Головкин Джейкобсты ұпай санымен ұтты

Қазақсандық Геннадий Головкин (оң жақта) мен америкалық Даниэл Джейкобс жекпе-жегі. Нью-Йорк, 18 наурыз 2017 жыл.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин 37-кездесуінде америкалық Даниэл Джейкобсты жеңді. Нью-Йорктегі жекпе-жек 12 раундқа созылды.

Геннадий Головкиннің кәсіпқой рингтегі 37-кездесуі алдында бокс сарапшылары «Джейкобс – Головкиннің карьерасындағы ең мықты қарсылас» деп бағалаған. Головкиннің өзі «бұл – өмірімдегі ең үлкен кездесу. Бұл жолы бәрі басқаша болады, қатты толқып жүрмін» деген еді.

12 РАУНДТЫҚ ЖЕКПЕ-ЖЕК

Нью-Йорк қаласындағы әйгілі Madison Square Garden алаңында сенбінің кешінде (Қазақстанда жексенбі таңертең) басталған жекпе-жекте алғашқы екі раундта қос боксшы сақ қимылдады. Үшінші раундта боксшылар жылдамдықты үдетті. Төртінші раундтың басында Головкин үш соққысы бетіне тиген Джейкобс рингте құлап қалды. Төреші бірден санай бастаған. Бірақ америкалық боксшы тез есін жиып, кездесуді жалғастырды.

Геннадий Головкиннің кезекті шабуылы. Нью-Йорк, 18 наурыз 2017 жыл.

Бесінші және алтыншы раундтарда Джейкобс құлақ-шекеден, шықшыттан және бірнеше соққы алды. Жетінші және сегізінші раундтарда қос боксшы бірнеше соққы алмасты. Тоғызыншы раундта Головкин қайтадан басымдылық танытып, қарсыласына бірнеше соққы дарытты. Үзіліс кезінде Джейкобстың бапкерлері оған «бұл раундты беріп қойдың» деп ескерту жасап жатты.

Бұдан кейінгі екі раундта Головкин Джейкобстан бірнеше соққы алды. Соңғы раундта Головкин қарсыласын құлатуға, ал Джейкобс қорғанып, соққы дарытпауға тырысты. Жекпе-жек аяқталған сәтте Джейкобс рингте тізерлеп отыра қалды. Сырт көзге бұл боксшының 12-раундтың соңына дейін шыдағанына қуанып жатқанындай көрінді.

Кездесуден кейін қос боксшы бір-біріне алғыс айтты. Төрешілердің ұйғарымы бойынша бұл кездесуде жеңіс Геннадий Головкинге берілді. Қазақстандық боксшы өз карьерасында төртінші рет төрешілер шешімімен жеңімпаз атанып отыр. Осыған дейін Головкин 23 кездесуде қарсыласын уақытынан бұрын ұтқан.

37-ШІ ЖЕҢІС

Бүгінгі жекпе-жектен соң Головкин қарсыласы туралы: «Даниэлді құрметтеймін. Ол таза бокстасатын өте мықты боксшы. Бұл – бокс, мен – боксшымын. Спортта бәрі болады. Кез келген кездесуге дайынмын. Мен сапалы боксты қалаймын» деді.

Джейкобс 12 кездесуге дейін шыдағанына риза екенін білдіріп, «төрешілер шешімімен келісетінін» айтты.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин. Нью-Йорк, 18 наурыз 2017 жыл.

34 жастағы Геннадий Головкин кәсіпқой рингтегі 37 кездесуінің барлығында жеңіске жеткен. Ол WBC, WBA Super, IBF және IBO нұсқалары бойынша чемпиондық белбеуін тағы да қорғап қалды.

30 жастағы Даниэл Джейкобс осыған дейін 32 кездесу өткізіп, бір-ақ рет - 2010 жылы ресейлік Дмитрий Пирогадан ұтылған. Қалғандарының барлығында жеңіске жеткен.

Бұл жолғы жекпе-жек үшін Головкин 2,5 миллион доллар, Джейкобс - 1,75 миллион доллар гонорар алады деп хабарланған. Бұл екі боксшы үшін де рекордтық сома. Бұған дейін Головкин Давид Лемье мен Доминик Уэйдпен кездесуде жеңіске жеткеннен кейін екі миллион доллар алған.

Геннадий Головкиннің келесі кездесуі қашан және кіммен өтетіні әзірше белгісіз. Бұған дейін Қазақстан спорт және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы биыл Астанадағы EXPO көрмесі кезінде Головкиннің қатысуымен бокс кеші ұйымдастырылады деп хабарлаған. Головкиннің проумоутері Том Леффлер Астанадағы бокс жекпе-жегі маусымның 10-ы немесе 11-іне жоспарланғанын айтқан.