Путиннің «бөлшекте де билей бер» принципі

«Оңтүстік ағыс» газ құбырының болгариялық бөлігінде құрылысты бастау рәсіміне дайындалып жатқан жұмысшылар. Расово кенті, Болгария, 31 қазан 2013 жыл.

«Оңтүстік ағыс» газ құбыры австриялық бөлігінің құрылысын бастау жайлы Венада қол қойылған келісім Еуропаның тұтастығына нұқсан келтіреді. Бірақ Мәскеу үшін бұл символдық жеңіс болуы мүмкін.

Ұлыбританиялық The Economist журналының энергетика мәселелері жөніндегі сарапшысы Эдвард Лукас осындай пікір айтты.

Осы аптада Ресейдің «Газпромы» мен Австрияның OMV компаниясы Қара теңізден Еуропаға газ жеткізетін құбырдың австриялық бөлігінің құрылысын бастау туралы тарихи келісімге қол қойды.

Ал бұдан бірнеше апта бұрын ғана Еуропа одағының басқа бір мүшесі – Болгария Брюссельдің сыни ескертуінен соң бұл жобаның жұмысын тоқтатқан еді.

Азаттық радиосының тілшісі Австриямен арадағы келісімнің салмағын пайымдап, Еуропаның бір елі кері тартып отырғанда, екінші бір елдің Ресеймен байланысын күшейтіп жатқанының сырын білмек болып ұлыбританиялық The Economist журналының энергетика мәселелері жөніндегі аға редакторы Эдвард Лукаспен сұхбаттасқан.

Азаттық: – Владимир Путин көп сынға түскен «Оңтүстік ағыс» жобасын тықпалау үшін Венаға келген сапарында, 24 маусым күні қол қойылды. Бұл Ресейдің үлкен жеңісі деп сипатталды. Сіз осы пікірмен келісесіз бе?

Эдуард Лукас - The Economist журналының аға редакторы.

Эдвард Лукас: – Меніңше, Путиннің жеңісі – нағыз жеңіс емес, символдық жеңіс. Тіпті өз басым «Оңтүстік ағыстың» салынып бітетініне күмәнмен қараймын. Бұл – әсіресе Ресей үшін өте қымбат жоба. Оның үстіне бұл Брюссельдегі жұрттың ашу-ызасын туғызатыны анық, себебі бұл Еуропа Одағының жалпы құрлықта ортақ ереже қалыптастырудағы рөліне нұқсан келтіреді.

Азаттық: – Еуропа комиссиясы жобаның қазіргі нұсқасына қарсы, себебі ол Еуропа Одағының бәсекелестік туралы заңына сай емес әрі одақтың Ресейге тәуелділіктен арылып, шикізат көздерін әртараптандыру туралы ережелеріне қайшы келеді. Ал Австрияның айтуынша, Еуропа Ресей газына тәуелді болғандықтан, тым талапшыл болатындай жағдайы жоқ. Брюссельдің бұл мәселелер бойынша бірбеткейлік танытуына негіз бар деп ойлайсыз ба?

Эдвард Лукас: – Ең басты мәселе бойынша Еуропа Одағы солқылдақтық танытпауы керек, себебі Ресейдің бір мезетте құбырға да, газға да иелік етуіне жол берілмеуі тиіс. Олар құбырға толық жол ашылғанын қалайды. Біріншіден, газ саудасы Еуропа Одағының мемлекеттік сатып алу бағдарламасы шеңберінде жүруі қажет. Сондықтан «Оңтүстік ағыс» құрылысы туралы келісімді ешқандай тендерсіз Путиннің досы Геннадий Тимченкоға және оның «Стройтрансгаз» компаниясына беріп қоймау керек.

Австрия канцлері Вернер Файман (оң жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Вена, 24 маусым 2014 жыл.

Бұдан да маңызды жайт – біз Еуропа Одағына өнім жеткізу көздерін көбейтіп қана қоймай, газ нарығын либералдандыруға да ұмтылып отырмыз. Осы тұрғыдан қарағанда «Газпромның» Еуропада өзі қадағалайтын тағы бір құбыр салуы дұрыс емес. «Газпромның» Еуропаға газ сатқысы келгені жақсы, бірақ олар бірыңғай еуропалық нарық заңдарына сәйкес әрекет етуі керек. Меніңше, мұнда саяси мүдде басымырақ, себебі Ресей өзіне қарсы тұра алатын саяси құрылым ретінде Еуропа Одағына қырын қарайды, сондықтан бұл ережелерді өзгерткісі келеді.

Азаттық: – Украинадағы дағдарыстан соң Киевті айналып өтіп Еуропаға газ тасымалдауды көздейтін «Оңтүстік ағыс» газ құбырының жобасы Мәскеу, Брюссель және Вашингтон арасындағы кикілжіңнің жаңа ошағына айналды. Мәскеу «құбырдың Болгариялық бөлігін тоқтатқызу мақсатында Софияға қысым жасап, сол арқылы Украинадағы әрекеттері үшін бізден кек алды» деп Брюссельді айыптады. Венаға сапары барысында Путин «Оңтүстік ағыс» жобасы саясиландырылмауы керек» деген мәлімдеме жасады. Осы жоба бойынша қазір жүріп жатқан келіссөздерде саясат, соның ішінде Украинадағы дағдарыс қаншалық рөл ойнайды?

Эдвард Лукас: – Саясат үлкен рөл ойнайды. Меніңше, газ мәселесін саясаттан тыс талқылау мүмкін емес. Ресей газды саяси қару ретінде пайдаланып отыр. Еуропа Одағы өзінің газ нарығын либералдандыру туралы саяси шешім шығарды. Мұның барлығы бұл жобаның саяси мәселе екенін дәлелдейді.

Азаттық: – «Оңтүстік ағыс» Еуропа Одағында Мәскеумен дос болғысы келетін Австрия сияқты елдер мен Ресейге қатысты қатаң саясат ұстануды көздейтін мемлекеттер екі жақ болып бөлініп отырғанын байқатты. Кей сарапшылардың «Еуропа Одағын ауызбірліктен айыру, оның энергетикалық саясатына нұқсан келтіру мақсатында Путин осы алшақтықты пайдаланғысы келіп отыр» деген пікірімен келісесіз бе?

Ресейдің «Оңтүстік ағыс» газ құбырының маршруты.

Эдвард Лукас: – Путин билікке келгелі бері Еуропада, АҚШ-та және Еуропаның ішінде «бөлшекте де билей бер» принципіне сүйеніп әрекет етіп келеді. Ол ірі елдерді шағын елдерге, газға тәуелді елдерді бір-біріне қарсы айдап салуға тырысып жүр. Бұл – Ресейдің Еуропаға қатысты ұстанымының негізгі бөлігі. Ал Еуропа бұған әрқалай қарсылық білдіріп келеді.

Азаттық: – Брюссель «Оңтүстік ағыстың» өз аумағындағы бөлігін тоқтатқызу үшін Болгария мен Сербияға қатты қысым жасап отыр. Еуропа Одағы Австрияға да осындай қысым жасап, ол бұл қысымға көнбей бірбеткейленіп отыр ма, әлде Брюссель одақтың ескі мүшелерімен жұмсақ сөйлесе ме?

Эдвард Лукас: – Әзірге Болгарияға өте үлкен қысым жасалып отыр. Себебі егер Болгария бұл құбырды салғызбаса, онда жобаның Австриялық бөлігіне бас қатырудың еш қисыны жоқ. Одақтың ескі мүшесінен гөрі жаңа мүшесін көндіру әлдеқайда оңай екені рас.

Клэр Бигтің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.