Гангстерлерді, Pussy Riot пен халықты қорғаған адвокат

Адвокат Ирина Хрунова.

Кремльдің үгіті өктем, қарапайым ресейліктер үні көп естілмейді. Азаттықтың Орыс қызметі Ресей қоғамының түрлі өкілдерін, әрқандай мамандық иелерін сөзге тартып, оларды не толғандыратынын ашық әңгіме форматында жариялап келеді.

Азаттыққа ашық әңгіме форматында сұхбат берген ресейлік Ирина Хрунова - 40 жастағы адвокат.

1990-жылдары еңбек жолымды бастағанымда менің клиенттерімнің барлығы гангстерлер болатын. Елді хаос жайлаған заман еді. Бірақ құқықтық тұрғыдан барлығы біршама айқын болатын: ресейліктер ережеге бағынса, ешқандай қиындық болмайтынына, үкіметтің қорғауында болатынына сенетін. Ал басбұзарлар заңды бұзғандары үшін бастарын бәйгеге тігіп жүргендерін жақсы түсінетін.

Ал қазір гангстерлер менің есігімді қақпайтын болды. Қазір менен көмек сұрап келетіндер – заңға бағынатын адамдар. Бүгінгі Ресейде блогерлер де, мүлкіне әлдекімдер көз алартқан бизнесмен де, әлеуметтік желіде билікке жақпайтын пост жариялап, экстремизмді қоздырды деп айыпталған студент те, қысқасы кез келген адам айыпкер болып, сотқа тартылуы мүмкін. Кез келгеніміз. 1990-жылдары жұрт соттан әділдік іздеп баратын. Ол күндер келмеске кетті. Ресейліктер прокурорлар мен судьяларға деген сенімнен жұрдай болды.

Ресейдің құқық қорғау саласында мен байқаған ең айқын эволюция, эволюция емес-ау, деградация – осы.

Қазан қаласы. (Көрнекі сурет)

Мен Татарстан Республикасының астанасы – Қазан қаласында туып-өстім. Бұл – Ресейдегі ең әдемі қала әрі бала өсіруге ең ыңғайлы жерлердің бірі. Оның инфрақұрылымы Мәскеу мен Санкт-Петербургтікімен теңесе алады, әрі көлік кептелісінде де сарсылып тұрмайсың.

Мен үшін ең қымбаты – уақыт. Екі бала өсіріп (олардың бірі – кішкене сәби), қарт ата-анамды бағып отырған, оның үстіне «Агора» адам құқықтарын қорғау орталығында жұмыс істейтін менің қолым үнемі бос емес. Бұл мекемені 2005 жылы жолдасым Павел Чиков және бірнеше заңгер бірлесіп ашқанбыз. Менің әр минутым, әр күнім санаулы.

Үкіметтік емес ұйымдарға, блогшыларға, белсенділерге, тіпті белгілі бір дәрежеде басқаша ойлайтын қарапайым адамдарға қысым күшейгелі біз түрлі өтініштің астында қалдық. Өкінішке қарай, олардың көбін кері қайтаруға мәжбүрміз.

Адвокат – топ-тобымен қызмет көрсететін жұмыс емес. Заңгерлер клиенттері үшін жанын салып күресуі керек әрі олардың әрқайсысына көп уақыт бөлуі тиіс. Ондаған адамды қорғап жүрсең, мұны істей алмайсың. Келгендерді кері қайтарып тұрып қатты қынжыламын, ал қалғандарына бар күшімді салым көмектесемін.

Жұрттың көбі мені Pussy Riot тобының адвокаты ретінде таниды.

Ол бір шабыттандыратын әрі табысты іс болды, себебі біз аз уақыттың ішінде оң нәтижеге жеттік. Екатерина Самуцевич салыстырмалы түрде тез босатылды. Көп қажыр-қайратымыз Надежда Толоконникова мен Мария Алехина жатқан абақтыдағы адам төзгісіз жағдаймен күресуге кетті.

Pussy Riot тобы мүшелері Мария Алехина (сол жақта) мен Надежда Толоконникова (ортада), оның күйеуі Петр Верзиловты (оң жақта) қарсылық акциясы кезінде полиция ұстап жатыр. Мәскеу, 24 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Надя мен Маша даңқтары аспандап тұрғанда түрмеге түсті. Олар өздерінің даңқын түрмедегі жағдайды айыптауға, Ресей абақтыларындағы құлша жұмсау үрдісін сынауға да пайдаланып, басқа сотталушыларға жәрдемдесуге күш салды. Бұл істе олар орасан зор шаруа атқарды. Тіпті бұрын Pussy Riot-ты сынап келген кремльшіл тұлғалардың өздері Ресейде темір тордың ар жағындағы заң бұзушылықтардың бұлайша қоғамдық деңгейде талқыланбағанын мойындады.

Надя мен Машамен әлі де тығыз қарым-қатынастамыз, екеуі де жағымды, ақжарқын адам. Олардың алғашқы музыкалық бейнеклибін Мәскеуге барған бір сапарымда алғашқылардың бірі болып көрдім.

Pussy Riot мені дүйім жұртқа паш етті, Мәскеу қалалық сотының алдында алқалаған журналистер тобына сұхбат беріп жататынмын. Бұл – ел назарына алғаш ілігуім емес еді. Содан бір жыл бұрын ғана мен Мәскеудегі супермаркетте болған атыста екі адамды өлтіріп, жетеуін жаралағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған бұрынғы полиция офицері Денис Евсюковтің ісі бойынша дәл сол ғимараттың алдында сұхбат бергенмін. Мен ол жаралаған екі адамның адвокаты болған едім.

Бірақ бұл ірі сот істері ең есімде қалғандары емес.

Бір әулеттің пәтерге иелік ету үшін соттасқаны - ерекше есімде қалған іс болды. Ресейде жылжымайтын мүлік – қаншама отбасын бұзып, қаншама мыңдаған адамның тағдырына әсер еткен эмоциялық мәселе. Бұл іске бар қажыр-қайратымды жұмсап, өте үлкен «келісімнің» қоясын аштым, соның ішінде ақыл-есі кеміс адамдардың мүлкі қалай тартып алынатынын білдім. Аса бір көңілсіз іс дегенімен, бұл - менің карьерамдағы шешуші сәт болды.

«Павел екеуің жұмыс пен отбасылық өмірдің арасында қалай тепе-теңдік сақтап жүрсіңдер?» деп жұрт жиі сұрайды. Біздің белгілі бір ережеміз жоқ. Мәселен үйде жұмыс бабымен соғылған қоңырауға жауап бермеу, қызмет туралы айтпау деген де ереже жоқ.

Ирина Хрунова мен баласының суреті.

Кішкене балаң мойныңа асылып жатқанда құқық мәселелерін талқылап отыру қалай болғанда да оңай шаруа емес! Отбасыма қамқор болып, жерлестерімді қорғаудан басқа болашаққа үлкен жоспарым да жоқ.

Мен кішкентай нәрселердің өзінен бақыт табатын адаммын: балаларыммен бірге уақыт өткізсем, әкемді ауруханаға алып барып (ол бірнеше жылдан бері ракпен ауырып жүр), үміт күттірер анализ нәтижесіне қарасам, достарыммен демалсам – бақыт деген сол.

Алдымнан кедергі кезіксе, алшаң қадам басып өтемін. Шаңғымен сырғанау мүмкіндігі туғанда шаңғы тебуді үйрендім. Еуропадағы Адам құқықтары сотына шағым түсіру қажет болғанда, сотқа өкіл ретінде қатысатын маманға айналдым. Бала туу керек болғанда, дүниеге сәби әкелдім. Ағылшын тілін білу қажет болғанда тіл курсына жазылдым.

Үлкен амбициялық жоспарым жоқ. Бірдеңені істеу керек болса, барам да, істеймін.

Клэр Бигтің материалы ағылшын тілінен аударылды.