Ыстықкөлде ресейлік торпедаларды сынаудың зияны жоқ па?

Ыстықкөлге шомылған бала. (Көрнекі сурет)

Ресейдің жаңа торпедасын Ыстықкөлде сынақтан өткізуі Қырғызстан билігі үшін күтпеген жаңалық болған.

Өткен аптада ресейлік ақпарат құралдары Ыстықкөлдің шығыс жағындағы Ресей әскери-теңіз флотына қарасты жаттығу полигонында атом сүңгуір кемесіне арналған «Футляр» торпедасы сынағы өтіп жатқанын хабарлаған.

Сынақ жайлы Қырғызстан бас штабына алдын ала ескертілмеген. Қырғызстан әскери қолбасшылығы ресейлік әріптестеріне осы мәселеге қатысты сауал жолдады. Ал Ресей елшілігі комментарий беруден бас тартып отыр.

РЕСЕЙДІҢ ЖАҢА ҚАРУЫ

Ресей ақпарат құралдарының дерегінше, 2016 жылдың аяғы мен 2017 жылдың басында Ресей әскери-теңіз флоты атом сүңгуір кемесіне арналған «Футляр» аталатын жаңа торпедамен қаруланбақ .

Жаңа торпеда сынағы Ыстықкөлдің шығыс бетіндегі жаттығу полигонында өтіп жатыр. Бірақ Қырғызстан қарулы күштерінің бас штабы бұл жаңалықты естігенде таң-тамаша болды.

Қырғызстан бас штабының баспасөз хатшысы Мейрамбек Мусиев «Ыстықкөлдегі Ресей базасы мемлекетаралық келісім бойынша жұмыс істейді әрі Мәскеу кез келген сынақ жайлы бізге күні бұрын ескертуі тиіс. Ресейліктер біздің тарапымыздан рұқсат алғаннан кейін ғана сынақ жүргізе алады. Бірақ біз бұл жолы ешқандай ақпарат алған жоқпыз. Сондықтан Ресейге ресми хат жолдадық. Ақпаратты әлгі хатқа жауап алған соң береміз» деп хабарлады.

Оның айтуынша, әлгі хатта торпеда сынағына қатысты тараған ақпаратты растауды әрі Қырғызстаннан рұқсат сұрау қажеттігі жайлы ескертілген.

ҚЫРҒЫЗСТАН ЖАУһАРЫ ПОЛИГОНҒА АЙНАЛДЫ

Ресей әскери-теңіз флотының полигоны Қарақолға таяу орналасқан. Ресми дерек бойынша, бұл нысанда торпеда сынағы талайдан бері өтпеген.

Қырғызстандағы Ресей елшілігінің әскери атташесі сынаққа қатысты комментарий беруден бас тартты. Атташенің көмекшісі Вячеслав Косов жаттығу сынақтары жайлы деректі не терістеп, не растамады.

Қоғам қайраткері Азамат Акелеев Ыстыкөлде өтіп жатқан сынақтар жайлы жаңалыққа алаңдаушылық білдірді.

- Жаухар көліміздің ең басты байлығы – оның сұлулығы мен тазалығы. Бірақ көлдегі әскери жаттығулардың Ыстықкөлдің туристік потенциалына кесірі тиеді, көлдің экологиясына әсер етуі мүмкін. Сондықтан Ыстықкөлде сынақтар мен жаттығулар өткізуді тоқтатуымыз керек, - дейді ол.

СЫНАҚТАР ҚАУІПСІЗ БЕ?

Экологтардың есебінше, көлдің жәндіктер дүниесіне Ыстықкөлдегі торпеда сынақтарының зияны тиюі мүмкін. Торпедаларды сынақтан өткізетін полигон Ыстықкөлде совет заманынан бері жұмыс істейді, бірақ сынақтардың бәрі құпия өткізілгендіктен, олардан қанша зиян келгені әлі күнге дейін белгісіз.

Ыстықкөлде сынақтан өткен "Шквал" торпедасы (Көрнекі сурет)

Көлдің суы барынша терең әрі тұздылығы жағынан теңіз суына жақын болғандықтан, Ыстықкөл сынақ өткізуге қолайлы деп саналады. Сондықтан полигон Қырғызстанның қазынасы саналатын Ыстықкөлде салынған.

Бірақ Ыстықкөлдің бұрынғы губернаторы Эмилбек Қаптағаев Ресей өткізіп жатқан сынақтардың мүлде зияны жоқ екенін айтады.

- Ыстықкөлде торпеданың қозғалғыш қасиеттері ғана сыналады, яғни оның суда қалай қозғалатынын тексереді. Торпедаларды жарылғыш бөлігінсіз әкеледі. Әдетте ресейліктер торпеданы 12 километрге атып, олардың қозғалыс параметрлерін, жылдамдығын есептеп шығарады, сосын снарядты іздеп тауып, кері алып кететін. Әлгі сынақтардың экологияға ешқандай зияны жоқ. Ресей шығаратын жаңа торпедалардың бәрі Ыстықкөлде сынақтан өтеді, - дейді ол.

«Футляр» торпедасы – Ресей әскери өнеркәсібінің жаңа өнімі. Бұған дейін Ыстықкөлдегі Ресей полигонында «Дастан» зауытында шығарылған кемеге қарсы қолданылатын «Шквал» типті торпедалар сынағы өткен.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Кубанычбек Жолдошевтің мақаласы орыс тілінен аударылды.