2011 жылғы араб толқуын Еуропа 1848 жылы бастан кешірген

Өртеніп кеткен көліктердің алдында тұрған жергілікті тұрғын. Ливияның шығысындағы Тобрук қаласы, 24 ақпан 2011 жыл

АҚШ-та шығатын Slate Online («Слэйт онлайн») журналы ақпанның 21-і араб елдеріндегі саяси толқуларды 1848 жылы Еуропада болған ала-құла революцияларға теңейді.

Автор өзінің мақаласын тарихшы Питер Стернстің 1848 жылғы революция жайлы «Әрбір революция өз аясы, өз дәуірі тұрғысынан бағалануы тиіс. Әр революцияның әсері де өзгеше болады. Революциялар бір жерден екінші жерге жайылып отырады. Белгілі бір шекке дейін бір-бірімен араласып кетеді. Әр революцияның қайғысы жеке қалыптасады. Әрқайсысының өз көсемі, өз дағдарысы бар. Сол себепті әрқайсысын жеке-жеке баяндау ләзім» деген сөзінен бастайды. Дәл осы үзіндінің қазіргі Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада болып жатқан толқуларды дәл сипаттайтынын атап өтеді.

БҰЛ РЕВОЛЮЦИЯ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК

Соңғы уақытта сарапшылар Тунисте, Ливия және Египет қалаларындағы наразылықтар мен осыдан жиырма жылдан аса уақыт бұрынғы Прага мен Берлин қалаларында болған толқуларды ұқсастыра бастады. Бірақ екі кезеңдегі революциялардың арасында үлкен бір айырмашылық бар екенін жазады автор. Коммунизмді құрдымға кетірген Прага мен Берлиндегі толқулардың сипаты бір болды, себебі ол бір ғана тарихи оқиға – Совет одағы аяқ астынан жергілікті диктаторды қолдамай қалғасын тұтанып еді. Ал араб революциясы керісінше, экономикалық, технологиялық және демографиялық өзгерістердің нәтижесінен туындады және революция әр елде әр басқа реңк алып, түрліше сипатқа ие болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда бұл революция 1989 жылғы төңкерістен гөрі, 1848 жылы Еуропада болып өткен революцияға көбірек ұқсайды деген ой айтады автор.
Әрбір революция өз аясы, өз дәуірі тұрғысынан бағалануы тиіс. Әр революцияның әсері де өзгеше болады. Революциялар бір жерден екінші жерге жайылып отырады. Белгілі бір шекке дейін бір-бірімен араласып кетеді. Әр революцияның қайғысы жеке қалыптасады. Әрқайсысының өз көсемі, өз дағдарысы бар. Сол себепті әрқайсысын жеке-жеке баяндау ләзім

Тұтастай алғанда араб революциясына қатысушылар секілді либералды ұлтшылдық пен демократиялық құндылықтарды ту ғып ұстаса да, Еуропада орта тап өкілдері жүзеге асырған 1848 жылғы революцияның әр елдегі алға қойған мақсаты түрліше болды. Мәселен, Венгриядағы революцияда халық габсбургтік Австриядан өзіне тәуелсіздік беруін талап етті. Ал қазіргі Германия жерінде революция герман тілінде сөйлетін халықтардың біртұтас мемлекетке бірігуін мақсат тұтты. Франциядағы революция монархияның құлауын қайтара талап етті. Көптеген елдерде революция түрлі этникалық топтар арасындағы қақтығыстарға әкеп соқтырды. Кейбір елдерде революция сыртқы күштердің араласуы салдарынан орта жолдан тоқтап қалды.

1848 жылғы революция тұтастай алғанда сәтсіздікке ұшырады деуге болады. Венгриялықтар австриялықтарға соққы бергенімен, жеңіске жете алмады. Германия біртұтас мемлекетке біріге алған жоқ. Француздардың құрған мемлекеті бірнеше жылдан кейін ыдырап кетті. Жаңа түзілген конституциялар да өз күшін жойды. Монархия құлағанымен, соңыра қайтадан билік басына келді. Осы себепті ағылшын тарихшысы Алан Тэйлор кезінде 1848 жылға "тарихтың шешуші кезеңіне келіп тұрып, нақты шешім қабылдай алмай қалған тұсы" деп бағасын да берді дейді басылым.
1848-49 ж.ж. француз шапқыншыларынан қорғанып жатқан Рим республикасы. Сол заманғы куәгер салып қалдырған сурет.

Дегенмен, автор тарих таразысына салып қарағанда, 1848 жылғы идеялар мәдени ұстынға ие болып, революцияның алдына қойған мақсаты ақыр соңында жүзеге асты деген пікірде. Оның дәлелі – ХІХ ғасырдың аяғында канцлер Отто фон Бисмарк Германияны бір мемлекетке біріктірсе, Францияда Үшінші республика орнады. Бір кездері Габсбургтер империясының қол астында болған ұлттар бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін өз алдына тәуелсіздігін алды. Жоғарыда аталған 1848 жылғы революция 1849 жылдың көкжиегінен қарағанда сәтсіздікке ұшырағандай болып көрінгені рас, алайда 1899 немесе 1919 жылдар шамасында аталған революция болашақ өзгерістердің жаршысы болғандығына көзіміз жетеді дегенді алға тартады басылымның шолушысы.

ТӨҢКЕРІСТІҢ СИПАТЫН ТЕЛЕАРНАДАН БАЙҚАУ ҚИЫН

Осы сияқты биыл араб әлеміндегі революциялардың мақсаты бір-біріне ұқсамайтындығын, оған қатысушы адамдардың әрқандай жауапкершілік жүгін арқалағанын, әрі қоғамның түрлі табынан шыққанын байқауға болады. Сондықтан әр мемлекетте жүзеге асқан революцияны сол мемлекеттің өзінің даму аясында, өз дәуірі тұрғысында бағалау шарт дейді автор. Мәселен, Египетте әскерилердің қабылдаған шешімінің маңыздылығы наразылық танытушылардың іс-қимылымен пара-пар болуы мүмкін. Ал Бахрейндегі басты мәселе сунниттер мен шииттер арасындағы қақтығыстардан туындайды. Тунис пен Йемендегі Исламның атқаратын рөлі де бір-бірімен қабыспайды дегенді айтады. Ал Ливия билігі реті келсе өзге елдердегі толқуларда болмаған күш қолдану саясатын ұстануға кет әрі еместігін көрсетті.
Үкіметке қарсы шеруге шыққан Бахрейн жұрты. Манама, Маржан алаңы, 16 ақпан 2011 жыл

Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы оқиғаларды біріктіре қарастырып, оған бір ғана «Араб революциясы» деп ат беруге болады, бірақ мұнда революция шарпыған елдердегі жағдайдың ұқсастығынан гөрі бір-бірінен айырмашылығын атап көрсету өте маңызды деп санайды басылым шолушысы.

2012 жылы араб мемлекеттеріндегі қазіргі революциялық толқулар жекелей немесе тұтастай алғанда сәтсіздікке ұшыраған болып көрінуі бек мүмкін. Автор өзі бұған дейін жазғанындай, билікті өткізіп берудің ең оңтайлы және ең қауіпсіз жолы – келісім. Аймақтағы бірқатар диктаторлар мұны түптің-түбінде түсінеді деген пікірде. Бұдан әрі автор бәлкім осы толқулар басылғаннан соң диктатура қайтадан орнап, демократия аяқасты болар, этникалық шиеленістер этникалық негіздегі қақтығыстарға ұрындырауы да мүмкін деген болжам айтады. Дәл 1848 жылғыдай, бұл жолы да саяси жүйенің өзгеруі өте ұзақ уақытқа созылуы ықтимал. Әрі бұл барлық мемлекетте бірдей толқулар арқылы жүзеге аспауы да ықтимал деп санайды автор.

Телеарналар толқу кезінде оқиғаларды біржақты баяндап, оның тек басталуы, ортасы және соңғы жағын ғана жеткізеді. Ал шынайы барысы назардан тыс қалады. Тарих толқынын уақыт өткен сайын бір мезет ой елегінен өткізіп отыру төтенше маңызды, себебі ол біздің бүгінгі күніміздің өткен шақтан пәлендей айырмашылығы жоқ екендігін есімізге салып отырады деп түйіндейді автор өз пікірін.