Еуропаға қашқан шешендердің Ресейге қайтқысы жоқ

Германиядан Польшаға депортацияланған шешен Имрам Шаптукаев. Польша, 7 шілде 2013 жыл.

Германия мен Польшадан баспана іздеген шешендер өткен жылмен салыстырғанда екі есе көбейген. Бірақ бассауғалап келген жұртты қабылдауға ынталы ел аз.
Баспана іздеушілердің ескі резиденциясы қасында жалғызбасты ер адам сүлесоқ күйде алысқа көз тігеді. Ол - Ресейдің зорлық-зомбылыққа толы Солтүстік Кавказ аумағынан қашып кеткен шешен. Бірақ Беларусь мен Польша шекарасынан 50 шақырым жердегі Белостокта 72 сағат болған ол мұндағы өмірден де тез түңілді. «Бұл жерде еш жақсылық жоқ. Үш күн ішінде соны түсіндім. Бұндағы адамдардың тірлігін де көрдім» дейді босқын.

Ол осылай жиіркеніп отырғанда басқа босқындар скинхедтерден қалай таяқ жегендерін, Ресейдегі әлеуметтік қызметтің нашар екенін, ондағы қоғамнан өз орныңды табу мүмкін емес екенін айтып, шағымданып жатты. Олардың көбі әдетте Германияға жетуге тырысады. Бірақ онда депортацияға ұшырап, қайтадан Польшаға келеді.

ДУБЛИН РЕГЛАМЕНТІ

2013 жылғы қаңтар айынан санағанда 20 мыңға жуық Ресей азаматы Польша мен Германиядан баспана сұраған, олардың көбі - шешендер.

Сарапшылар 2012 жылмен салыстырғанда Ресейден қашып келгендердің екі есе көбейгенін айтады. Олардың көбі «немістер босқындарға жылы қабақ танытады екен» деген алыпқашпа сөзге сенген. Осылайша, үш елдің арасында сенделіп жүрген азаматтардың саны көбейген. Олар Ресейге оралудан қорқады, Германияда қала алмайды, Польшада да тұрақтаулары қиын.

Германия мен Польша шекарасынан ұсталған шешен босқындары. 15 желтоқсан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Варшавадағы үкіметтік емес ұйым - «Шетелдіктерге жәрдем орталығының» ұйымдастырушысы Петр Быстрянин «Біз уақытымыз бен ақшамызды ғана шығындаймыз, ал мына адамдар өмірін жоғалтады» дейді. Өйткені, оның айтуынша, «шешен босқындарының басындағы қиын жағдай бірнеше жылдарға созылып кетуі мүмкін».

Еуропа Одағының (ЕО) Дублин регламенті бойынша, баспана іздеген адамдардың талабына олар кірген алғашқы ЕО елі жауап береді. Беларусь арқылы Батысқа аттанатын шешендер ең бірінші Польшаға жететіні белгілі.

2004 жылы ЕО құрамына кірген Польша босқын мәртебесін сұраған адамдарды қорғау бойынша ЕО талаптарын орындай бастады. 2008-2009 жылдар аралығында Польша босқын мәртебесін іздеген 3 мыңнан астам шешенді қабылдады. Бірақ 2010 жылы бұл көрсеткіш күрт кеміді, содан бергі үш жылда Польша 600-дей ғана шешенге босқын мәртебесін берген.

ГЕРМАНИЯНЫ АҢСАҒАН ШЕШЕНДЕР

Өтініші кері қайтарылған адамдар Польшаға келіп, қайта шағымдана алады. Польша мемлекеттік әлеуметтік көмек агенттігінің бас маманы Петр Дзецольдың айтуынша, оның кеңсесі күн сайын көбейіп келе жатқан қашқындарды орналастыру үшін қолдан келген қызметті атқарып отыр.

- Аянып отырған жоқпыз, қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Босқындар көп болғандықтан, орталықтың мүмкіндігіне қараймыз және сол мүмкіндікті арттырсақ дейміз, - дейді ол.

Шешен босқындары. Түркия, 23 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Бірақ мұнда 5 жылдан бері тұрып келе жатқан Польшадағы шешен диаспорасының өкілі Шарпуди Ильясов баспана сұраушыларға қағаз жүзінде ғана көмек көрсетілетінін, іс жүзінде жағдайдың мүлде басқа екенін айтты.

- Бұның бәрі - құр сөз. Шындығында еш тәртіп жоқ. Бірде-бір қоғамдық ұйым бізге көмектескен емес. Барлық салмақ өз иығымызға түседі, - дейді Ильясов.

Ол Азаттық тілшісімен Варшавадағы орталық вокзалда кездесті, бірақ алатын жәрдемақысы астанада тұруға жетпейтінін айтты. Шарпуди Ильясов қаланың шалғай шетінде тұрады. Ресейден қашып келген шешендерді үнемі үйіне апарып, оларға пана болады екен.

Оның айтуынша, Польшадағы жағдайды көрген шешен босқындары Батыс Еуропа елдеріне кетуге ұмтылады.

- Ол жақта жұмыс табуға, мамандығыңа сай білім алуға мүмкіндік бар. Мұнда (Польшаны айтады - ред.) ондай мүмкіндіктер жоқ, - дейді Ильясов.

Шешендердің көбі Германияда тұрғысы келеді. Өйткені ондағы бір айлық жәрдемақы мөлшері - 470 АҚШ доллары. Одан бөлек, Польшадағыдан екі есе үлкен үйлер беріледі.

Германиядағы шешендер Шешен тілі күнін тойлап отыр. 27 сәуір 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Германия тарихында бірінші рет Ресейден баспана сұраушылардың саны басқа елдерге қарағанда артып отыр. Сириялықтар қазір екінші орынға түскен.

Бірақ Дублин регламентінде «босқын мәртебесін беру баспана сұраушының табаны тиген алғашқы елдің мойнында» деп анық жазылған.

Германияда қыркүйек айында парламент сайлауы өтеді. Осы сайлау қарсаңында газеттердің көбі шешен босқындарының Ресейден Германияға ағылуын жағымсыз құбылыс ретінде сипаттап жатыр.

Сәуір айында Бостонда болған жарылысты Америкада тұратын екі шешен азаматы жасады деген деректен соң, Солтүстік Кавказда «Еуропа шешендерге есігін жабады екен» деген сыбыс тарады. Бірақ ЕО қағидалары бойынша Еуропа шекарасы босқындарға жабылмайды. Алайда шешендердің жаппай Еуропаға аттануынан ондағы жұрт іш жиып қалды. Көбінекей мұндағы тұрғындар шешендерге күдіктене қарайды.

«ГЕРМАНИЯҒА ЖЕТСЕҢІЗ, ПОЛЬШАҒА ҚАЙТАРАДЫ»

Франкфурттегі «Pro Asyl» үкіметтік емес ұйымының бас директорының орынбасары Бернд Мизович мигранттарды қорғаумен айналысады. Ол:

- Біздің кейбір саясаткерлер шешен босқындарын терроризммен байланыстырғысы келеді. Олардың кейбірі шешендердің көбін террорист ретінде сипаттайтын Ресей шенеуніктеріне сенеді, - дейді.

Германиядағы БАҚ-та да осы құбылыс байқалады. Тамыздың 8-і күні "Die Welt" газетінде жарияланған мақала «Терроршылар Германиядан баспана іздейді» деп аталыпты. Мақалада Германиядан баспана сұраған шешендердің көбеюін шешен жауынгері Доку Умаровтың келесі жылы Сочидегі олимпиада ойындарына шабуыл жасау жоспарымен байланыстырған.

Германияның миграция қызметінің Имрам Шаптукаевқа берген депортация туралы хабарламасы.

​Осы жылы Германияға баспана сұрап өтініш түсіргендердің 82-сіне ғана босқын мәртебесі берілсе, 702-сін кері депортациялау туралы ұсыныс жасалған. Әйелімен бірге Германияда 9 ай тұрған Имрам Шаптукаев Германия баспана беруден бас тартқан соң, маусым айында Польшаға қайтып келген. Азаттық тілшісімен ол Белостоктағы лагерде кездесті.

Имрам Шаптукаевтың айтуынша, «Германия оларды денсаулықтарының нашарлауына қарамастан қайтарып жіберген». Диабетпен ауыратын әйелі Дрезденге жақын жердегі Бишофсверде қаласына ем қабылдауға барған. Әйелінің 12 сағат бойы ессіз жатқанын айтқан ол:

- Польшадан ары кете алмайсыз. Германияға жеткен күннің өзінде сізді қайтадан Польшаға депортациялайды, - дейді.

Азаттық тілшісімен сөйлескен лагерь тұрғындары «жағдайларының өте ауыр екенін» мәлімдеді. Тақия киген ер адам өздеріне биліктің «бейшара ретінде қарайтынын» айтты. Тағы бір адам екі бөлмелі пәтерде әйелі және үш баласымен 5 жыл тұрып жатқанын жеткізді. Жақында ғана мектеп бітірген жас жігіт «скинхедтер ұрып, ауруханаға жатып шыққанын» айтты. Бірақ лагердегі жағдай қанша жаман болса да, олардың бәрі Ресейге қайтудан қорқады.

Шешенстан президенті Рамзан Қадыров. Грозный, 6 тамыз 2013 жыл.

Мыңдаған адам қаза тапқан 1990 жылдардағы екі сепаратистік соғыстан кейін Шешенстанды Кремльге тәуелді Рамзан Қадыров басқарып отыр. Оны құқық қорғаушылар «саяси қарсыластарын азаптап, өлтірді» деп айыптайды.

Солтүстік Кавказда Мәскеу "сеператист топтарға бүйрегі бұрады" деп есептейтін азаматтар қуғынға түсті.

Қолы мен бетінде тыртығы бар 37 жасар Имрам Шаптукаев «қарумен кісі тонады» деген жала жабылып, алты жарым жылға нақақ сотталғанын айтты.

- Шешенстанда қазір түн ішінде үйіңізге келіп, сізді тұтқындайды да, алып кетеді, - дейді ол.

Гленн Кейтстің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан