Ресей ұшағы апатынан 224 адам опат болды

«Когалымавиа» әуе компаниясына тиесілі Airbus 321 жолаушылар ұшағы. Домодедово әуежайы, Мәскеу. 20 қазан 2015 жыл.

Египеттен туристерді алып Санкт-Петербургке бара жатқан ресейлік ұшақ Синай түбегіне құлады. Апат салдарынан 217 жолаушы мен экипаждың жеті мүшесі қаза болды.

Қазанның 31-і күні Ресейдің «Когалымавиа» әуе компаниясына тиесілі Airbus 321 жолаушылар ұшағы Шарм-эш-Шейх қаласының әуежайынан әуеге көтерілген соң 23 минуттен кейін онымен байланыс үзіліп қалған. Арада бірнеше сағат өткенде Египет билігі хабарсыз кеткен жолаушылар ұшағының Синай түбегіне құлағаны туралы хабарлаған.

Ұшақпен байланыс үзілісімен әртүрлі, кейде бір-біріне кереғар болжамдар тарады. Түрлі дереккөздерден түскен болжамдарда ұшақтың байланыс жүйесі істен шығуы мүмкін, ұшақ белгісіз себептермен апатқа ұшыраған деген пікірлер жиі айтылды.

Шарм-эш-Шейх әуежайындағы дереккөзге сілтеме жасалған ақпаратта ұшақ әуеге көтеріле салысымен экипаж байланыс жүйесінде ақау барын хабарлап, шұғыл жерге қонуға рұқсат сұраған деген ақпарат тарады.

Египет баспасөз құралдары елдің әскери ұшақтары дабыл бойынша әуеге көтеріліп, жоғалған ресейлік ұшақты іздеуге кіріскені туралы хабарлады. Осы ақпараттың негізінде, туристер мінген ұшақ Синай түбегінің орталығында апатқа ұшыраған болуы мүмкін деген болжам жасалды. Аталған аймақта «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының қарулы жасағы белсенделік танытып жүргені белгілі. Сол себепті, ресейлік ұшақты атып түсірген болуы мүмкін деген долбар да айтылды.

Ресейлік ұшақ Кипр әуе кеңістігіне еніп, сол елдің диспетчерлерімен байланысқа шығыпты-мыс деген хабар тарағанымен, Ресейдің «Росавиация» мекемесінің өкілдері Кипр билігі тек ресейлік ұшақпен байланыс үзілгенін растағанын ғана хабарлады.

Мәскеу уақытымен түс мезгілінде Reuters агенттігі Египеттің құтқарушылар қызметінің өкіліне сілтеме жасап, Синай түбегінің орталығында жерден табылған сынықтар дәл осы жоғалған ресейлік ұшақтың бөлшектері екенін хабарлады. Бірнеше минуттен кейін бұл ақпаратты Египет билігі де растады.