Президенттердің қателігі кешірілмейді. Қырғызстандағы Сәуір төңкерісіне - 10 жыл

Сәуір төңкерісіне орнатылған ескерткіш. Бішкек.

Екі революцияны басынан өткізген Қырғызстанда төрт президент ауысқан. Олардың тек біреуі ғана қылмыстық жауапқа тартылмай елде тұрып жатыр. Экс-президенттердің бірі тергеу изоляторында қамауда отырса, екеуі халықтың көтерілісінен қашып, шетелді паналаған. Азаттықтың Қырғыз қызметі 90 адамның өмірін қиған Сәуір төңкерісінің он жылдығында бұрынғы президенттердің билікке қалай келіп-кеткеніне көз жүгіртіп, олардың қызметтегі қателіктеріне талдау жасады.

АСҚАР АҚАЕВ. АЛҒАШҚЫ ПРЕЗИДЕНТ

Асқар Ақаев президент ретінде ант қабылдаған сәт. 27 қазан 1990 жыл.

Асқар Ақаев Совет одағы ыдырай салысымен билікке келіп, 2005 жылғы 24 наурыздағы “жауқазын революциясына” дейін қызмет етті. Физик ғалымның Михаил Горбачев басқарып тұрған ресми Мәскеу мен жазушы Шыңғыс Айтматовтың көмегімен саяси аренаға күтпеген жерде шыққанын қазір ешкім жасырмайды. “Аңызға айналған парламенттің” ықпалды депутаттарының айтуынша, Апсамат Масалимов, Апас Жұмағұлов және Жумгалбек Аманбаев сияқты кандидаттар қажет дауыс жинай алмаған соң және Шыңғыс Айтматов қызметтен бас тартқан соң Ақаевтың бағы жанған. Өзін демократ ретінде көрсетіп билік құрған ғалым елді 14 жыл басқарды.

Ақаев билігінің алғашқы жылдары мемлекет үшін пайдалы болды деген пікір бар. Сөз бостандығының қалыптасуы, білімге деген ұмтылыс, азаматтық қоғамның бас көтеруі, ұлттық валюта – сомның енгізілуі, Қырғызстанның “демократия аралы” деген атқа ие болуы – осының барлығы Ақаевтың “ертеректегі” билігінің жемісі болса керек.

Асқар Ақаев (сол жақта), сол кездегі Өзбекстан президенті Ислам Каримов және Қазақстанның сол уақыттағы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен (оң жақта) бірге тұр. 27 тамыз 1993 жыл.

Мәселен, саясаткер Темір Сариевтің айтуынша, Ақаев ел тәуелсіздігінің нығаюына, мемлекет атрибуттарының қабылдануына және нарықтық экономиканың қалыптасуына үлес қосты. Ақаевтың өзі де сұхбаттарында “Совет одағы тараған соң жолайрықта қалған Қырғызстанды жарқын болашақтың жолына түсіре алдық” деп жиі айтады.

Алайда 2005 жылғы 24 наурыздағы көтеріліс жалпы халықтың және саясаткерлердің көп бөлігінің бұл пікірмен келіспейтінін аңғартты. Олар “Ақаевтың саясатқа келуі үлкен қателік болды, ол тәуелсіздіктің нығаюына зиянын тигізді” деп санайды.

Асқар Ақаев билігінің құлауына оның оппозициямен ортақ тіл табыса алмауы, қызметке келгенге дейін саяси тәжірибесінің болмауы, жұмсақтығы және идеалистік көзқарастары себеп болды деген пікір бар.

Оппозиция және олардың соңынан ерген жұрт Асқар Ақаевты “билікті иемденіп алды, отбасылық-кландық басқару режимін орнатты және елге опасыздық жасады” деп айыптады. Бұған Ақаев билігін нығайту мақсатында Конституцияның бес рет өзгертілуі, президенттің өкілетін ұзарту туралы екі мәрте референдумның өткізілуі негіз болды. Сондай-ақ Ақаевтың зайыбы Майрам Ақаеваның саяси ықпалының артуы, балалары Айдар мен Берметтің саяси аренаға шығуы да наразылықты өршітті.

Асқар Ақаев қызы Бермет Ақаева (сол жақта) және әйелі Майрам Ақаевамен бірге. Берлин, 9 желтоқсан 2017 жыл.

2005 жылғы ақпандағы сайлау нәтижелері бықсып жатқан отқа май құйды. Дауыстарды есептегенде Бермет Ақаева басқаратын “Алға, Қырғызстан” партиясы парламенттегі орындардың көпшілігін иеленді. Ал Құрманбек Бакиев басқаратын “Халық қозғалысы”, Роза Отунбаева басқаратын “Ата жұрт” блогы Қырғызстандағы ең ірі Құмтөр алтын кеніші бойынша күмәнді келісімшартты да, Узенгу-Кууштегі жер телімінің Қытайға берілуін де, Аксый ауданындағы көтерілісті күшпен басқанын да Ақаевтың есіне салды.

2005 жылы 24 наурызда әскерилер тағы да халықты күшпен таратуға тырысты, бірақ атыс болған жоқ. Ақаев отбасымен Ресейге қашуға мәжбүр болды. Соған қарамастан, Ақаев Жогорку Кенешті елдегі жалғыз легитимді орган деп санап, өз өкілетін тапсырудан бас тартты. Елде революциядан кейінгі аласапыран басталды. Бір түнде бұзақылар мен тонаушылардың қолына өткен Бішкек астаң-кестең болды. Оппозицияның елді басқаруға қақысы болған жоқ, ал парламенттің дәрмені қалмады. Сол кездегі Конституция талаптарына сәйкес, президент Жогорку Кенештің отырысына келіп, мерзімінен бұрын қызметінен кететінін айтуы тиіс болған. Ақаевтың өз қолымен жазған өтініш негізінде шешім қабылдау ұйғарылды. Ұзақ келіссөзден соң құрамына Омурбек Текебаев, Темір Сариев, Қаныбек Иманалиев, Кубанычбек Жумалиев, Ташкул Керексізов сияқты саясаткерлер кіретін депутаттар комиссиясы Мәскеуге ұшып барып, Асқар Ақаев Қырғызстанның елшілігінде мерзімінен бұрын қызметтен кету туралы өтініш жазды.

Осының арқасында Құрманбек Бакиев ел тізгінін уақытша қолына алып, мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізді.

Бас прокуратура бұрынғы президенттің зайыбы Майрам Ақаеваның, оның ұлы, марқұм Айдар Ақаевтың және күйеубаласы Әділ Тойғанбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғады. Негізгі айыпталушылардың ешқайсысы әлі күнге тұтқындалған жоқ.

ҚҰРМАНБЕК БАКИЕВ. ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ “ҚАРҒЫСЫ”

Құрманбек Бакиев Бішкектегі митингіде. 24 наурыз 2005 жыл.

Құрманбек Бакиев 2005 жылы уақытша үкіметті басқарды, артынша президент болып сайланды. Ақаевтың кезінде де ол жоғары лауазымдардан кенде болған жоқ. Ол 2000 жылы премьер-министр болып тағайындалған. 2002 жылы Аксыйдағы наразыларға (Жалал-Абад облысындағы ауданда тұрғындар Қытайға 90 мың гектар жер берілгеніне қарсы шыққан – ред.) оқ атылған соң Қауіпсіздік кеңесінің жиынында сынға ұшыраған Бакиев өз қалауымен отставкаға кетті. Содан бері оның Ақаевпен арасы жақсы болмады. 2004 жылы Бакиев оппозициялық “Біріккен халық қозғалысын” басқарды, оған Ақаевқа қарсы күштер топтасты. Қозғалысты ықпалды саясаткер Үсен Сыдықов пен Ақсый оқиғасының басты кейіпкері Әзімбек Бекназаров басқарды. Сыдықов кейіннен президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды.

Президент болып сайланған соң Бакиев отбасылық-кландық басқару қаупінен арылудың жолы ретінде конституциялық реформаны қолға алды. Реформа екі жылға созылып, 2007 жылғы 23 қыркүйекте конституцияның жаңа нұсқасы қабылданды.

Құрманбек Бакиев басқарған тұста елде тұрақтылық орнап, экономика өсті. Құқық қорғаушы Азиза Абдирасулованың айтуынша, Бакиев келген соң жалақы уақытында беріліп, милиционерлер мен дәрігерлердің айлығы өсті, оларға тұрғын үй салына бастады, ал зейнетақы мен жәрдемақы жылына екі рет өсті. Дегенмен экономист Сапар Орозбақовтың айтуынша, экономиканың өсуі – Бакиевтың арқасы емес, әлемдік нарықтағы мұнай бағасы өскендіктен, Ресейден келетін инвестиция келемі артқан.

Ақаевтың қателіктерін қайталамауға уәде берген Құрманбек Бакиев те дәл сол себептермен биліктен қуылды. Оған да “билікті иемденіп алды, отбасылық-кландық басқару тәсілін қолданды, стратегиялық нысандар бойынша күмәнді келісімдерге қол қойды, мемлекет басқаруға отбасы мүшелерін араластырды” деген айып тағылды.

Жыл өткен сайын Бакиевтің бауырлары мен ұлдарының саясатқа ықпалы арта берді. Үлкен ұлы – Марат Бакиев Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары қызметін атқарса, кіші ұлы Максим Бакиев пен бауыры Жаныбек Бакиев елдегі ең ықпалды адамдарға айналды. Біріншісі Даму, инновация және инвестиция жөніндегі орталық агенттікті басқарса, екіншісі Мемлекеттік күзет қызметіне жетекші болды. Құрманбек Бакиев билігінің орта тұсында оның отбасы мемлекеттің барлық салаларында пәрменін жүргізді.

Құрманбек Бакиев жақындарымен бірге.

Бакиев билігі тұсында белгілі тұлғалардың өлімі көп болды. Бизнесмен әрі депутат Жырғалбек Сұрабалдиев, шабандоз әрі режиссер Үсен Құдайбергенов, депутат Баямен Еркінбаев, спортшы Раатбек Санатбаев, депутаттар Санжар Кадыралиев және Тынчтыкбек Акматбаев, қылмыс әлеміндегі беделді адам Рысбек Акматбаев кісі қолынан қаза тапты. Сонымен бірге журналист Геннадий Павлюк, президент әкімшілігнің бұрынғы басшысы Медет Садырқұлов, Халықаралық стратегиялық зерттеу институтының бұрынғы басшысы Сергей Слепченко да режимнің құрбаны болды деген болжам бар.

Дегенмен Бакиевтің құлауына сыртқы фактордың да әсері бар. Ол Американың әуе базасын елден шығарамын деген 2009 жылғы 3 ақпандағы уәдесін орындамады. Оның орнына әуе базасын транзиттік тасымалдау орталығына айналдыру туралы келісімге келді.

Ресейдің сол кездегі президенті Дмитрий Медведев “Бакиев әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ете алмағаны үшін орнынан кетті” деп мәлімдеді. Ал Владимир Путин “Бакиев Ақаевтың қателігін қайталады” деді.

Осы фактордың барлығы жиналып, 2010 жылғы 7 сәуірдегі төңкеріске алып келді. Сол күні 90-нан аса адам оққа ұшты, кейін құрбандар саны тіпті көбейді, себебі қақтығыста жараланған тағы біраз кісі көз жұмды.

Сәуір төңкерісі

Сәуір төңкерісі бойынша өткен сот процесі кезінде Құрманбек Бакиев басты айыпкер деп танылып, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына сырттай кесілді. Оның басқа отбасы мүшелеріне де сырттай жаза тағайындалды. Олар “демонстранттарды атты және қаржылық алаяқтық жасады” деп айыпталды.

Құрманбек Бакиев қазір отбасымен Беларусьта тұрады. Бұрынырақта ақпарат құралдары оның осы елдің азаматтығын алғаны туралы да жазған. Беларусь президенті Александр Лукашенко Бакиевті достық ниетте паналатқанын бірнеше мәрте қайталаған. Бұл туралы ресми түрде айтылмаса да, шындыққа өте жақын бір болжам бойынша, Бакиев Қазақстан сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей басшысы Владимир Путиннің және АҚШ пен ЕҚЫҰ-ның араағайындық етуімен Минскіге ұшып барған. Сол тұста Қырғызстанда қос билік орнау қаупі туды, бұл әріптес елдерге едәуір қатер төндірді делінеді.

Бакиев пен Беларусь президенті Александр Лукашенко. Минск, 6 тамыз 2019 жыл.

2010 жылғы 7 сәуірде Құрманбек Бакиев бірден шетелге қашқан жоқ, айналасындағы адамдармен бірге туған ауылына барды. Артынша олар Ошқа табан тіреді, онда сол кезде Ош облысының халықтық губернаторы Сооронбай Жээнбеков басқарған революция жақтастары мен Бакиев адамдары арасында қақтығыс болды. Куәгерлердің айтуынша, 15 сәуірде Минскіге кетерінің алдында Бакиев Қазақстан сыртқы істер министрінің және ЕҚЫҰ өкілдерінің алдында өкілетінен бас тарту туралы өтінішке қол қойған. Бірақ кейіннен Беларусьқа барған соң ол қарулы “революционерлердің” қысымы кесірінен қағазға қол қоюға мәжбүр болғанын және бұл билікті мойындамайтынын айтқан. Ал 7 сәуірдегі қанды оқиғалар үшін бар жауапкершілікті Уақытша үкіметке артқан.

РОЗА ОТУНБАЕВА. ӨТПЕЛІ КЕЗЕҢ

Роза Отунбаева төңкерістен кейін өткен жиындардың бірінде отыр. Бішкек, 8 сәуір 2010 жыл.

Бакиев режимі құлаған соң билікке келген оппозиция бірінші декретімен Уақытша үкімет құрып, оның басшысы етіп Роза Отунбаеваны тағайындады. 19 мамырдағы және бір декрет негізінде ол 2011 жылғы 31 желтоқсанға дейін өтпелі кезеңнің президенті болып бекітілді. Кейіннен, 2010 жылғы 27 маусымдағы референдум кезінде ол осы уақытша қызметке сайланды.

Отунбаева өте қиын кезеңде ел тізгінін қолына алды: мемлекет 90 адамның өмірін қиған қасіреттен ес жия алмай отырған, ал Ош және Жалал-Абад облыстарындағы этносаралық қақтығыстардан жүздеген адам қаза тауып, мыңдаған кісі жапа шекті. Билікке келген оппозиция дағдарыстан шығу жолдарын қарастырып жатты.

Этносаралық қақтығыстарға тойтарыс бере алмағаны үшін оған сын айтқандар көп болды. Тек жергілікті саясаткерлер мен ұлтшылдар ғана емес, халықаралық қауымдастық та осындай пікір айтты. Түйінді шешу үшін Отунбаева дипломатиядағы тәжірибесін пайдаланып, қасіретті оқиғаны халықаралық дәрежеде тергеуге мүмкіндік берді. Өзіне артылған міндеттерді абыроймен орындап шыққан ол Орталық Азиядағы алғашқы әйел президент қана емес, Қырғызстандағы экс-президент мәртебесі бар жалғыз адам ретінде тарихта қалды.

Роза Отунбаева билікке келгенге дейін қандай жолдардан өткенін еске түсірейік. Совет одағының және Қырғызстанның дипломаты болған ол 2004 жылы “Ата жұрт” оппозициялық қозғалысының тең төрағасы болу арқылы ішкі саясатқа араласа бастады. 2005 жылы Орталық сайлау комиссиясы оны дипломатиялық шектеуі бар болғандықтан, парламент депутаттығына кандидат етіп тіркеуден бас тартты. Ақаевқа қарсы қозғалыс кезінде Отунбаева алғы шепте тұрды. Кейін Ақаевтың өзі оны “оппозицияның локомотиві” деп атады.

“Жауқазын революциясынан” кейін де ол мемлекеттік қызметте көп тұрақтамады. 24 наурыздан соң ол Сыртқы істер министрлігін басқарған. Алайда 2005 жылғы шілдеде жаңа сайланған парламент оны қолдамай қойды, ол кезде “бұл – президенттің пәрмені болуы мүмкін” деген пікір айтылды.

2007 жылы Роза Отунбаева Қырғызстан Социал-демократиялық партиясының (ҚСДП) тізімі бойынша парламент депутаты болып сайланды және сол партияның парламенттегі фракциясын басқарды. Өтпелі кезеңнің президенті қызметіне кірісе салысымен ол ҚСДП-дан кетті.

2011 жылғы 1 желтоқсанда Роза Отунбаева жалпыхалықтық дауыс беру нәтижесінде президент болып сайланған Алмазбек Атамбаевқа билікті өткізіп берді. Сөйтіп, Қырғызстан тарихында алғаш рет билік бейбіт жолмен тапсырылды. Алайда 2016 жылғы 31 тамыздағы тәуелсіздік мерекесіне байланысты салтанатта сөз сөйлеген Атамбаев Уақытша үкіметті заңсыз деп атап, шараға қатысып отырған Роза Отунбаеваның атына сын айтты. Бұл – уақытша үкіметтегі жақтастардың арасына сызат түскенінің белгісі болатын. Мұның алдында ғана оның бұрынғы жақтастары Атамбаевтың Конституцияға өзгеріс енгізу жоспарына қарсы шыққан еді.

АЛМАЗБЕК АТАМБАЕВ. АРАЗДЫҚ

Алмазбек Атамбаев ұлықтау рәсімінде. 1 желтоқсан 2011 жыл.

Қырғызстан қоғамы 2010 жылғы сәуір мен маусымдағы қанды оқиғалардан енді ес жиып, өз-өзіне келе бастаған тұста, 2011 жылдың соңында, жаңа Конституция негізінде Алмазбек Атамбаев билікке келді.

Алдыңғы президенттер сияқты Атамбаев та Ресейде білім алған. 1993 жылы Қырғызстанның Социал-демократиялық партиясын құрған. 1995 жылы Қырғызстан Жогорку Кенешінің халық өкілдері палатасына депутат болып сайланып, үлкен саясатқа келген. Үш рет президенттіктен үміткер болған. Ақаев пен Бакиев билігі тұсында министрдің және премьер-министрдің қызметін атқарған.

Атамбаев өзін “Қырғызстанның алғашқы мультимиллионерімін” деп жиі атайтын. Өзінің айтуынша, ол 1990 жылдары жекешелендірілген “Қырғызавтомаш” мекемесінің арқасында байлыққа кенелген. Дегенмен Асқар Ақаевтың “Атамбаев Жазушылар одағының төрағасы болған тұста жазушылар үйін салу мақсатында Ресей берген 50 миллион рубльді жеп қойды” деген мәлімдемесінен соң оның адал жолмен байығанына күмән көбейді.

Алдыңғы президенттер сияқты алғашқы жылдары Атамбаев та елді жемқорлықтан тазартуға, көпвекторлы тәуелсіз сыртқы саясат жүргізуге уәде берді. Президенттік мерзімінің басында-ақ ол Американың әскери базасын жабатынын айтып, Ресеймен стратегиялық әріптестікке адал екенін аңғартты. 2019 жылы Қой-Таштағы оқиға (Арнайы жасақ пен полиция Атамбаевты тергеуге әкетуге келген. Атыс болып, бір орган өкілі қаза тапты – ред.) қарсаңында Кремльге барып келсе де, ол Мәскеуден көп қолдау таба алмады.

Алмазбек Атамбаев – наурыз және сәуір оқиғалары кезінде алғы шепте тұрған революционер. 2010 жылы оның “Форум” деген жекеменшік ғимаратта тұрған кеңсесі оппозицияның штабы болды. Штаб құрамына Роза Отунбаева, Омурбек Текебаев, Болот Шер, Әзімбек Бекназаров, Темір Сариев, Эмильбек Каптагаев, Дуйшенкул Чотонов сияқты ықпалды саясаткерлер кірді.

Атамбаев Уақытша үкімет төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Өтпелі үкімет 2010 жылғы сәуір мен маусымдағы оқиғалар кезінде жағдайды тұрақтандырып қана қоймай, парламент сайлауын, Конституцияның жаңа нұсқасы бойынша референдум және президент сайлауын ұйымдастырды. Алайда уақытша үкімет мүшелері мен Алмазбек Атамбаевтың жолдары екіге жарылды.

Атамбаев қызуқанды мінезінің кесірінен көп жау тауып алды. Жогорку Кенештің бұрынғы төрағасы Чыныбай Турсунбековтің айтуынша, Атамбаев жүргізуші-көмекшісінің ықпалында қалып, Ақаев пен Бакиевтің жолына түсіп кетті. Ол кландық басқаруға, жемқорлыққа қарсы күрес жүргізіп, парламенттік республика құруды мұрат тұтқан бұрынғы саяси үзеңгілестеріне аяусыз қысым жасауымен есте қалды. Мемлекеттік машинаның ықпалы ақпарат құралдары мен азаматтық қоғамға да кесірін тигізді.

Саясаткерлердің Конституция реформасы бойынша келісімге келе алмауы олардың арасында бұрыннан болған араздықты ашық көрсетті. 2010 жылғы Конституция жобасының авторы Омурбек Текебаев жаңа конституциялық реформаны “саяси соқырлық” деп атады. Роза Отунбаеваның жақтастары Атамбаевтан 2016 жылғы 31 тамызда Отунбаеваның атына айтқан сыны үшін кешірім сұрауды талап етті. Текебаев тіпті Атамбаевтың Жогорку Кенешке ықпалын азайту үшін ҚСДП-ның қатысуынсыз парламент коалициясын құруға талпынды. Бірақ мұнысы сәтсіз болды. Ақырында Текебаев пен оның партиядағы әріптесі Дуйшенкул Чотонов жемқорлығы үшін айыпталып, қамауға алынды. Аида Салянова, Қанат Исаев, Садыр Жапаров және Алмамбет Шыкмамтов сынды саясаткерлерге де сондай әдіс қолданылды. Бұған қоса Атамбаев белгілі құқық қорғаушы Чолпон Жакупованы және тәуелсіз ақпарат құралдарын сотқа беріп, миллиондаған сом талап етті.

Атамбаевтың әрекеті “сәтті” болып, 2016 жылдың желтоқсанында жаңа Конституция қабылданды, ол бойынша премьер-министрдің өкілеті кеңейтілді.

Көпшілік күткеніндей, 2017 жылғы президент сайлауында Атамбаев ескі досы – Сооронбай Жээнбековты қолдады. Жээнбеков президент болып сайланды.

ҚСДП-ның ішіндегі кикілжің басында жұрт көзінен тасада, баяу жүріп жатты да, кейін жалпы қоғамға жария болды. Атамбаев өз орнына келген Жээнбековті “отбасылық-кландық басқару әдісін қолданды, жемқорларға қамқорлық жасады” деп айыптады. Дүрдараздық ашық текетіреске ұласты. Ақыр соңында парламент Атамбаевты экс-президент мәртебесінен айырды. Атышулы қылмыскер Азиз Байтукаевты заңсыз түрде босату туралы іске байланысты Атамбаевты жауапқа тарту әрекеті Қой-Таштағы қақтығысқа алып келді. Қазір Атамбаев пен оның жақтастары ауыр қылмыс жасады деген айыппен қамауда жатыр. Атамбаевтың өзі мұны “саяси қудалау” деп бағалап отыр.

СООРОНБАЙ ЖЭЭНБЕКОВ. ОРТА ЖОЛ

Сооронбай Жээнбеков

Сооронбай Жээнбеков 2017 жылғы 15 қазанда президент болып сайланды. Ол – Социал-демократиялық партияның негізін қалаушылардың бірі. 1995 жылдан бері үш рет парламент депутаты болып сайланған, спикердің орынбасары, комитет төрағасы қызметін атқарған. 2010 жылғы Сәуір төңкерісінен соң Жээнбековті Ош облысының халықтық губернаторы етіп таңдаған, кейін ол ресми түрде аймақ әкімі болып тағайындалды. 2015 жылғы желтоқсаннан бастап бес ай ішінде үш қызмет ауыстырған ол ақыры премьер-министрлікке тағайындалды.

Жээнбековті президент қызметіне Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы ұсынды, оны сол кезде мемлекет басшысы болған Алмазбек Атамбаев қолдады. Нәтижесінде Жээнбеков сайлаудың бірінші кезеңінде 54,7 пайыз дауыс жинап, президент болып сайланды. Инаугурация “Ала-Арча” мемлекеттік резиденциясында, аз ғана топтың қатысуымен өтті. Жұрттың көбі мұны “билікті бейбіт жолмен тапсыру дәстүрінің басы” деп атап, тарихи оқиғаға балады.

Сооронбай Жээнбеков алдыңғы президенттің жолын әрі қарай жалғауға уәде беріп, бірінші жарлығымен Алмазбек Атамбаевқа “Қырғыз Республикасының батыры” атағын берді. Бірақ арада көп өтпестен, бұл сый-құрметтің еш мәні қалмады.

Өз адамының тәуелсіз саясат жүргізу ниетін Атамбаев құптай қоймаған тәрізді. Бір кездері тонның ішкі бауындай жақын болған екі саясаткердің арасындағы келіспеушілік ел ішіне таралып, соңында ашық текетіреске алып келді. Бір жарым жылға созылған текетірес кезінде Атамбаев Жээнбековті кландық басқару әдісі үшін, “миллионер-жемқорға” қамқор болғаны үшін сынады.

Екі саясаткер арасындағы қақтығыс кесірінен Атамбаевтың ірі қызметтегі адамдары орнынан алынып, қамала бастады. Бұрынғы премьер-министр Сапар Исаков, астананың бұрынғы мэрлары Албек Ибраимов пен Кубанычбек Кулматов және басқа да саясаткерлер түрмеге түсті. Парламент Атамбаевты “экс-президент” атағынан айырды. Атамбаевты Қой-Ташта тұтқындау операциясы кезінде бір офицер қаза тауып, ондаған адам жарақаттанды. Бұрынғы президент пен оның жақтастары қамауға алынды, прокуратура аса ауыр қылмыс жасады деп айыптап, олардың үстінен іс қозғады. Атамбаев пен оның жақтастары мұның бәрін “саяси қудалау” деп атайды.

Сооронбая Жээнбековтің ұлықтау рәсімі. 24 қараша 2017 жыл.

Сондықтан Жээнбековтің президенттік кезеңін Атамбаевтың қамалуына дейінгі және одан кейінгі кезең деп екіге бөлуге болады.

Президент Жээнбеков бұрынғы қателіктерден сабақ алуға дайын ба? Бұған түрліше жауап беруге болады, әрі ол жауаптар бір-біріне қарама-қайшы шығып жатады. Жээнбековтің жақтастары “ол өз бетінше мемлекеттік саясат жүргізу мүмкіндігіне енді ғана ие болды” дейді. Басқалары болса “оның түбегейлі өзгерістер жасауға, әсіресе сот саласын реформалауға қауқары жетпейді” деп санайды.

Енді бір жағынан, Атамбаевтың кезінде саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды деп саналатын Омурбек Текебаев, Қанат Исаев, Дастан Сарығұлов, Бектұр Асанов сияқты саясаткерлердің қылмыстық істерін қайта қарау – сот әділдігін қалпына келтірудің басы деп санайтындар бар.

Жээнбековтің тағы бір артықшылығы “ол бұрынғы Уақытша үкімет пен Жогорку Кенеш спикерлері кеңесі мүшелерінің, белсенділер мен шығармашылық ұйымдардың пікіріне құлақ асады” деген тұжырым бар. Сонымен бірге, Жээнбековтың билігі тұсында жоғары лауазымды шенеуніктерді жемқорлық айыбымен тұтқындау жүріп жатыр.

Бірақ басқа бір пікір бойынша, жемқорлықпен күрес белгілі бір топқа ғана қарсы бағытталып жатыр. Мәселен, Асқарбек Шадиев және Насирбек Алмаматов сияқты адамдар елден қашып кеткен. Бұл топтың айтуынша, бұлайша таңдап қудалау қарсылық шараларына ұласуы мүмкін.

Жээнбеков биыл үшінші жыл ел басқарып отыр. Алда ірі қалаладағы жергілікті кенештердің және парламенттің депутаттарын сайлау сияқты ірі саяси науқандар тұр. Келесі президент сайлауына дейін саяси динамика қарқын ала түсері анық. Сондықтан, ықпалды саясаткерлердің айтуынша, халықтың сенімін ақтау үшін Жээнбеков батыл қадамдарға бара бастауы керек. Бұдан әрі кеңестен гөрі талап-тілек көбірек айтыла бастаса керек. “Өзі берген нақты уәделерді орындағанда ғана Жээнбеков алдыңғы президенттердің тағдырын қайталамайды” дейді олар. Сооронбай Жээнбековтің презиенттік мерзімі 2023 жылы аяқталады.