Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қалай өтті?

Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылу рәсімі. Қырғызстан, 2 қыркүйек 2018 жыл

Қырғызстанда Үшінші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аяқталды. Келесі ойын 2020 жылы Түркияда өтеді.

ЭСТАФЕТАНЫҢ БЕРІЛУІ

Чолпон-Атада өткен Үшінші Дүниежүзілік көшпенділер ойынының жабылу салтанатына Қырғызстанның премьер-министрі Мұхаммедқали Абылғазиев қатысты. Сол жерде ойынның символикалық эстафетасы – мұзды суға толы сауытты Түркияға берді. Сауыт пен Дүниежүзілік көшпенділер ойынының туын Түркия мәдениет және спорт министрінің орынбасары Хамза Ерликаяға Қырғызстанның Жастар ісі, дене шынықтыру және спорт мемлекеттік агенттігінің директоры Қанат Аманқұлов табыстады.

Жабылу салтанатында сөйлеген премьер-министр Мұхаммедқали Абылғазиев Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Қырғызстандағы ең маңызды оқиғаның бірі болғанын айтты. Ол "бұл шара ұлттар мен конфессиялар арасындағы бірлікті нығайтады" деді.

Қонақтарға дәм ұсынып тұрған қырғыз қызы. Чолпон-ата, Қырғызстан, 7 қыркүйек 2018 жыл

Оның айтуынша, спорттық және мәдени шаралар жоғары деңгейде өтіп, қырғыз халқының отансүйгіштігі мен қонақжайлылығын көрсеткен. Абылғазиев ойынды ұйымдастырушылар мен оған қатысушыларға алғыс айтты. ​

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылу рәсімі қыркүйектің 2-сі күні Чолпон-ата маңындағы Бақтуу-Долоноту ауылындағы ипподромда өтті. Оған Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан мен Татарстан президенті Рустам Минниханов қатысты.

Your browser doesn’t support HTML5

Көчмөндөр оюндарынын ачылыш аземи

- Қазір әлемде саяси, экономикалық, экологиялық және мәдени процестер қарқынды жүріп жатыр. Технология да жылдам өзгеріп жатыр. Осы үрдістің бәрі жетістігімен қоса адамзатқа бірқатар проблема әкелді. Мұндай кезде көшпенді халықтың құндылығына, мұрасы мен дәстүріне жүгінудің маңызы зор. Ол әлем халықтарының бірлігін күшейтеді. Гуманизм идеясын таратуға ықпал етіп, табиғатқа, адамзат қоғамына деген деген қарым-қатынасты өзгертеді. Көшпенділер мәдениетінің мыңдаған жылдық тарихы бар. Ол Тынық мұхиттан Еуропаға дейін, Орталық және Шығыс Азияны, Кіші Азия мен Таяу Шығысты қамтыған ұлы мұра, - деді қыркүйектің 2-сі күні ойындардың ашылу салтанатында сөйлеген Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков.

Ашылу салтанатынан фотогалереяны тамашалаңыз (Қырғыз тілінде)

Дүйнөлүк көчмөндөр оюндарынын ачылышы

КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫ МЕН САЯСАТ

2014 жылы Бірінші Дүниежүзілік көшпенділер ойынынан соң эстафета Түркияға беріледі деген еді. Бірақ Анкара сол кездегі Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың сынынан соң ойынды өткізуден бас тартты.

Бұл жолы Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков келесі ойын 2020 жылы Түркияда өтетінін ресми түрде хабарлап, Режеп Тайып Ердоғанға сәтті өткізуді тіледі.

Қыркүйектің 3-і күні Қыршын шатқалында ресми түрде этноқаланың ашылу салтанаты болды. Оған Қырғызстанға ресми сапармен келген Түркия президентінің жары Әмина Ердоған, бұрынғы президент Роза Отынбаева және Қырғызстан басшысының жары Айгүл Тоқаева қатысты. Қыршында «Көшпенділердің алтын дәуірі» театрланған фестивалі өтті. Оған қоса, «Монгу» кинофорумы болды.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Роза Отынбаева (сол жақта) және Түркия президенті Режеп Ердоғанның әйелі (ортасында) және Қырғызстан президенті Сооронбай Жээенбековтың әйелі Айгүл Тоқаева (оң жақта)

БИЫЛҒЫ ОЙЫНДАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

2018 жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойынына әлемнің 77 елінен үш мыңнан астам спортшы қатысып, 37 спорт түрінен 594 медаль жұбы сарапқа салынды. Ойынның жалпы жүлде қоры 28 миллион сомды құрады.

Ойын қорытындысы бойынша Қырғызстан 40 алтын, 32 күміс және 31 қола алып, жалпы командалық есепте бірінші орынды иеленді.

Екінші орын алған Қазақстан спортшылары 18 алтын, 24 күміс және 34 қола медаль алды. Жалпы командалық есепте 3 орын алған ресейліктер 17 алтын, 12 күміс және 27 қола медаль алды.

2014 жылы бірінші рет өткен Көшпенділер ойынына 19 мемлекеттен 583 спортшы қатысқан еді. Сайыс 10 спорт түрінен өткен болатын. Ал 2016 жылы екінші Көшпенділер ойынына қатысушылар саны артып, 62 мемлекеттің 1200 спортшысы 26 спорт түрінен жүлдеге таласқан еді.

ҚЫРҒЫЗСТАН КӨКПАРШЫЛАРЫ - ЧЕМПИОН

Көшпенділер ойынындағы ең маңызды оқиға көкпар сайысы болды. Франция кқкпар құрамасы жарысқа алғаш рет қатысты. Команда өз тарихында алғашқы ресми ойынын қыркүйектің 4-і күні Башқұртстан құрамасымен ойнап, 0:2 есебімен жеңілді.

Француз және қырғыз ойыншылары

Сол күні АҚШ пен Ресейдің Красноярск өлкесінің құрамалары ойнады. Ресейліктер 18:3 есебімен жеңді. Жанкүйерлер финалда турнир фавориттері Қырғызстан мен Қазақстанды көреміз деп күткен еді. Бірақ Қазақстан жартылай финалда Өзбекстан құрамасынан жеңіліп қалды.

Қазақ және өзбек ойыншыларының көкпар тартысуы (Қырғыз тілінде)

Your browser doesn’t support HTML5

Чет өлкө үчүн ойногон кыргыз улакчылар

Қыркүйектің 6-сы күні жартылай финалда қырғыз спортшылары Ресейдің Мәскеу облысының құрамасымен ойнап, 23:5 есебімен басым түсті.

Қыркүйектің 7-сі күні финалда Қырғызстан ұлттық құрамасы Өзбекстан командасымен ойнады. Ойын 32:9 есебімен аяқталып, қырғыздар жеңді.

Қырғызстан - Өзбекстан. Финал

Үшінші орынды Қазақстан құрамасы алды. Қола медальға талас кезінде Қазақстан Ресейдің Мәскеу облысы құрамасын 17:1 есебімен ұтты. Үшінші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында көкпар сайысына 11 команда қатысты. Турнирдің жүлде қоры 6,2 миллион сомды құрады. Бірінші орын 3 миллион сом, екінші орын 1,5 миллион сом, ал 3 орын – 1 миллион сом болды. Оған қоса, «Үздік ойыншы» және «Үздік ат» номинациясына 100 мың сомнан берілді. ​

КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫ ЖӘНЕ ӘЛЕМ

Үшінші Дүниежүзілік көшпенділер ойынын әлемнің 60 астам мемлекеті тамашалады. Шетелдік БАҚ-тың 604 өкілі оқиғаны хабарлауға келді. Олардың арасында 50 телеарна, 12 радиостанция, 67 ақпараттық агенттік пен 48 газет өкілі және 50 блогер бар.

Шетел туристерінің көшпенділер ойыны туралы пікірі (Қырғыз тілінде)

Шарадан BBC, The New York Times, Financial Times, National Geographic Society, Associated Press, канадалық Journal of Nomads, Aljazeera network, CCTV, қазақстандық «Хабар» т.б ақпарат таратты. Оған қоса, жергілікті 70 бұқаралық ақпарат құралының өкілдері қатысты.

1000 МАНАСШЫ ЖӘНЕ ШОУ

2016 жылы Екінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында 1000 қобызшы сахнаға шыққан еді. Бұл жолы 1000 манасшы «Манас» эпосын жатқа оқыды. Қонақтарға эпос үзіндісі бар мәтіндерді таратты. Оған қоса, шоуға мыңдаған актер, музыканттар мен бишілер қатысты. Бишілер санатында «Шаттық» ансамблінің тәрбиеленушілері де болды. Қатысушылардың жалпы құрамын түрлі ЖОО студенттері мен жастар құрады.

Биылғы ойындардың ашылу салтанатын Алтынбек Мақсұтов бастаған режиссерлік топ дайындады. Сценарий авторлары - Сұлтан Раев, Элеонора Тұрдыбекова, Виктор Фельд және Светлана Цвитенко. Азаттық жобаны әзірлеушілердің бірі Сұлтан Раевпен сөйлесті. Ол көрініс концепциясы туралы:

- Біз көшпенділердің дүниетанымын, рухы мен ішкі әлемін көрсеткіміз келді, олардың өзге әлеммен байланысын, табиғатпен біртұтастығын берсек дедік. Оған қоса, көшпенділер – ежелгі мәдениетті жеткізушілер екенін айтқымыз келді. Ең бастысы, көшпенділер өркениеті – жалпы әлемдік өркениеттің ажырамас бөлігі екенін көрсеттік, - деді.

Ашылу рәсімі. Қырғызстан, 2 қыркүйек 2018 жыл

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында қыркүйектің 3-і мен 7-сі аралығында Қыршын жайлауында этноқала, этнобазар мен баспасөз орталығы ұйымдастырылды. Әр облыс қонақтарды қарсы алды. Қыршында үш мыңға жуық киіз үй тігілді.

Ұйымдастырушылардың дерегі бойынша, ойындарды көруге 60-70 мың шетелдік турист келді. Ол 2016 жылмен салыстырғанда екі-үш есе көп.

Қырғызстан Туризм департаментінің басшысы Азамат Жаманқұловтың айтуынша, Қыршын жайлауына 2016 жылы салтанатты ашылуға 30 мың адам келген, биыл олардың саны 150 мыңға жетті. 2016 жылы келген шетелдіктер саны 15-20 мың болса, биыл олардың саны – 60-70 мың.

Көшпенділер ойынына қоса, Қыршын мен Чолпон-атада жәрмеңке ұйымдастырылды. Онда Орталық Азия мемлекеттерінің қолөнершілері өз туындыларын әкелді. Мысалы, Бұқарадан (Өзбекстан) «Оймо» фестиваліне келген Анвар Бабаев саздан жасалған ыдыстың 20 қорабын сатқан.

Анвар Бабаев.

Өзбек шеберлері әзірлеген ыдыстар 100-ден 7 мың сомға дейін сатылды.

Жәрмеңкедегі кеселер

Қыркүйектің 7-сі күні Қыршын шатқалындағы этноқала өз жұмысын аяқтады. Ойындарды ұйымдастыру комитеті басшысының орынбасары Айжан Әбдесова шатқалды қоқыстан тазарту үшін 500 адам тартқанын айтты. Олардың көбі – еріктілер. Сонымен бірге «Тазалық» муниципиалды қызметі мен жергілікті билік те көмекке келген.

ШАҒЫМДАР МЕН НАРАЗЫЛЫҚТАР

Этноқала жұмысын бастаған алғашқы күндері Қыршында жағымсыз оқиғалар болды. Атап айтқанда, әжетхана тапшылығы мен ұрлық-қарлық байқалды. Қыркүйектің 3-і күні спорт және мәдени шараның ашылуы кезінде адамдардың көптігінен әжетхана алдында кезекке тұрушылар көп болды. Оған шараға қатысушылар наразы болды.

Бірақ кейін Туризм департаментінің басшысы Азамат Жаманқұлов мәселені шешкенін мәлімдеді.

Қыршын жайлауы

- Қыршын шатқалында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2 мың милиция қызметкерін тарттық. Бірақ шетелдіктердің затын ұрлау оқиғасы тіркелді. Қыркүйектің 5-і күні Қырғызстандағы Ұлыбритания елшілігінің әскери атташесі милицияға хабарласқан, оның киіз үйінен құнды заттар жоғалған, - дейді Азамат Жаманқұлов.

Сурет-көрме: "Көшпенділер ойынындағы батыр қыздар" (Қырғыз тілінде)

Көчмөндүн шамдагай жана эр жүрөк сулуулары

Кейбір туристер заттарын өздері жоғалтып жатты. Мысалы, Бельгия азаматына жергілікті тұрғындар заттарын әкеп берді. Қырғызстанның ІІМ баспасөз орталығының айтуынша, ол затын Қыршындағы киіз үйдің бірінде ұмыт қалдырған. Милиция қызметкерлері Өзбекстандағы Дүниежүзілік банк қызметкері Винаяку Нагаражаға жоғалған құжаттарын тапсырды. Кейбір туристер осындай тәртіпсіздікке таң қалатындарын жасырмады.

ҚАРЖЫЛЫҚ МӘСЕЛЕ

Қырғызстанның мемлекеттік бюджетінен биылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізуге 303,1 миллион сом бөлінді. Үкімет қазір жалпы шығынды есептеп жатқанын мәлімдеді. Спорттық шараларға мемлекет 128 миллион сом бөлді, оның 28 миллионы – жүлде қоры. 100 миллион сом жарысты ұйымдастыру, спортшыларды орналастыру, спорттық заттар сатып алу жұмсалған.

Қыршын жайлауы

Бұған дейін жарысты ұйымдастыру қаржылық мәселесі Қырғызстанда дау тудырған еді. Кейбір азаматтар "Көшпенділер ойыны – бюджетке салынған салмақ" деп сынаған болатын. Бірақ Қырғызстан бұл ойыннан саяси, экономикалық, мәдени және туристік жағынан ұтады деген пікірлер айтылды.

Қырғыз үкіметінің басшысы Мұхаммедқали Абылғазиев қыркүйектің 4-і күні «халықаралық сарапшылар рейтингісі бойынша, Үшінші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны 2018 жылдың ең маңызды оқиғаларының үштігіне кірді, әлемдік қауымдастықта оны ең бірегей әрі танымал шара деп атады, біздің мемлекет үшін ол үлкен құрмет» деді.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы)