Суқойма маңын жайылым қылған малшылардың бір күні

Көксарай су қоймасының табанында мал жайып жатқан тұрғындар қосыны.

Әдетте шөбі бітік шығатын оңтүстік жұртын биылғы қуаңшылық тентіретіп жіберді. Түркістан облысының шаруалары малды аман алып қалу үшін өркениет атаулыдан мақұрым айдала – су қоймасының маңында тағының күйін кешіп жатыр. Азаттық тілшісі Отырар ауданындағы Көксарай су қоймасының табанына мал жайып жүрген шаруалардың тіршілігімен танысып қайтты.

Малшылар ауылы – Әлімтаудан шыққан көлік тас жолдан бұрылып, дөңгелек ізі көп түспеген, ой-шұқырлы соқпақпен елсіз далаға бастайды. Мұнда такси келмейді, бұл жерде тіршілік барын ешкім білмейді. Тіпті электр бағаны да, ешқандай құрылыс та жоқ. Арагідік киіз үй мен вагон кездеседі. Мал жаюға ыңғайлы ат пен есек көрінеді, арасында ой-шұқырлы жерде жүре алатын ескі көлік те тұр. Кейбіреулер темір сымды өріп, қора жасаған.

Анадай жерден "Жағалаудағы су қорғау белдеуі" деген ескерту тақтайшаны, тұғыры биік етіп тұрғызылған бақылау мұнараларын байқайсың.

Көксарай су қоймасына апаратын жол. Бұл қоршаудан әрі қарай өтуге болмайды, бірақ шаруалар осы шекараның ар жағына өтіп мал жаяды.

Әлімтау ауылының елулердегі тұрғыны Бақыт Салыбековтің Көксарай су қоймасының маңында қой жайып жүргеніне екі айдай болды. Ол да 4 мыңдай қойға осындай төрт қора жасаған. Тіршілігінің көзі – малын аман алып қаламын деген үмітпен ол сияқты құла түзде айлап, апталап жатқан біраз адам бар.

- Әлімтауда қуаңшылық, жер тақыр. Мұнда жайылым бар. Бірақ мал жерсінбей ауырып жатыр. Біразының аузы ойылып, тамағына жара шықты. Қазір май жағып, дәрі бердік, - дейді қолын жуып жатқан Бақыт Салыбеков.

Ол ес білгелі қой бағады. Әкесі де шопан болған. Отбасының бар табысы, күнкөріс көзі – қой. Сондықтан малын аман алып қалу үшін отбасын ауылға тастап, жайылым жер іздеп жалғыз өзі келген. Осыған дейін бұлайша ұзақ иен далаға кеткен кезім жоқ дейді ол.

Өңірде жауын аз жауып, жазда шыққан шөптің өзі қурап кетті, жем-шөп екі есе қымбаттады. Күз түскенде қолдан шөп беруге шамасы жоқ шаруалар жайылым іздеді. Шаруалар жүз километр жерге мыңдаған қойын үш күн бойы айдап келіп, осы Көксарай су қоймасының маңында амалдап жатыр.

Көксарай су қоймасы аймағына қой жайып жүрген малшы. Түркістан облысы, 30 қазан 2021 жыл

Көксарай – оңтүстіктегі Шардара су электр станциясының қуатын арттырып, Сырдария сағасындағы елдімекендерге су жайылу қаупін азайту үшін осыдан он жыл бұрын салынған су қоймасы. Бақыт Салыбеков екі туысымен бірге паналап жатқан жер сол жасанды көлдің қазіргі қалған бөлігінен 30 километрдей жерде жатыр.

"ЕҢСЕМІЗ ТҮСІП КЕТТІ..."

Осы күні мал жайылып жүрген бұл жер қыста еріген қар суымен көлге айналады. Көктем шыға су тартылып, жазда ол жерді шөп басады. Биыл қуаңшылық қысқан Сарыағаш және Келес аудандарында Көксарайдың орнынан басқа жайылым жер қалмады десе болады.

Мұндағы өркениеттің жалғыз белгісі – күн батареясымен жұмыс істейтін лампа. Оның өзі екі сағатқа ғана жетеді. Суды водовозбен әкеледі. Ұялы байланыс жоқ. Ауылмен сөйлесу үшін вагонның үстіне не жақын маңдағы қырға шығады. Интернеттің жоқтығы айтпаса да түсінікті. Жұрт тамақты баллон газбен, ол бітсе қурай, тезек жағып пісіреді. Көбіне нан мен майды талғажау етеді.

Қосынның сыртында ток беретін күн батареясы тұр. Соның арқасында екі-үш сағат жарық болады.

- Мұнда келгенімізге екі айға жуықтады. Кезекпен ауылға барып келеміз. Әйтпесе, жуынатын жер де жоқ. Күн болса суытты. Амалсыз, басқа шарамыз болмаған соң шыдап отырмыз. Малға шөп іздейміз деп осылай қаңғып кеттік, - дейді Бақыт Салыбеков көңілсіз үнмен.

Әлімтаудан келген үш-төрт адам бір вагонда тұрады. Шамамен 20 шаршы метрлік төрт дөңгелекті вагонды олар айына 40 мың теңгеге жалдаған. Ық демесең, іші суық. Вагонның ортасына бағана, жылыту үшін пеш қойылған. Жылуды ұстау үшін терезе – целлофанмен, есік - жамылғымен жабылған.

Қуаңшылық салдарынан малын Көксарай су қоймасы аймағына айдап келген шаруа Бақыт Салыбеков. Түркістан облысы, 30 қазан, 2021 жыл.

- Жұттың басы осы шығар. Әйтпесе, ауылда өз қорамызда мал ұстап, бала-шағамен арқа-жарқа болып отырғанға не жетсін! Қазіргі күйімізді қарасаңызшы! Әбіржіп, еңсеміз түсіп кетті, - дейді күрсінген Бақыт.

ҚЫСТА НЕ БОЛАРЫ БЕЛГІСІЗ...

Оның айтуынша, Көксарайға жеткенше жолда бірнеше қой өлген. Енді, міне, жерсінбеген жүздеген қой тағы ауырып жатыр. Бақыт сияқты шаруалардың көбі соның өзіне "шүкір" дейді. Бұл жер болмағанда мал түгел қырылып қалар ма еді?

Шаруалар мұнда ауыз суды водовозбен алып келеді.

- Анау қорада екі ауру қой тұр. Мұнда шөп бар, бірақ су қоймасы болған жер ғой. Әлімтаудағы даладан келген малдың кейбірі жерсінбей, жайылып жүріп өлді. Қора басында өлгенін көлікке салып, алыстау жерге апарып тастаймыз, - дейді шаруа.

Осы кезде ауылдан інісінің орнына қой кезекке әлімтаулық Жанболат Сейіткәрімов келді. Суаттан келген інісі бір отар қойдың ішінен бірнешеуін бөліп алды. "Ауылға барған сайын 3-4 қойды көлікке артып, сатамыз" дейді Жанболат.

Қосында отырған малшы.

Оның айтуынша, Көксарайға келгенде алты жүз қойы болған. Қазір жолда және жерсінбей өлгені, суатта суға батқаны, ауылға апарып сатқанынан бөлек, бас-аяғы бес жүздей қойы қалыпты. Ол ашқұрсақ малды қыстан алып шыға алмаймыз деп, қазірден арзанға сатып жатыр.

- Қар түскенде қойды елге айдап кетеміз. Бірақ жем-шөпті қайтеміз деп шетінен сатып жатырмыз, - дейді Жанболат Сейіткәрімов.

Малшылардың қазіргі бар жоспары – Көксарайда тағы бір жарым айдай тұрып, малды көп шығынсыз аман алып қалу.

Бұл жерде сырт әлеммен байланыстыратын жалғыз ақпарат көзі - радиоқабылдағыш. Шаруалар қосында радиодан жаңалық тыңдап, тамақ ішіп отыр.

Ар жағында қыс болады, Көксарай қайта суға толады.

Ол кезде не болары белгісіз... Бұл жерден басқа жайылым жоқ. Сатып алар шөп те жоқ. Барының өзі қымбат, оны алуға қаражат керек.

"МЕМЛЕКЕТТЕН КӨМЕК БЕРІЛМЕЙДІ"

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Ербұлан Жәнібековтің айтуынша, облыста қуаңшылықтан қысылған 736 шаруаның ұлттық парк, орман қоры мен суы тартылған Көксарай су қоймасы сияқты 842 мың гектар жерден әуелі шөп орып, сосын мал жаюына рұқсат берілген. Бірақ шенеунік малшылардың қазіргі жай-күйінен бейхабар. Ол облыстағы шаруалар шөппен толық қамтылған деп сендіреді. Ал жемнің жайы белгісіз.

- Қуаңшылыққа байланысты мемлекеттен қандай да бір көмек берілмейді. Мал шаруашылығына байланысты көмек ретінде субсидия қарастырылған. Мысалы облыста ірілі-ұсақты малға 9 миллиард теңге көлемінде субсидия беріледі. Оның ішінде 733 мыңға жуық қойдың әрбіріне жылына 2500-4000 теңге аралығында субсидия қарастырылған, - дейді Жәнібеков.

Your browser doesn’t support HTML5

Жұт. Маңғыстаудағы қуаңшылық

Субсидия беру үшін мемлекет шаруаға біраз талап қояды. Құжат жинау өз алдына, мал басы бойынша есеп беріп, ресми тіркеп отыруы керек. Малды екі жылға дейін союға не сатуға болмайды. Субсидия алғандар сол кірістен салық төлейді. Жәнібековтің айтуынша, осы және басқа себеппен үкіметтен қайтарымсыз ақша алуға тырыспайтындар көп.

Субсидия алу, алмау – шаруаның өз еркі. Бірақ олар малына тегін екпе салдырып, қорасын залалсыздандыруға міндетті. 17 мал ауруына дәрі және екпе егу тегін.

Десе де Бақыт Салыбеков мемлекеттен субсидияны да, қойын емдеуге тегін дәрі-дәрмекті де алмаған. Оның айтуынша, мемлекет беретін дәрі қауіпті аурудың алдын алуға арналмаған. "Жылда қойдың ішек құрты көбейіп, өліп кетпеуі үшін дәрі егеміз. 100 малға жететін дәрі 4500 теңге тұрады. Ең болмағанда сол дәрісін тегін беруге болады ғой. Ағам субсидия алуға құжат тапсырған. Әлі жоқ" дейді ол.

Қысқа қарай бұл жерді су басады.

Шаруаның ашуланатын жөні бар. Жәнібековтің айтуынша, субсидия бюджеттен түскен ақшаға байланысты кезекте тұрғандарға жыл бойы үлестіріледі. Мысалы, қараша айында субсидия үшін облысқа 100 миллион теңге бөлінген. Бұл ақша құжат өткізген шаруаларға кезегі бойынша таратылады. Ақша жетпегендері келесі айларды күтеді.

Ал күн сайын шөп іздеген шаруалар қашан берілетіні белгісіз субсидияны күтіп отыра алмайды. Көксарайдағы малшылардың ауылға қайтар күні де жақындап келеді. Олар көктем шығып, жер көгергенге дейін қалай күнелтерін білмейді.

Биыл Қазақстанның көп өңірінде жауын жаумай, құрғақшылық қысып, жұрт талай малынан айрылды. Қызылордада төтенше жағдай жарияланып, Маңғыстау шаруалары мұны жұт деп атаған. Қуаңшылықпен күресу үшін Маңғыстау мен Қызылорда облысына үкіметтен қаражат бөлінген, ал Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланбағандықтан, қаражат қарастырылмаған.

Көксарай су қоймасы аймағында суға келген қой.