"Азаттық әлі керек". Радионың Алматы бюросы қалай ашылды?

Азаттық радиосының Алматыдағы бюросын ашу рәсіміне қатысқан (солдан оңға қарай): Саясат Бейісбай, Шерхан Мұртаза, Хасен Оралтай, Қиял Сабдалин. Алматы. 22 шілде, 1993 жыл.

Совет одағы ыдырап, Қазақстан тәуелсіздігін алған соң, Алматыда Азаттық радиосының бюросы ашылды. Оның ашылуы рәсімінде тілек-ұсыныстарға қоса естелік айтқандар да болды. "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының 70-эпизоды осыған арналады.

Your browser doesn’t support HTML5

Азаттық радиосына алғыс айтылған кеш. Алматы бюросы қалай ашылды?

1993 жыл, 22 шілде. Осы күні Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматы қаласында Азаттық радиосының бюросы ашылып, арнайы рәсім өткен. Радионың Қазақстандағы өкілдігі ашылған кезде Азаттықтың жұмыс істеп жатқанына 40 жыл болған еді.

Алматы бюросы Азат Еуропа / Азаттық радиосының Мәскеу мен Киевтен кейін ашылған үшінші, Орталық Азиядағы алғашқы өкілдігі болды.

ФАКС АЛМАСУ – ТҰСАУКЕСЕР РӘСІМІ

Азаттық радиосының сол кездегі орталығы Германияның Мюнхен қаласында еді.

"Құрметті радиотыңдаушылар! Шілденің 22-сі күні Қазақстан астанасы Алматыда Азаттық радиосының бюросының ашылуына байланысты тұсаукесер рәсімі болып өтті. Азаттық радиосы бюросының Алматыдағы үйінен Мюнхендегі штаб-пәтерге тұңғыш рет факс жөнелтілді. Бюроның ашылуына қатысу үшін Мюнхеннен Алматыға арнайы келген Азаттық радиосы Қазақ бөлімшесінің директоры Хасен Оралтай мырза радио басшысы Кевин Клоуз мырзаға, оның орынбасары Лери Шервин мырзаға, Ұлттар редакциясының бастығы Риз мырзаға факс арқылы құттықтау жолдады. Жауап ретінде Риз мырза да Хасен Оралтайға факс жолдады. Осы тарихи қуанышты оқиғаға байланысты Азаттық радиосы штаб-пәтерінен, атап айтқанда Қазақ редакциясы қызметкерлерінен де құттықтау жедел-хат келіп түсті", – деп хабарлаған Азаттық радиосы олардың аты-жөнін атаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Эмиграциядағы журналистика. Азаттықтың алғашқы қызметкерлері кімдер?

Сол қатарда Абдулқайым Кесіжі, Махмет Құлмағамбетов, Абдулуақаб Қара, Нұркамал Пынар, Суат Теміз, Гүлхан Хайратолла, Ісмет Бичердің есімдері аталды.

Бұл ақпаратты эфирден хабарлаған – Азаттықтың Қазақстандағы алғашқы тілшісі, Алматы бюросының алғашқы жетекшісі, бүгінде марқұм Қиял Сабдалин (1948-2018) еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Азаттықтың Қазақстандағы алғашқы тілшісі

Оның хабарлауынша, бюроның ашылу рәсіміне арналған салтанат "Достық" қонақ үйінде өткен. Жиынға Қазақстан үкіметінің мүшелері, халық депутаттары, президент аппараты мен министрлер кабинетінің жауапты қызметкерлері, жергілікті және Қазақстанда тіркелген шетелдік баспасөз өкілдері қатысқан.

Осы шарада Азаттық радиосы Қазақ бөлімінің директоры Хасен Оралтай, Қазақстан мемлекеттік теле-радиокомитетінің төрағасы Шерхан Мұртаза, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Кортни, Түркия елшілігінің өкілі Вели Еркін, Қазақстан президенті баспасөз қызметінің сол кездегі жетекшісі Игорь Романов, "Шалқар" газетінің бас редакторы Уақап Қыдырханұлы, Алматыда ағылшын тілінде шығатын "Kazakhstan" газетінің бас редакторы Нұрмахан Оразбек, Рейтер агенттігінің тілшісі Михаил Көбеков және т.б. адамдардың сөз сөйлегенін Азаттық эфирден хабарлаған.

БЮРОНЫҢ АШЫЛУЫ – ЕЛДЕГІ ДЕМОКРАТИЯНЫҢ КӨРІНІСІ

Азаттық радиосы Алматы бюросының ашылу рәсімін Хасен Оралтай сөз сөйлеп ашқан. Ол радионың қысқаша тарихын айтып, жаңадан ашылған бюроның жұмысына сәттілік тілеген.

"Азаттық радиосы бөлімшесінің тәуелсіз Қазақстанның астанасында ашылуы Қазақстан тәуелсіздігінің және Қазақстанда демократия, баспасөз және ой-пікір еркіндігі бар екендігін айқындаушы фактілерден саналады", – деген Хасен Оралтай.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Азаттықтың қазақ редакциясын басқарған Хасен Оралтай кім?

"Азаттық радиосы Америка Құрама Штаттары конгрессі жағынан қаржыландырылған, халықаралық заң және келісімдерге сай іс апаратын радио екені мәлім. Азаттық радиосы Қазақ бөлімшесінің программалары алғаш рет 1953 жылдың наурыз айының 18-і күні әуе толқынына шыққан-ды. Содан бері 40 жыл болыпты. Өткен 40 жыл бойы Азаттық радиосы БҰҰ адам құқығы жөніндегі жалпы декларациясы негізінде информация мен пікір алмасу, халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылыққа үлес қосатын, негізгі адам құқығын сақтау бағытынан тайған жоқ. Бұдан былай да сол бағытқа берік болады", – деген Азаттық радиосы Қазақ бөлімінің басшысы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бостандық радиосынан" – Совет Одағы құлағанға дейін

Ол радионың миссиясына қоса бағыт-бағдарын да айта кеткен.

"Азаттық радиосы әкімшілік басындағы немесе оппозициядағы саяси партиялардан, қайсыбір топ, ұйымдардан, елдегі және шеттегі діни ұйымдардан тәуелсіз, ешбір саяси көзқарастың, шаруашылық және діни көзқарастың қостаушысы болмай, нағыз шындық негізінде программа беріп келді. Бұдан былай да солай болады", – деген Хасен Оралтай.

"ОСЫ ЗАМАНҒА ЖЕТУГЕ ДАЙЫНДЫҚ"

Азаттық радиосының Алматы бюросының ашылу рәсімінде Хасен Оралтайдан кейін сөз алған Қазақстан теле-радио комитетінің төрағасы Шерхан Мұртаза совет кезінде "Азаттық" атауын ойға алудың өзі қиын болғанын, сөйтсе де Азаттық радиосын "жастықтың астына жасырып тыңдағанын" айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сайлау мен Тәуелсіздіктен соң. Назарбаев ресми басылымнан бұрын шетелдік БАҚ-қа сұхбат берді

Ол өзі тәуелсіздік қарсаңында бас редакторы болған "Социалистік Қазақстан" газетінің атауын "Азат Қазақстан" деп өзгертпек болғанда кедергіге ұшырап, ұсынысын билік басындағы коммуннистік партия қабылдамағанын еске алған.

Шерхан Мұртаза Азаттық радиосының совет кезінде Алаш арыстарының өмірі мен қызметі туралы хабарлаған бірден бір ақпарат құралы болғанын баса айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәуелсіздіктің бір жылдығында билік Алашорданың 75 жылдығын атамады

"Сол кезде осы есімдерге біздің құлағымызды үйреткен осы Азаттық радиосы болатын. Сол үшін де біз Азаттық радиосына рақмет айтуға тиістіміз. Осы радио біздің қандай ел екенімізді, тарихымыздың қандай екенін, шындық қандай екенін бізге ертеден айтып, осы заманға жетуге дайындықтың бір түрін жүргізіп келді ғой деп ойлаймын", – деген Шерхан Мұртаза.

ДИПЛОМАТТАР ЛЕБІЗІ

Азаттықтың Алматы бюросының ашылуы рәсімінде сөз сөйлеген Американың тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы елшісі Уильям Кортни Азаттықтың жарты ғасырдай уақытқа созылған "қырғи-қабақ соғыс" кезінде нағыз азаттық үніне айналғанын еске алды. Коммунистік партия келмеске кеткеннен кейінгі міндеттің демократияны дамыту мен нарықтық экономикаға көшу екенін айтқан елші Қазақстанға оптимизммен қарайтынын, елдегі адамдардың прагматик екенін атап өткен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанға сапарлаған алғашқы шетелдік ресми қонақ және Назарбаевтың ядролық қарудан бас тартпаған кезі

Уильям Кортни Азаттық радиосының Қазақстанда тіл мәселесі өткір тұрған кезде сол олқылықтың орнын толтырғанына да тоқталған.

Совет одағы кезінде Қазақстанда қазақ халқы азшылыққа айналып, қазақ тілінің рөлі кемітілгені белгілі. Азаттық радиосының сол кездегі эфирінде бұл мәселе жиі назарға алынған.

Осыны меңзеген АҚШ елшісі Қазақстанда демократия талаптарына сай басқа да тілдерге кедергі жоғын айтып, жаңадан ашылған бюроның жұмысына сәттілік тілеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Мемлекеттік тіл тек қазақ тілі болуы керек! Орыс тілінің өз елі бар"

1993 жылы 22 шілдеде Азаттық радиосының Алматыдағы бюросының ашылу рәсімінде АҚШ елшілігінен сөйлеген Рение ханымның айтқанына қарағанда, мұның алдында Мәскеуде бюро ашу оңайға соқпаған. Осы жиында сөйлеген Түркияның Қазақстандағы елшілігінің өкілі Вели Еркін радионың жаңа бюросына ақ жол тілеген.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ НЕ ДЕДІ?

Азаттықтың Алматы бюросының ашылу рәсімінде елдің билік өкілдерінен Шерхан Мұртазадан кейін сөйлеген – Қазақстан президенті баспасөз қызметінің сол кездегі жетекшісі Игорь Романов болды.

"Азаттық радиосымен байланыс біраздан бері орнаған. Біз осыған дейін біраз зерттеулер жүргіздік. Радиостанцияның институтымен бірлесе отырып, шаралар атқардық. Көптен бері тілшілері де осында жұмыс істеп келеді. Ақпарат алмасу ісі де жақсы жолға қойылған. Алматыда тілшілер пунктінің ашылуы осы жұмыстарды одан әрмен жандандыра түседі деп білемін", – деген Қазақстан президенті баспасөз қызметінің жетекшісі.

"Азғындар, опасыздар, қой терісін жамылған қасқырлар". Қазақстанда совет тұсында және кейін Азаттық радиосын қалай даттады?

Романовтың бұл жерде меңзеп отырғаны – біраз уақыт бұрын Қазақстанда Азаттық радиосы және Қазақстанның ресми орындарының қатысуымен конференциялар және кездесулер өткен еді. Мәселен, 1992 жылы cәуірде Азат Еуропа / Азаттық радиосы жанындағы зерттеу институты Алматыда "Қазіргі Қазақстан және әлем" тақырыбында халықаралық конференция өткізді. Сол жылы қараша айында Азаттық радиосының бас директоры Кевин Клоуз бастаған Азаттық радиосы және "Америка даусы" радиосының делегациялары Қазақстанға сапарлап келіп қайтқан еді.

Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Сейітқазы Матаевтың Хасен Оралтайға жіберген шақыру хаты. 16 маусым, 1993 жыл. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы Хасен Оралтайдың жеке қорынан.

"БІЗ КЕЗІНДЕ АЗАТТЫҚПЕН АҢДЫСТЫҚ..."

1993 жылы 22 шілдеде өткен Азаттықтың Алматы бюросының ашылу рәсімінде сөйлегендердің бірі, таяуда ғана дүниеден өткен, "Шалқар" газетінің сол кездегі бас редакторы Уақап Қыдырханұлы еді. Ол кезінде Азаттыққа қатысты саясаттың қандай болғанын айтып берген.

Совет одағы ыдыраған соң Қазақстанда жергілікті баспасөз Азаттық радиосының материалдарын мазмұндап жариялайтын болды. Хасен Оралтайдың жеке қорынан алынды

"Бір кезде біз Азаттықпен айтыстық, тартыстық, аңдыстық. Сол Азаттық азат елдің туын тіккен бізге де жетті. Бұл Азаттық радиосының одан әрі дамуындағы бір қадам, азаматтығы деп білемін", – деген ол Азаттық радиосы әлі де қажет екенін айтқан.

"Азаттық әлі керек. Тәуелсіз ел толық азаттығына жетуі үшін де Азаттық керек. Азаттықтың үні толық жетпеген адамдарға керек", – деген "Шалқар" газетінің бас редакторы Уақап Қыдырханұлы.

Ол басқарған "Шалқар" газеті совет кезінде шетел қазақтарына тарайтын. Қазақша басылым Ахмет Байтұрсынұлының қалдырған мұрасы – төте жазуды қолданатын. Советтік Қазақстанда шетелдегі қазақтармен байланыс орнату мақсатында "Біздің Отан" қоғамы жұмыс істеген. Азаттық кей хабарларында осы қоғамды да сынаған. Ал Қазақстанда Азаттықты қаралаған мақалаларға қоса, бұл тақырыпта ғылыми жұмыстар да қорғалған.

"БЕТТЕРІҢІЗДІҢ ҚЫЗАРМАУЫН ТІЛЕЙМІН"

Алматыда ағылшын тілінде шығып тұрған "Kazakhstan" газетінің сол кездегі бас редакторы Нұрмахан Оразбектің айтқан естелігі тіпті қызық. Ол Азаттық қызметкерлерімен 1972 жылы Мюнхенге барған сапарында кездесіп, сол кезде Совет одағында "қауіпті элемент" саналған Қарыс Қанатбайды ақсақал болған шағында көріпті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Азаттықты қаралайтын пьеса, газетке – мақала. Назарбаев сайлауына жалғасқан советтік пропаганда

Мюнхенге барып, сол кездегі Азаттықтың Қазақ бөлімінің басшысы Жәкебай (Жәкен) Бапыштың үйінде қалай бас қосқанын еске алған Нұрмахан Оразбек шағын естелік айтып берді.

"Мен Азаттық радиостанциясындағы жігіттермен 1972 жылы таныстым. Жәкен Бапышев, Абдолла Жүсіпов, Хасен Оралтаймен, Төлемішпен және басқа да жігіттермен сол жолы кездестім. Жәкен үйіне шақырғанда, сонда Қарыс Қанатбай ақсақалды алдырдық. Кезінде Свердловскінің тау-кен институтын бітірген ол Сталинградта трактор зауытында инженер болып істеген", – дейді Нұрмахан Оразбек.

Эмиграциядағы журналистер. Азаттық радиосының ардагерлері

Ол кейде Азаттықтың хабарларын тыңдағанда, кейде келісіп, кейде келіспейтінін де айтқан. Азаттық қызметкерлеріне өз тілегін де жеткізген.

"Сіздердің міндеттеріңіз Қазақстанның әділетті көрінісі туралы хабар тарату деп ойлаймын. Барлық ой-пікірлерді көпшілікке жеткізе білсеңіздер, сонда сіздер тарихта қаласыздар. Барынша әділ жұмыс істесеңіздер, соншалықты жұмыстарыңыз табысты болады. Ертең 10 млн қазақтың алдында беттеріңіздің қызармауын тілеймін", – деп түйіндеген сол кездегі "Kazakhstan" газетінің бас редакторы Нұрмахан Оразбек.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Нұрмахан Оразбеков

Еске сала кетсек, Нұрмахан Оразбек 1991 жылы Мәскеудегі ГКЧП оқиғасы бұрқ ете қалғанда, бірден оған "төңкеріс" деп тәуелсіз баға беріп, мақала жариялаған еді. Азаттықтың Алматы бюросының ашылу рәсімі кезінде радиоға берген комментарииінде президент аппараты баспасөз қызметінің бас кеңесшісі Шәкизада Құттаяқов Нұрмахан Оразбектің "Тамыз бүлігін" әділ бағалаған бірден-бір журналист екенін айтқан. 1991 жылғы "Тамыз бүлігі" кезінде Нұрмахан Оразбек Қарағанды облыстық "Орталық Қазақстан" газетін басқарған.

"ЖАЗУШЫ-ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ 90 ПАЙЫЗЫ ЖҮЙЕГЕ ҚАРСЫ БОЛДЫ"

1993 жылы Азаттықтың Алматы бюросының ашылу рәсімінде сөйлегендердің бірі жазушы Смағұл Елубай еді. Кейін өзі де Азаттықта 10 жылдай қызмет атқарып, радионың Прагадағы студиясынан хабар таратты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ 31 мамыр. Жазушының үздіксіз ұсынысы және Арон Атабек атсалысқан қор

"Егер де Қазақстанның бостандығында кімнің қандай үлесі бар десек, соның 90 пайызы журналист, жазушылардың үлесі дегім келеді. Өйткені олар 70 жыл бойы кейде ашық, кейде үндемей жүріп те коммунистік партияға қарсы болды. Бүгін осы жерде саясатымыз әртүрлі, түріміз әртүрлі, дініміз әртүрлі азаматтар жиналсақ та, бір бағытқа кетіп барамыз", – деген Елубай дүние жүзінде әлі де "коммунистік империялар" қалып отырғанын айтты.

"Коммунизм деген – миға құрсау. Осы тілегімде жер бетінде адамның миына құрсау болатын идеология жойылсын дегім келеді", – деп қорытқан жазушы.

Смағұл Елубай – Совет одағы әлі ыдырамай тұрғанда, цензура бар кезде Ашаршылық туралы алғаш роман жазған жазушы.

ШЫНДЫҚТЫҢ ЖАЛҒЫЗ ЖАРШЫСЫ

Азаттық радиосының Қазақ бөлімі тек Совет одағында өмір сүрген қазақтарға арналмаған. Әсіресе, бір кездегі коммунистік екі режим Совет одағы мен Қытай қарамағында қалған қазақтар – өз атамекенінде отырса да, еркін хабар алудан шектеліп, еркін өмір сүрудің кері зардабын тартты. Қазақстандағы жағдай онсыз да түсінікті, ал Азаттықтың сырттағы қазақтар үшін атқарған еңбегі де осы кеште атаусыз қалған жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ерекше эмиграция. Шығыс Түркістанға барған қазақ пен кеткен қазақтың тағдыры

Қазақ диаспорасының саны 1 миллионнан асатын Қытайдан Қазақстанға көшіп келген жазушы Жақсылық Сәмитұлы осы туралы әңгімелеген. Ол Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаны туралы ақжолтай хабарды алғаш Азаттықтан естігенін және Азаттықтың сол хабарды бірнеше мәрте эфирге бергенін айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Азаттық 1991 жылғы 16-17 желтоқсанда тәуелсіздік жайлы қалай хабар таратты?

"Қытайдағы 1 млн қазақ ақиқатқа, адамгершілік құқыққа соншалықты зәру. Қытай ақпарат құралдарынан шындық хабар білудің мүмкіндігі жоқ. Шындықты ең алдымен Азаттық радиосы арқылы білеміз. Біз ділгір болған хабарларды жалғыз ғана Азаттық радиосынан тыңдап келеміз. Бізге қажетті хабарларды беріп отырған, бізге рухани азық берген Азаттық радиосына алғысымды білдіремін", – деген жазушы Жақсылық Самитұлы Қытайдағы диаспора атынан сөйлеп.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қазақ тарихының әліппесі". Азаттық хабарынан басталған кітап

Бұл кезде Жақсылық Сәмитұлының Қытайдан Қазақстанға көшіп келгеніне төрт ай болған еді.

"ҚҰЛДЫҚ САНАДАН ҚҰТЫЛУ"

Азаттық радиосының осы кешінде азаттық, еркіндік ұғымы туралы ой-пайымдарын ортаға салғандар да болды. Радионың Алматы бюросының ашылу рәсімінде суырылып сөйлегендердің бірі тарихшы Марат Сембин еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Советтік Қазақстанда Азаттық еске салған Наурыз мерекесі

"Бүгін – тарихи күн. Экономикалық тәуелділік пен саяси тәуелділікті айта келгенде, оның тұжырымы құлдыққа тіреледі. Құлдық сана халықтың психологиялық, мәдени және интеллектуалдық деңгейінен көрінеді. Сөйтіп адамды құлға, халықты құлға айналдырады. Біз саяси еркіндікке ие болғанымызбен, экономикалық тәуелсіздікті армандаймыз. Ең бастысы – адамның өз ішіндегі құлдықтан құтылуы дер едім. Біз өзіміздің құл болғанымызды, құл болып өскенімізді мойындауымыз керек. Бізде құлдықтың белгісі өте-мөте көп екенін мойындауымыз керек. Біз осыны түсінгенде ғана өз ішіміздегі құлдық санадан құтыла аламыз. Осы бағытта Азаттық радиостанциясы ауқымды шаруалар атқарды", – деді Марат Сембин.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркістан бөлімі жиілігінен – әлеуметтік желіге дейін. Азаттық медиафорумы

1993 жылғы 22 шілдеде Алматыда өткен Азаттықтың жергілікті өкілдігінің ашылуы рәсімінде басқа адамдар да суырылып сөйлеп, радиоға тілегін айтқан.

ҚАЗІР БЮРО САНЫ 20-ДАН АСАДЫ

Әуе толқынында хабар таратқан кезінде Азаттық радиосы үнемі өз миссиясы мен міндетін еске салып тұрған. Сондайда бағдарлама барысында радиодан мынадай промо жиі естілетін:

"Азаттық радиосы – Америка Құрама Штаттары конгрессі жағынан рұқсат етіліп, қаржыландырылған, сондай-ақ жеке әмерикан басқармалығы жағынан басқарылатын, Ресей, Украина, Беларусь, Қапқазия, Орта Азия, Қазақстан және бұрынғы Кеңес одағының басқа өңірлеріне қаратылған тәуелсіз радиобекеті. Азаттық радиосы адам құқығы жөніндегі жалпыға бірдей декларация мен Біріккен ұлттар ұйымының ереже-жарғысында және Еуропаның қауіпсіздігі мен бірге істестігі жөніндегі Хельсинки конференциясындағы қорытынды-актісінде көрсетілгендей, халықтардың тепе-теңдік құқықтары мен өз тағдырын өздері белгілеу құқығына сай түрде ой-пікір және сөз бостандығын мақұлдайды. Азаттық радиосы демократиялық принциптерді, заңның үстемдігін және нәсілдік, діни-жыныстық, таптық немесе ұлттық негіздегі кемсітушіліктен аулақ болуды басшылыққа алады".

Міне, Азаттық радиосы әлі күнге осы қағидатпен жұмыс істеп, осы бағытпен жүріп келеді. Бір күн де, бір сағат, бір минут та осы ережеден айныған емес.

Ал бүгін "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының соңғы эпизодында 1993 жылғы 22 шілдеде Азаттық радиосының Алматы бюросы ашылғаны және сол шарада сөйлегендер туралы хабарға шолу жасалды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жетпістегі Азаттықтың 40 жылдан аса латынмен жазғаны еленбейді

Қазір Азаттық радиосының әлем елдерінде 20-дан аса бюросы жұмыс істейді. Радио түрлі форматта әлемнің 27 тілінде 30 елге хабар таратады. 2024 жылғы радио бюджеті 142,2 млн доллар болып бекітілген.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы коммерциялық емес жекеменшік ұйым ретінде тіркелген. Оны директорлар кеңесі басқарады. Грант есебінде қаржы бөлетін АҚШ Конгресі ұйымның ішкі жұмысына араласа алмайды. Бұл мәселе АҚШ заңдары арқылы қорғалған.

"Азаттық радиосына 70 жыл" аудиоподкасының барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдай аласыздар.

Осы подкаста Азаттық радиосының архивінен, Стэнфорд университеті Гувер институты кітапханасы және архивіндегі сандық коллекциясынан, Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың Сирек қорындағы Хасен Оралтайдың жеке қорынан, Әлихан Жаналтайдың, Рахима Нұриденнің, Қиял Сабдалиннің, Саясат Бейісбайдың, Досан Баймолданың және басқа да адамдардың жеке архивтерінен материалдар пайдаланылды.