Ресейдегі ақылы шеруге қатысушылар

Қызыл алаңдағы шараға жиналған кремльшіл белсенділер. Мәскеу, 18 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет.)

Ресейде саяси шараларға адам жинауға арналған бірнеше интернет-ресурс бар. Ұйымдастыру жұмысымен айналысатындар - "бригадирлер" әдетте түрлі телевизиялық шоуларға көрермен жинайды.

Сала өкілдері саяси жиынды аталған саланың жеке жанрына айналдырған. 2017 жылы сәуірдің 3-і күні Санкт-Петербург қаласындағы метрода теракт болып, 14 адам қаза тапты. Үш күннен соң, сәуірдің 6-сында "Массовки.нет" сайтына мынадай хабарлама шықты: "Достар, баршаңызды құрбан болғандарды еске алуға арналған концертке шақырамыз. 14:30-да жиналамыз. Жолақы шығын үшін өтемақы – 400 рубль".

Сол күні, сәуірдің 6-сы кешкісін Мәскеуде "Питер – сенімен біргеміз" атты шараға бірнеше мың адам жиналды. Сайттағы тақырыптың авторы – Елена Карнавалова деген біреу. Кезінде бұл адамның Қырымның Ресейге қосылғанына жыл толуын атап өтуге, "Антимайдан" шеруіне және Мәскеудегі басқа да саяси шараларға адам жинаумен айналысқанын интернеттің көмегімен анықтадық.

Оның ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі парақшасында топ жинаумен айналысатын сайтқа сілтеме көрсетілген және "Бірінші арнаның" түрлі шоуларынан көптеген суреттер салынған.

Кастинг агенттіктердің көбі үшін саяси шараларға адам жинау тұрақты болмаса да жақсы төленетін жұмысқа жатады. "Массовки.нет" сайтында басты тақырыптық ресурста төрт негізгі бөлім бар. Соның ішінде "Мәскеу. Саяси жиындар. Төленеді" деген тақырып көш бастап тұр. Топ модераторы Иван Огороднов ақша төлейтін адамның кім екенін білмейтінін айтады.

"Кім екенін білсем, басқаша сөйлесер едім. Көбіне ол адамдардың санын көбейтуді қажет ететін теледидар түсіріліміне ұқсайды. Міне, "крымнаш" шеруі өтіп жатыр, жұрт іріктеу болып жатыр деп ойлайды, ал шын мәнінде камера түсіріп жатса, әдемі адамдардың көптеп керек болғаны", - дейді ол.

РБК ақпараты бойынша, Санкт-Петербург метросында болған теракт құрбандарын еске алуға арналған Мәскеудегі шараға қатысқан 50 мың адамның 14 мыңы ("әдемі адамдар") әлгіндей ақша төленген соң жиналған. Иван Огороднов бұрын журналист болған, НТВ телеарнасында жұмыс істеген. Бос уақытында адам жинаумен айналысатын. Қазір бұл оның негізгі жұмысыына айналған.

"Мемлекеттік дума жанына "гейлерді насихаттау" туралы заңға қатысты адамдар жинадық, сол кезде оған қарсылар да шықты. Адамдар қай жаққа шығарын білмеді, сондай қиын сәттер болады", - деп еске алады ол.

"Осылайша Ресейді ақшаға сатып жібереміз. Мынау тіпті сөйлеуге рұқсат етпейді. Ресей – еркін мемлекет деп кім айтты?" деген тәрізді оқиғалар биліктің сойылын соққан әр ірі шеруден соң бригадирлер адамдарға ақшасын беретін кезде туындайды. Әркез ұйымдастырушылар ақы төлеп, адам әкелгендерін жоққа шығарды. Саяси науқандарға жасы мен кәрісі, зиялы мен қара жұмысшы бар – жұрттың бәрін ақша төлеп жинайды.

Адам жинауға үнемі келетін "еңбеккерлер" де бар, олардың көбі зейнеткерлер. Ток-шоулар мен сот бағдарламаларына олар келіп, қажет жерінде қол соғып отырады. Түрлі акциялар, митингілерге барып, шу шығарады. Бір айда осындай ақылы шараларға қатысу арқылы зейнетақысынан көп ақша шығарып алады.

"Орташа баға – күніне 500 рубль. Көп дегенде 10 немесе 12 мың алады", - деп санап берді Огороднов.

Мәскеу тәжірибесін аудандар да белсене пайдалана бастаған. Мысалы, Красноярскіде мэр болудан үміткерлердің бірін қолдаған шеруден соң оған қатысқан топқа ақшасын берген.

Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтіндерді тегін пайдаланатын жағдайлар да кездеседі. Әрбір келісілген шеру өткізер алдында мемлекеттік мекемеге қажетті адам санын көрсетіп, хат жібереді.

Оппозициялық саясаткерді "Ресей мүддесін сатқаны" үшін айыптайтын ашулы топқа қалай жауап беру керектігі туралы "Настоящее время" сайтына Дмитрий Гудков айтып берді, қазір оның штабы Мәскеу муниципалдық депутаттарын сайлау бойынша үлкен кампания өткізбек.

– Оларды штабқа әкелу үшін тым құрығанда жақсылап шай беру керек, дұрыстап сөйлесу керек. Соның бәрін интернеттен көрсетсе болады, тамаша пиар дайын. Мемлекеттік думаға сайлау науқаны кезінде 251 кездесу өткіздім, 70-кездесуден соң бір нәрсені айта бергеннен өзім шаршап, ұйқым келетін болды. Құдайға шүкір, сол кезде мэрия 5-7 арандатушыны әдейі жіберетін, олар айғайлап, қарапайым адамдар мен БАҚ-тың назарын аударатын. Соның арқасында науқан біткенше шыдадым. Оларға үлкен алғыс айтамын. Кездесулерге арандатушылар келгенде, олардың айғайына жақын маңдағы үйлердің тұрғындары бәрі жиналатын.

– Арандатушылардың түрі қандай? Жасы мен жынысына қарай оларды қалай ажыратуға болады?

– Әрекетіне қарап ажыратасыз. Әр жерде әртүрлі болады.

– Егде тартқан әйелдер ме, ерлер не, әлде казактар ма?

– Әртүрлі.

– Сөзіңізге қарсы шығатын түрлі адамдармен жұмыс істеудің әдісі бар ма?

– Біріншіден, аулаға келгенде қолымда колонкам мен микрофоным болады. Сондықтан адамдар келіп, [АҚШ] "мемлекеттік департаментінің агенті" деп айғайлаған кезде, оны мен ғана естідім. Қалғанының бәрі дыбыс күшейткіш арқылы менің даусымды естіді. Ал мен айғайға мән бермей сөйлей аламын. Екіншіден, әжелер келіп: "Гудков, бізді құртқысы келетін Америкаға қарсы не істеуге болады?" деп сұрағанда әркез өте сабырлы түрде: "Әже, үйге барып, теледидардың пультін қосыңыз, солайша Американы да, Еуропаны да жеңесіз, өміріңіз тынышталады" деп жауап беремін. Сосын барлық әжелер күліп алып, міндеттерін орындап үйлеріне қайтады, біз кездесуді жалғастырамыз.

– Сонда бұндай әйелдермен күресу – бекершілік іс пе?

– Иә. Бұндай әйелдерге қарсы шығуға болмайды, елдің бәрі сол кезде саған қарап тұрады.

– Гудковтың шарасына қатысу немесе Навальныйдың штабына бару туралы шешімді ондай адамдар қалай қабылдайды? Бұның бәрін кім ұйымдастырады деп ойлайсың?

– Әдетте ол төменгі деңгейдегі шенеуніктер, басқарма қожайындары, мысалы, Мәскеуде басқарма төрағасы әжелерді жинайды. Адамдар әртүрлі: біреу ақша үшін келеді, енді бірі "Жилищниктің" белсендісі, ол біздің МБК, қызмет көрсетеді...

– Яғни, олармен тікелей жұмыс істей ме, активтері бар ма?

– Иә, актив. Ол әртүрлі жұмыс істейді. Менің мақсатым – қарсыластарымды жақтастарыма айналдыру. Бірақ оған мән бермеу керек, ең бастысы біреу ұрып жібермек болса, қорғайтын күзетің болуы керек. Қауіп төнбесе, мән берудің керегі жоқ. Мен күзетпен жүргенде ішіп алған біреулер сахнадан сүйремек болды. Оларға мән бермедім, күзетшілер оларды әшейін алып кетті, қол жұмсауға болмайды, ондайға тыйым салдық.