Мірғалымсай жұмысшылар ауылы негізінде пайда болған).

Кентауда туып-өскен Владимир Хаев табысты өнеркәсіп қаласының 90-жылдары бүкіл елмен бірге құлдырағанына куә болған. Қалада құрылыстың қарқынды жүрген кездері есінде. Ол кезде жұмыс орындары да жеткілікті болған. Шағын авиация қызмет көрсетті. Соның арқасында 1970 жылы Кентауда Владимир Высоцкий екі рет өнер көрсетіп, «Қалаларыңыз тамаша!» деген жазба қалдырған.

Политехникалық колледж алдында тұрған нұсқаулық. Кентау, 22 тамыз 2018 жыл

Екінші аман қалған кәсіпорын – трансформатор зауыты «Алагеум-групп» холдингінің құрамына кіреді. Бұл холдингке бірнеше қазақстандық кәсіпорын қарайды, оның ішінде Оралдағы трансформатор зауыты да бар.

Владимир Хаевтің айтуынша, «Алагеум-групп» қолдауымен Кентауда политехникалық колледж ашылған. Ол жерде холдинг кәсіпорнына қажетті мамандар даярлайды.

Газ баллонын көтеріп бара жатқан әйелдер. Кентау, 22 тамыз 2018 жыл

Жақында Кентауға табиғи газ келуі керек. Түркістан облысы әкімдігінің ақпараты бойынша, газдандыру үшін бюджеттен 3 миллиард 842 миллион теңге бөлінген. Әзірге, адамдар газ баллонды қолданып отыр. Олардың айтуынша, бәрі ескірген, жарылыс қаупі жоғары.

Кентау ЖЭО (жылу электр орталығы) көмегімен жылытылады. Тоқсаныншы жылдары жылу орталығы бұзылып, қала тоңып қалмауы үшін шағын қазандық салу жобасы іске қосылды. Бірақ жоба жүзеге аспады, содан соң орталықтан жылыту жүйесіне қайта оралды.

1934 жылы салынған Кентау ЖЭО-да бұған дейін ірі апат болмаған. Тұрғындар: «Суық түскенде, әрине, қиын, бірақ біз одан аман өтеміз» дейді.

«КӨБІ ШЫМКЕНТ НЕМЕСЕ АЛМАТЫҒА КЕТЕДІ»

Қалада мені ескі Опельмен таксист болып, күн көріп жүрген егде жастағы Қасым аға алып жүрді. Қасым аға Түркістанда туған. Кентауға 1982 жылы әскери борышын өтеген соң келген. Милицияда 25 жыл жұмыс істеп, майор шенімен зейнетке шыққан. Бұрынғы милиционер Кентаудың өзіне ұнайтынын, басқа ешқайда көшуді жоспарламайтынын айтады.

Көлігінің жанында тұрған таксист Қасым аға. Кентау, 22 тамыз 2018 жыл

- Маған жақсы - зейнетақы аламын. Ал жастарға жұмыс жоқ, сондықтан бірі комбинатта істейді, бірі базарда сауда жасайды, көбі Шымкент немесе Алматыға кетеді, - дейді таксист. – Қылмыс деген жетеді, бірақ советтік кезбен салыстырғанда жағдай жақсарды. Мен 80-жылдары қызмет етіп бастадым ғой, ол кезде ыдырау басталған еді.

Қасым ағаның екі ұлы бар. Біреуі Алматыда тұрады, екіншісі 12 жыл бұрын Швецияға көшіп кеткен. Онда ол кафель төсеуші-құрылысшы болып істейді. Зейнеткердің айтуынша, Еуропаға жұмыс күші керек.

Кентау көшелерінің бірінде тұрған ескі көлік. 22 тамыз 2018 жыл

Қалада келе жатырмыз, советтік машиналар саны өте көп: мұндай «Москвичтер» мен «Жигулилерді» басқа қалалардан кездестіру мүмкін емес.

Көшеде велосипед теуіп жүрген балалар. Кентау, 22 тамыз 2018 жыл

Тағы бір танымал көлік түрі – велосипед. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қала шағын болғандықтан және ешкім ешқайда асықпағандықтан кейбірі велосипедпен жүреді.

Кеншілер саябағының кіре берісі. Кентау, 22 тамыз 2018 жыл

Қалада советтік орталық ғимараттар көп қалған. Олардан орақ пен балға белгісін, "болашаққа сеніммен қарап тұрған" кеншілердің суретін көресіз. Кентауда ескі әрі қолайлы кеншілер саябағы сақталған. Кіреберісте жұмысшылардың мүсіндері бар. Саябақтағы жолдың плиткаларын ауыстырып жатқандықтан ол жерде серуендей алмадық.

Кентау маңында жайылып тұрған сиыр. 22 тамыз 2018 жыл

Жер үйде тұратындар мал ұстайды (Кентау тұрғындары «өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың» көптігін мойындайды), сондықтан қала шеті ғана емес, орталығында да жайылып жүрген сиыр мен қойды көруге болады.

Кентау қаласының ортасында велосипед айдап жүрген ер адам. 22 тамыз 2018 жыл

Кентау қаласы үлкейіп келеді: 2018 жылдың шілде айында қалаға 12 ауылдық округ қосылған.

– СССР тарағанша Кентау тұрғындары 70 мың адам болатын. Қазір ауылдарды қосқан соң, 95 мыңға өсті, - дейді Владимир Хаев. – Бірақ оның бәрі шартты түрде - кейбір ауылдардың қай жерде екенін жергілікті тұрғындардың өздері де білмейді.

Жастарға көмек көрсету орталығы. Кентау, 22 тамыз 2018 жыл

Бір кездері Кентау көпұлтты қала еді. Мұнда қазақтармен бірге гректер, еврейлер мен орыстар тұратын. 90-жылдары барлығы дерлік тарихи отандарына кетті.

– Грекияда қазір кентаулықтар бар, Израильде Бат-Ям қаласында (биыл сонда болдым) үлкен кентаулық диаспора бар, - дейді Владимир Хаев. – Біз өзіміз туралы «Кентау ұлтының келбеті» дейміз. Қаламызды «Кентукки» деп атайды, бала кезден солай естіп келемін. Шымкент Техас болса, біз Кентуккиміз.

СУРЕТ-КӨРМЕ: Елес қала (Орыс тілінде)

Кентау. Город, похожий на призрак

Кентау 2020 жылға дейін моноқалаларды дамыту мемлекеттік бағдарламасына кірді. Құжат бойынша, Қазақстанда 27 моноқала бар. Кентау мемлекеттік бағдарламасында «қала түзуші кәсіпорындар жұмыс істемейтін», «жан басына шаққандағы орташа ақшалай табыс орташа облыс деңгейінің 80-85 пайызын құрайтын» қала ретінде көрсетілген.