Пәкістанда өмір сүретін Америка әжей

Америка Бибі.

Пәкістанның қиыр түкпірінде есімі ерекше әйел өмір сүреді. Әкесінің жас кезіндегі арманы – АҚШ-қа кету болған, бұл ойын жүзеге асыра алмай, қызына үміт артыпты. Әже болып отырған Америка енді "немерелерім АҚШ-ты көрер" деп үміттенеді.
Пәкістанның солтүстік-батысындағы түрлі тайпалар мекендейтін мазасыз аймақта Америка Бибі атты әйел тұрады.

ОРЫНДАЛМАҒАН АРМАН

65 жастағы пуштун әйелдің айтуынша, әкесі Ахтар Мунир деген кісінің «Америка құрлығын бір көрсем» деген арманы орындалмай қалған соң, ол қызының атын «Америка» деп қояды.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқтала салысымен жас Мунир жақсы өмір іздеп АҚШ-қа аттанады. Алайда діттегені болмай, тауы шағылып кері қайтады.

- Әкем жас күнінде Америкаға кеткісі келген. Бір күні ол Үндістанға барып, сонда кемеге отырып, АҚШ-қа қарай жолға шығады. Ол көзі көк, сұлу жігіт болған. Дегенмен бір кемшілігі – хат танымаған. Кемеде газетті қаріптерін төмен қаратып ұстап отырғаны үшін тұтқындалып, Мумбайға жіберіледі. Сол жерде үш жыл абақтыда отырады, - дейді Америка.

Оның айтуынша, жазасын өтеп біткен соң Мунир ауылына қайтып келіп, үйленеді. Бір жылдан соң дүниеге келген қызының атын орындалмаған арманының құрметіне «Америка Бибі» деп қояды. Кішкене күнінде Америка Бибі әкесінің қойған есімін мақтан ететін. Кейбіреулер оның атын естігенде таңғалады.

АМЕРИКАҒА ҚАТЫСТЫ КӨЗҚАРАСТЫҢ ӘСЕРІ

Ол тұратын Теди Базар ауылы - бұл өңірдегі басқа елді мекендер сияқты емес, тыныш жатқан, бейбіт ауыл. Америка Бибі жергілікті тайпа көсемінің үйінде, салыстырмалы түрде ауқатты отбасында туып-өскен.

Хибер ауданында дәрігерлер полиомиелит вакцинасын полиция күзетімен жүріп егеді. Пәкістан, 24 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Пәкістанның федералдық деңгейдегі тайпалық аймағына жататын Хибер ауданында ислам фундаменталистері көп. Олар аймақтағы полицияға, мектептерге және полиомиелит дертімен күресіп жүрген қызметкерлерге жиі шабуыл жасайды.

Соңғы жылдары жергілікті халықты АҚШ-қа көзқарасы да түбірімен өзгерген. Ауыл тұрғындары АҚШ-тың әуе шабуылдарын жасап тұратынына наразы.

Дегенмен олар шабуылдардың көршілес тайпалық аудандарда бұдан да жиі болып жататынын айтады.

- Кей кездері немерелерім мектептен келе сала, «көп аттың ішінен неге сізге осы есімді қойған?» деп қынжыла сұрап жатады. Кейде олар мені келемеждеп ойнайды, - дейді Америка Бибі.

АМЕРИКА СИЯҚТЫ АДУЫНДЫ ӘЙЕЛ

Америка Бибі АҚШ туралы көп нәрсе білмейді.

- Мен үшін Америка – алыста жатқан алып ел. Кейде жұрт «Сіз Америка сияқты мықтысыз» деп мақтайды, себебі мен әрдайым ауыл-аймаққа пайдалы бірдеңе тындыруға тырысамын, -дейді бос уақытында радио тыңдағанды ұнататын әйел.

Әкесі сияқты Америка Бибі де хат танымайды, бірақ көзі ашық, сергек адам.

​Хиберде тұратын журналист Фази Рабидің айтуынша, Америка Бибі - қайратты, батыл, адуынды кісі. Сондықтан ол - ауылындағы ықпалды адамдардың бірі.

- Ол - жол жөндеу, электр желісін жүргізу сияқты мәселелерді төтесінен қойып, бірнеше рет ауылдық деңгейдегі наразылық шарасын ұйымдастырған адам, -дейді журналист.

Рабидің айтуынша, әжей аймақты дамытуға қатысты ауыл жиналстарының барлығына белсене қатысады.

«ҚЫЗДАРДЫҢ САУАТТЫ БОЛҒАНЫН ҚАЛАЙМЫН»

Америка Бибі кезінде өзі туып-өскен аймақта қыз балаларға арналған мектептердің болмауынан сауат аша алмай қалғанына өкінеді.

- Қазір ауылдағы, жалпы Пәкістандағы барлық қыздардың мектепке барып, білім алғанын қалаймын. Бұған менің қолым жетпеді, - дейді ол.

- Мен білімді әкемнен алдым, ол өте ақылды адам еді. Өңірдегі өзекті мәселелерге қатысты жиналыстардың бәріне қатысатын. Ол мен үшін ақыл мен даналықтың қайнар көзі болды. Ағам да менің жан-жақты өсіп-жетілуіме ықпал етті,- дейді Америка әжей.

Мектептен шыққан оқушы қыздар. Пәкістан, 9 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Америка Бибі «Теди Базар ауылындағы әр әйел армандайтын бақытқа қол жеткіздім» дейді. Ол үш ұл, үш қызды тәрбиелеп өсірген, қазір үйі немереге толы.

Америка әжей өз үйінде күйеуімен және мектепте мұғалім болып істейтін үлкен ұлы Яр Мұхаммедпен тұрып жатыр.

- Күндердің бір күнінде әкем армандаған Американы барып көрсем деймін. Бірақ онда баруға жағдайым келмейді, оның үстіне әріп танымаймын, - дейді ол.

Америка Бибі «немерелердің бірі Американы барып көзбен көрер» деп үміттенеді.

Фарангиз Наджибулла мен Рабиа Акрамның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.