"Көз жасымыз таусылды". Украинаның шығысында Ресей әскерінен азат етілген ауылдардың ахуалы

Ресей басқыншылығы салдарынан қираған үйдің қасында көлікте отырған жергілікті тұрғын. Долина ауылы, Донецк облысы, Украина, 2 қазан 2022 жыл.

Ресей басқыншылығы Украинаның шығысындағы бейбіт халықты тығырыққа тіреп, тағдырын тәлкекке салды. Украинаның қарсы шабуылы оларды оккупациядан азат еткенімен, көбінің өмірі күл-талқан болды.

"Жағдайымыз қандай? Керемет!" дейді әпке-жездесі, ағасымен бірге қираған үйдің жанында тұрған Марина Снижинская кекесінмен. Ол Украинаның шығысындағы ауылдағы осы үйін бірнеше жыл салғанын айтады.

Марина Снижинская мен туыстары Ресей басқыншылығы кезінде толық қираған үйдің орнында тұр. Долина ауылы, Донцк облысы, Украина. 5 қазан 2022 жыл.

"Көз жасымыз таусылды" дейді ол. Ағасы сөзімізді бөліп: "Сөйтіп, бұл жерде енді күліп тұрмыз" деді.

"Жынды адам сияқты" деп қосты Марина. Бұл сөзге бәрі бірге күліп жіберді.

Украинаның шығысындағы басқа да ауылдар сияқты Долина да соғыс кесірінен жермен-жексен болған. 24 қаңтарда Ресей әскері шабуылдаған соң ауыл соғыс өтінің ортасында қалып, қыркүйекте Украинаның қарсы шабуылынан кейін азат етілген.

42 жастағы Марина Снежинская жаңа үйіне көшіп үлгермеген, енді көше де алмайды да: үйге 12 снаряд түскен. Ата-анасының үйі де, ағасы Николай Мироненконың үйі мен азық-түлік және тұрмыс заттарын сататын дүкені де толық қираған.

Ресей басқыншылығы салдарынан Николай Мироненконың азық-түлік және тұрмыс заттарын сататын дүкені толық қираған. Долина, Донецк облысы, Украина, 5 қазан 2022 жыл.

"Енді бәріміз жұмыссыз қалдық" деді 58 жастағы Николай Мироненко.

Марина кейінгі бес күн бойы туыстарымен бірге қираған үйдің орнын тазалап, соғыстан аман қалған заттар бар ма деп іздепті.

"Қирамағанын ұрлап әкетіпті" дейді ол.

Донецк пен Харьков облыстарының ортасында тұрған Долина ауылы ешқашан оккупацияланбаған. Ресей әскері оған жақындағанымен, көрші Славянск қаласына өте алмаған. 2014 жылы Ресейдің қолдауына сүйенген сепаратистер мен Украина күштері арасындағы соғыс сол қалада басталған еді.

Ресей әскері Долина ауылы маңында тастап кеткен әскери танкіге тігілген Украина туы. Донецк облысы, 10 қазан 2022 жыл.

Марминаның отбасы биыл наурызда алғашқы ракета шабуылынан соң ауылдан қашқан. Әуелде Долинадан шамамен он шақырым жердегі Святогорский шіркеуіне барып, сол жақтан Украинаның батысына кеткен. Шіркеуге жасалған шабуыл кезінде аяғы жараланған ұлын сол жақта емдеткен.

Долина халқының бәрі Украинаның қауіпсіз аудандарына, Еуропаға немесе Ресейге кеткен дейді олар.

"Қайта оралатындай ештеңе қалған жоқ" деді Мироненко таулар мен ормандарға көз салып. "Соғыс қой, не істей аламыз? Егер сарбаз болсам, мен де үйімді қиратар едім".

"ҚИРАҒАН АУЫЛЫМЫЗДЫ ҚАЙТЕМІЗ?"

Украина қарсы шабуыл кезінде шығыстағы біршама жерін жаудан азат етті. Олардың арасында Русские Тишки деген ауыл да бар. Харьков пен Ресей шекарасының ортасындағы ауыл да қазір бос қалған.

Ауылдағы қоқыс-қирандыны тіміскілеп, азық іздеген ондаған ит көзге түсті. Елді мекенде қалған адамдар жартылай қираған үйдің алдында от жағып, тамақты далада пісіреді. Иттер сол жерге иіс сезіп келсе керек.

Елена Бубиенко қазір тұрып жатқан көппәтерлі үйдің алдында тұр. Русские Тишки ауылы, Харьков облысы, Украина, 1 қазан 2022 жыл.

Елена Бабиенко күйеуі екеуі 81 жастағы сал анасына қарайлап кете алмайтынын айтады. Ол бірнеше ай бойы басқаларға қарағанда шамалы ғана бүлінген ғимараттың жертөлесінде ауылдан жиналған мысықтардың арасында жатқан.

Ресей әскері Русские Тишки ауылынан мамырдың басында кеткен. Оккупация 72 сағатқа созылғанымен, атыс бірнеше апта бұрын ғана Украинаның қарсы шабуылынан кейін тоқтаған.

Бабиенко орыс жауынгерлеріне деген жеккөрініш сезімі жоғын, өзін солардың бірі құтқарып қалғанын айтады.

Бірде ол көшеде бір қолымен велосипед рөлін ұстап, екінші қолымен иттің тамағы салынған шелек көтеріп кетіп бара жатқанда жақын маңға бомба түсіпті. Елена өзін орыс сарбазы тасаға кіргізгенін айтады. Екеуінің көз алдында жеті жасар қыз қаза тапқан.

Елена кейінірек Лешка есімді тағы бір сарбаз (оны "жақсы бала" деп сипаттады) орыс армиясының ауылға шабуылдағаны үшін тізерлеп тұрып кешірім сұрады дейді.

"Оларды кешіре алармыз-ау, – дейді ол. – Бірақ қираған ауылымызды қайтеміз?"

Еленаның үйі де, анасының, әпкелерінің үйі де атыс-шабыстан қираған. Ол үшеуі көрші тұрған. Қазір Бабиенконың қызы мен немересі, ұлы мен келіні де шетелде тұрады: олар Ресей арқылы Польшаға кеткен.

Қараусыз қалған иттерге тамақ істеп беріп отырған әйел. Русские Тышки ауылы, Харьков облысы, Украина, 1 қазан 2022 жыл.

Елена Бабиенко ауылдан кетпейтінін айтады.

"Мұнда жүзден астам мысық, жүзден астам ит бар, – деді ол. – Кейбірінің иесі оларды қайтарып алуға және құтқарғаным үшін маған алғыс білдіруге келе жатыр".

ЛИМАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Лиманда егде жастағы ерлі-зайыпты снаряд тиіп құлаған ағаш сынығын жинап, үш дөңгелекті мотоцикль арбасына салып жүр. Донецк облысындағы бұл қала 1 қазанда Ресей әскерінен азат етілгенге дейін 127 күн оккупацияда болған.

Лиман тұрғыны Владимир Куцевич әйелі екеуі снаряд тиіп құлаған ағаш сынықтарын жинап, үш дөңгелекті мотоцикль арбасына салып жатыр.

"Мәрт жігіттер! Маған ара алып келді, ағаш кестік" деді Владимир Куцевич қаланы күзетіп жүрген Украина сарбаздарына ризашылық сезіммен.

Ресей әскері президент Владимир Путин Украинаның үш облысын Ресейге қосу туралы құжатқа қол қойған күннің ертеңіне Лиманнан шығып кеткен.

Олар кеткен соң бір аптадан кейін Лиман бос қалған. Қалада қалған азаматтар гуманитарлық көмек алу үшін орталықта кезекте тұрған. Ғимараттардың көбі қираған. Артиллерия дауысы алыстан үнемі естіліп тұрады.

Долина ауылынан Славянск қаласына баратын жол бойында қалған қираған әскери танк. Донецк облысы, Украина, 5 қазан 2022 жыл.

Лиманға барар жолда қираған көліктер мен танктер жайрап жатыр. Қаза тапқан орыс сарбаздарының сүйегін қала мен оның маңынан жуырда ғана алып кеткен. Олардың киім-кешегі көшеде шашылып жатқан.

Владимир Куцевич әйелімен Лиманнан кетпек болыпты. Бірақ олар қайда, қалай қашарын білмеген, оның үстіне атыс жиілеп, амалсыз оккупация кезінде сонда қалуға мәжбүр болған. Олар жылусыз, жарықсыз күн көрген. Қазір күздің суығына дайындалып, ағаш теріп жүр.

Лиман қаласына жақын жердегі Шандриголово ауылында Ресей әскерінің шабуылынан қатты бүлінген үйінің алдында тұрған отбасы мүшелері. Донецк облысы, Украина, 4 қазан 2022 жыл.

Владимир Куцевич атыс-шабыс кезінде ағасы мен басқа да таныстарынан айрылған. Көп жыл бойы жинаған совет медальдары мен маркаларын орыс әскері ұрлап кетіпті. Ерлі-зайыптылар оккупация кезінде өздеріне шетелдегі балалары хабарласа алмай қалғанын, қазір жиі қоңырау шалып тұратынын айтады.

"Өмір ақырындап бір арнаға түсіп келе жатыр, – дейді жақында ғана басқыншылардан азат етілген Лиманның қарт тұрғыны жинап-терген ағашын мотоцикль арбасына салып жатып. – Тек аяғымның дірілі басылмағаны болмаса".

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Путин Украинада ядролық қару қолдануы мүмкін бе?"Өзім көргендердің бәрі Украина жеңетініне кәміл сенеді". Киевтегі қазақ журналисімен сұхбатҚантөгіс, хаос, дағдарыс. Ресейдің Украинаға басқыншылығының зардабыМариуполь блокадасын көрген қазақстандық: Өртенген үйлерді аралап, тамақ қалдығын теріп жедік"Камера алдында қуану, әскерден қашу және экономикалық тоқырау". Донбасс халқы соғысты қалай өткеріп жатыр?