Чкалов ауылының тасқыннан кейінгі жағдайы

Чкалов ауылындағы Нұра өзені үстіндегі көпірдегі тас бөгет те тасқыннан құтқара алмады, ауылды су басты.

"Ауылдағы үйлердің көбінде сегіз тәулікке жуық су осы деңгейде тұрды. Бастапқы кезде су деңгейі бұдан да жоғары болды" дейді тұрғындар.

Чкалов тұрындары қазір үйлері мен суда қалған заттарын құрғатумен әуре-сарсаңға түсіп жатыр. Ауылдың бас жағында ойда орналасқан үйлер қатты зардап шеккен. Тасқында қалған бірнеше үйдің терезесінің жартысынан су асып кеткен, кейбірінде су деңгейі одан сәл ғана төмен болған. Ауыл ортасындағы кей үйлерді басқан су деңгейі 30 сантиметрге жеткен.

Чкалов ауылының байырғы тұрғындары 2015 және 2017 жылдары көктемде болғандай қатты тасқынды осы кезге дейін көрмегендерін айтады. Бұған дейін, 1970-жылдардан бастап әр он жыл сайын шамалы тасқын болған, бірақ дәл қазіргідей зардап әкелген жоқ дейді тұрғындар. Соңғы екі жылдың көлемінде екі рет қайталанған тасқыннан кейін ауылдың берекесі кеткен. Мүмкіндігі барлардың көбі алдыңғы болған тасқыннан соң Чкаловтан қоныс аударған. Ауылда қалған жұрттың барар жері жоқ дейді Николай Филипиди.

- Кейбір жихазды алып шығу мүмкін болмаған соң оларды лақтыруға тура келді. Түгелдей суда қалған үйді әуелі кептіріп алу керек, онсыз оны қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Сызда тұрып жатырмыз, әсіресе терезені жапқан кезде тынысың тарылып, тұншығасың. Біз әлі 2015 жылғы қатты тасқыннан кейін ес жиып үлгерген жоқпыз, - дейді Азаттыққа 72 жастағы Николай Филипиди.

Ауыл тұрғындары бұған дейін бірнеше рет суда қалған үйлерінің жағдайына алаңдап отыр. Тасқыннан зардап шеккен мұндай үйлерде тұру қауіпсіз емес деп санайды олар. Ауылдағы үйлердің көбі цемент қосылған күлден құйылып жасалғандықтан ылғал тартып тұр. Кейбірінің қабырғасына сіңіп алған су сорғалап, сылағы түсіп жатыр.

Ауылдағы үйлер тасқыннан кейін судан құрғап, кепкенше әлі талай уақыт керек, оған бірнеше жыл қажет болуы мүмкін дейді тұрғындар. Жақында Чкалов ауылында болған Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов мамыр айында төлем төлене бастайды және ешкім жәрдемнен құр қалмайды деп уәде берген.

Чкалов ауылындағы жалғыз азық-түлік дүкені де тасқыннан зардап шеккен, ол әлі жабық тұр. Ауыл тұрғындары тамақ пен өзге де керек-жарағын сатып алу үшін Теміртау қаласына баруға мәжбүр. Көлігі жоқтар қалаға такси жалдап барады немесе ең құрмағанда тамақ сатып әкеліп беруді сұрап көршілеріне қола салады. Әсіресе қарттар мен көпбалалы отбасылар қиындық көріп отыр.

Бұл әйел 85 жастағы анасы мен 68 жастағы әпкесі су басқан үйлеріне қайтып барып тұрудан қорыққан соң оларды өз үйіне паналатып отырғанын айтады.

- Оларды үйіме алдым, өзім осы жерде үйді кептіріп, қарауылдап жүрмін. 2015 жылғы тасқыннан кейін үйімізді әлі толық жөндеп бітпедік, ақша жетпей қалды, сол екі арада күйеуім мен ұлым қайтыс болды... Енді міне, тағы үйді су алды. Анам кәрі, қатты жөтеледі, ал мына үй сыз тартып тұр, - деді Азаттық тілшісіне Наталья Тимошина.

Ауыл тұрғындары үйлері жарамсыз болып қалғанын, күрделі жөндеу жұмыстарына ақша жоғын айтып шағынды. Тұрғындардың көбі 2015 жылғы тасқыннан кейін жасаған жөндеу жұмыстары мен жихазға қарыздарын әлі төлеп бітпеген.

Анна Фомич сыз үйде екі кішкентай баласымен тұруға мәжбүр. Аннаның бір қолы көкала болып қызарып кеткен, әйел оның себебін де білмейді: не бұл үйді суық, лай судан тазартудың салдары немесе осы көрген тауқыметтің бәрін көтере алмаған жүйкесі сыр берді. Әйел соңғы ақшасын су тиген соң бүлінген ағаш еденді алғызып тастап, орнына бетон құйғызуға жұмсағанын айтады.

- Ауылды кезекті мәрте су басуына жол бермеуге мүмкіндік болғанына сенімдімін. Бұл істерге жауаптылардың бәрін қызметтерінен алып, орнына қолынан іс келетін мамандарды тағайындау керек. Және бізге келген зиянды өндіртіп алу керек. Жағдайдың шектен шығуын күтпей, суды дер кезінде ағызып отыру керек еді, - дейді Анна Фомич.

Үйлерін су алған тұрғындар басқа барар жері жоқ болғандықтан санитарлық талаптарға сай емес жерде бала-шағасымен тұруға мәжбүр. Үйдегі қолқаны қабатын көк пен дымның иісінен дем алу мүмкін емес, қабырғалар сарғайып, көгере бастаған, су сіңген еден сұп-суық, төсек-орын дым тартады.

Чкалов ауылының байырғы тұрғыны, зейнеткер Татьяна Вайгент салынғанына 70 жылдай уақыт өткен үйі тағы бір тасқынға төтеп бере алмайды деп уайымдайды. Ылғи тасқын кезінде өзгелерден бұрын осы үйді су алады екен.

- Шарам қалмады, өзгелер тәрізді менің де денсаулығым оңып тұрған жоқ, бірақ, амал жоқ, үйді қайта қалпына келтіруім керек. Үйді жақсылап жөндеп біткенімізге көп болған жоқ еді, енді міне, бәрін қайта бастауға тура келеді. Үйдің ішін су басты. Әйтеуір жихаз бен тұрмыстық техниканы судан сақтап қалдық. 2015 жылғы тасқыннан кейін темірден жасалған үстел-орындық, төсектер сатып алып, бөлмелерге пластиктен жасалған есіктер орнатқанбыз. Билік бізді енді ауылға су келмейді деп сендірмек болғанымен тағы да су басарын білген едік, - дейді Татьяна Вайгант Азаттық тілшісіне.

Ауыл тұрғыны Жаңабай Оспанов отын дайындап жатыр, ол тәулік бойы ошақтан от үзбейді. Үйдегі көмір тасқыннан кейін жарамсыз болып қалған. Тұрғын бұл жерден кеткісі келетінін айтады.

- Бірақ отбасыма басқа баспана алуға қаржы жоқ, ал мына үйді енді ешкім сатып алмайды. Үй сататыным туралы хабарландыруды баяғыда беріп қойғам, алайда үй Чкалов ауылында екенін естігенде хабарласқан адам бірден телефонды қоя салады, өйткені бұл ауылды су басатынын жұрттың бәрі біледі. Билік бізге жәрдем берер деп қатты үміттенеміз, - дейді ол.

Мүмкіндігі бар кей тұрғындар үйдің ішін газдың көмегімен кептіруге тырысады. Бұл қауіпті де, бірақ, өйтпесең үй дымнан кебуі үшін жылдар өтеді дейді тұрғындар.

Ауыл тұрғындары 2015 жылғы тасқыннан толық ес жимай жатқанда үйлері тағы да су астында қалғанына шағым айтады. Көптеген үйлер іргетасы шөгіп, едені айырылып, қабырғасы жарылып, сылағы құлап тұруға жарамсыз болып қалған.

Ауылды аралаған кезде әр үйде тасқын салдарын жоюмен айналысып жатқанын көрдік. Кей тұрғындар жылап-сықтаудың орнын енді шарасыздық басқанын айтады.