Түркияда әскерилер "билікті иеленгендерін" мәлімдеді

Таксим алаңы маңында тұрған полиция. Стамбул, 15 шілде 2016 жыл.

Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым әскери күштердің бір бөлігі мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғанын хабарлады. Ал әскерилер елді бақылауларына алғанын айтады.

Түркияда әскерилер ел басшыларын ұстап, билікті қолдарына алғанын айтып мәлімдеме жасады. Түрік телеарнасы таратқан мәлімдемеде әскерилер "билікті басып алғандарын, елді "бейбітшілік кеңесі" басқаратын хабарлады.

The Guardian басылымы "түрік әскерилерінің мәлімдемесін" таратты. Онда: "Түрік қарулы күштері бұзылған конституциялық тәртіпті қалпына келтіру үшін, адам құқығы мен бостандығын, заң билігі мен жалпы қауіпсіздікті сақтау үшін ел билігін толықтай қолына алды. Барлық халықаралық келісімдер күшінде қала береді. Барша мемлекеттермен оң қарым-қатынас сақталып қаларына үміттіміз" деп жазылған.

Аnadolu мемлекеттік агенттігі бас штаб басшысы Хулуси Акардың кепілге алынғанын хабарлады. Армия өкілдері мемлекеттік телеарнадан сөйлейді деген мәлімет те тарады.

Босфор бұғазындағы көпірді жауып тұрған әскер. Стамбул, 15 шілде 2016 жыл.

Ал Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым тәртіп орнатылатынын, оқиғаға кінәлілер "зор жазаға душар болатынын" айтты. Оның сөзінше, "әскерилердің әрекеті - демократия мен халық еркіне қарсы іс".

Ел президенті Реджеп Ердоған ұялы телефон арқылы мәлімдеме жасап, оны журналистер тікелей таратты.

Ердоған әскерилерді қылмыскерлер деп атап, "олардың бәрін жазалау керегін" айтты. Президенттің сөзінше, төңкерісті билікке ие болғысы келген "параллель құрылымдар" жасаған. "Бүлікші әскерилер міндетті түрде ұсталатынын" айтқан Ердоған халықты көшеге шығып, "демократияны құтқаруға" шақырды. Ердоғанның дәл қазір нақты қайда екені анық емес. Әлеуметтік желілерде оның "шетелге кетіп қалғаны" жайлы расталмаған ақпараттар жазылып жатыр.

Hurriyet газеті дерегінше, екі оппозициялық партия төңкерісті қолдамайтындарын мәлімдеген.

Your browser doesn’t support HTML5

Түрік әскері Стамбулда көпірді жауып тұр

Стамбулда қауіпсіздік күштері Босфор бұғазындағы қаланың азиялық және еуропалық бөлігін жалғап тұрған екі көпірді жауып тастаған. Ататүрік әуежайы маңында танктер тұрғанын телеарналар көрсетіп жатыр. Ол маңда атыс дауысы естілген. Кейбір әуе рейстері ондағы әуежайға қонбай қайтып жатыр.

Стамбул көшесіндегі әскер. 15 шілде 2016 жыл.

Анкараға да әскер мен техника кіре бастаған. Reuters дерегінше, Анкара аспанында әскери ұшақтар мен тікұшақтар ұшып жүр. Ел астанасында "атыс болып жатқанын" жергілікті БАҚ хабарлады. Кей дерекке қарағанда, қала маңында танк жиналып тұр. Парламент маңында танктен оқ атылған. Әскери тікұшақ Анкарадағы ұлттық барлау қызметі ғимаратын маңын атқылағаны да хабарланды.

Your browser doesn’t support HTML5

Анкарадағы атыс

Түркияда өздерін зайырлы және демократиялық мемлекеттің кепіліміз деп санайтын әскерилер бұған дейін әлденеше рет (1960, 1971, 1980 және 1997 жылдары) мемлекеттік төңкеріс жасап, билікті ауыстырған.

Түркияда соңғы рет билікке қарсы ірі шара 2013 жылы Стамбулдағы Таксим алаңында болған. Ол кезде шерушілер полициямен бірнеше ай бойы тіресіп, Ердоғанның қызметінен кетуін де талап еткен.

АҚШ "Түркиядағы барлық саяси партиялар елдің сайланған үкіметін қолдап, ұстамдылық танытып, зорлық-зомбылық пен қантөгістен тартынуы керек" деп мәлімдеді.

Ресей тарабы "кез келген қантөгісті қақтығыстан бас тартып, бар мәселені конституциялық тұрғыда шешу керек" деген пікірде.

Қазақстанның Түркиядағы елшілігі күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатқанын хабарлады. "Стамбул мен Анкарадағы консулдықтар істеп тұр. Өз дереккөздеріміз арқылы соңғы жағдайларды анықтап жатырмыз. Қазақстан сыртқы істер министрлігі кейінірек ресми мәлімдеме жасайды. Қазақстан билігі мен президенті Түркиядағы жағдайдан хабардар" деп мәлімдеді дипломатиялық мекеме қызметкері.