"Каримованың үйқамақтағы суреттері шын"

Өзбекстан президентінің "үйқамақта отырған" қызы Гүлнара Каримованың жаңадан таратылған суреттерінің бірі.

Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримованың Лондонда тұратын өкілі Локсли Райан оның "үй-қамақта отырғанын көрсететін" жаңа суреттер туралы сұхбат берді.

Азаттық: - Соңғы күндері Гүлнара Каримовамен хабарласа алдыңыз ба?

Локсли Райан: - Сенесіз бе, қандай бір ақпарат алу өте қиын болып тұр. Байланысқа шығу өте қиындап кетті. Бірақ біздің достарымыз көп, солардан ақпарат алып отырмыз.

Азаттық: - Бірнеше күн бұрын Гүлнар Каримованың үйінің жанында қауіпсіздік қызметкерлерімен бірге тұрған суреті пайда болды. Бұл фотографиялар қашан түсірілген?

Локсли Райан: - Бұл суреттер күнделікті не болып жатқанын көрсетеді. Оның үйін күні-түні қарауылдар күзетіп тұр. Ол үйінен таза ауа жұтуға шыққан сайын, мына суретте ас-су сұрап шыққан, өстіп күзетшілер тұрады. Мен сізге бұл суреттердің қашан түсірілгенін нақты айта алмаймын, бірақ олар - жақында, осы екі аптаның ішінде түсірілген фотолар. Әрине біз фотографқа қауіп төнбесі үшін ол туралы ештеңе дей алмаймыз.

Гүлнара Каримованың жаңадан таратылған суреттерінің бірі

Азаттық: - Фотограф ол суреттерді түсіруге рұқсатты қалай алған? Біздің кейбір оқырмандарымыз "суреттерді қолдан жасаған" дейді.

Локсли Райан: - Оның түріне қараңызшы, жәбір көріп, бірнеше ай ешкіммен хабарласа алмай қамауда отырғаны жүзінен көрініп тұр емес пе? Меніңше, жаңағы сұрағыңызға суреттің өзі-ақ жауап беріп тұр.

Азаттық: - Бұдан бұрын, осы айда өзбек билігі Г.Каримова есімді адамға қарсы қылмыстық іс бастады. Ол жөнінде не білесіз?

Локсли Райан: - Бұл істің сайлау алдында қозғалуы тегін дейсіз бе (Өзбекстан парламентіне сайлау 2015 жылдың желтоқсан айына белгіленген)? Ол үйқамақта ақпан айынан бері отыр. Оған қарсы іс қозғалғаны қыркүйекте бір-ақ жарияланды. Бұл уақыт сайлау науқаны графигімен сәйкес келе қалды.

Қосымша оқыңыз: Каримованың қаһарға ұшырау жолы

Азаттық: - Швецияда әлі жүріп жатқан қылмыстық іс бойынша прокурор өзбек билігімен хабарласып Каримоваға жолығуды сұрағаны, бірақ жауап алмағаны хабарланды.

Локсли Райан: - Дәл қазір оның (Каримованың - ред.) айтары сөзі анық - ол барлық айыптан таза. Егер біреу басқаша ойласа, өз еркі. Бұл мәселені шешудің бір-ақ жолы - оған сотқа қатысуға мүмкіндік беріп, қазыға төрелік айтқызу.

Гүлнара Каримованың жаңадан таратылған суреттерінің бірі

Азаттық: - Сіз Каримова мен оның қыздарының денсаулық жағдайы нашар деп едіңіз.

Локсли Райан: - Әлгі телефон әңгімелері мен оның дауысының жазбасы шығып кеткен соң (Гүлнара Каримованың үйқамақ туралы айтқан сөздерін 21 тамызда BBC жариялаған болатын - ред.) бір күн өткенде үйден бәрі шығарылған. Қазіргі білетініміз - ас-судың өзі сирек беріледі. Ахуалы нашарлай түскен.

Азаттық: - Бізде АҚШ елшілігінң өкілдері Каримовамен және оның қыздарымен хабарласыпты деген расталмаған дерек бар. Оның қыздарының бірі - АҚШ азаматшасы. Елшілік бұл жағдайда тиісті қызмет атқарып отыр ма?

Локсли Райан: - Егер Өзбекстандағы АҚШ елшісі не болып жатқанын өзі көріп, АҚШ азаматшасының жай-күйін білсе, ырза болар едім. Ол тұрып жатқан үйде не ас-су жоқ, ол бала оқып жатқан жоқ, барған сайын дәрменсіз көрінеді. Бұл АҚШ елшісі үшін шешім қабылдайтын мәселе, барып тексерсе разы болар едім.