Украина күштері Ресей танкілерін дроннан тасталған ескі совет снарядымен жояды

Украина әскерилері ел аумағына басып кірген Ресей әскери техникасын совет кезіндегі ескі қарумен жоюдың жаңа тәсілін қолданып жүр.

Украина қарулы күштері совет тұсынан қалған ескі снарядтың көмегімен Ресейдің әскери танкілері мен өзге де беренді техникасын жоюдың жаңа тәсілін қолдана бастады.

Украинада Ресей басқыншылығына қарсы соғыста пайдалануға шағын дрондар әзірлеумен айналысатын "Аэронавигация" ұйымы жариялаған мына суретте әлгіндей екі әскери граната ілінген квадрокоптер бейнеленген. Бұл дрон Украинада жасалған.

Жақында "Аэронавигация" желіде жариялаған видеода әуеде ұшып жүрген дроннан тасталған снарядтардың беренді техниканы қалай жойғаны көрсетілген.

Қару-жарақ мамандары бұл снарядтар Совет одағында жасалған, әскери танкіні, өздігінен жүретін әскери қондырғы мен өзге де беренді техниканы жоюға арналған РКГ-3 атты кумулятивтік граната екенін айтады. Дроннан тасталғаннан кейін тиісті бағыттан ауытқымасы үшін оған 3D-принтерде басылған құйрық жалғанған.

Совет одағы танкіге қарсы қолдануға арналған РКГ-3 (фотода) гранатасын ең алғаш рет 1950 жылы көпшілікке көрсеткен. Пішіні жіңішке бөтелкеге ұқсас гранатаны дұшпанның беренді техникасына жақындап барып, қолмен лақтыру керек.

Сабының ішіне салынған шағын парашют гранатаны лақтырғаннан кейін ашылып, снарядтың дәл ұшуын қамтамасыз етеді.

Нысанаға тиген сәтте жарылыс болып, кумулятивтік ағыс қалыңдығы 20 сантиметрден асатын сауытты бұза алады.

Беренді техникаға түскен кезде оның ішінде "алапат" жарылыс жасайды.

Совет армиясы сарбаздары әскери жаттығу кезінде танкіге қарсы РКГ-3 гранатасының муляжын лақтырып жатыр. Ленинград облысы, 1978 жыл.

РКГ-3 беренді техникаға қарсы аса тиімді қару саналды. Бірақ оны нысанаға дәл лақтыру үшін жауынгер дұшпан техникасына жақын баруы керек, яғни оның өміріне де үлкен қауіп төнеді. 1960-жылдары Совет армиясы танкі мен өзге де беренді техниканы бірнеше жүз метр жерден атып, жоя алатын РПГ-7 сияқты жаңа реактивті қаруға ие болғаннан кейін РКГ-3 гранатасы біршама ескірді.

Ресей құрамындағы Шешенстанда болған бірінші соғыс кезінде түсірілген мына суретте шешен сарбазы белдігіне РКГ-3 гранатасын қыстырып алған. Грозный, 1995 жыл.

РКГ-3 гранатасы 2014 жылы түсірілген "Америкалық мерген" атты фильмінде көрсетілді. Бірақ кейінгі жылдары қарулы жанжалдарда ол мүлде қолданылмады деуге болады.

Соңғы рет қарудың бұл түрін 2006 жылы Иракта Әл-Қаида террор тобының адамдары АҚШ әскери беренді техникасына қарсы қалай қолданғаны жаңалықтардан көрсетілді. Бұл шабуылдар мұндай қаруды қолдануға байланысты қауіп-қатерді аңғартты.

Украина әскерилері 2022 жылы Ресей басқыншылығына дейін жаттығу кезінде әуеде ұшып жүрген дрон түсірген видеоны экраннан көріп отыр. Дронмен тікелей байланысты үштағанға орнатылған құрылғы қамтамасыз етеді.

Ресей дронға тосқауыл қоятын технологияларға ие, бірақ украиндық "Аэроразведка" ұйымы жариялаған видеоларға қарағанда, украин күштері дұшпанның жүздеген мың доллар тұратын көлік құралдарын құны жүз долларға де жетпейтін снарядтарды дроннан тастап жойған.

Басқыншылардың беренді техникасын жоюда Украина күштерінің бағасы қымбат емес әскери дрондардың көмегіне жүгінуі соғыста шешуші роль атқармаса да, Ресей әскеріне айтарлықтай қиындық туғызуы мүмкін дейді сарапшылар.