АҚШ Украинаға HIMARS артиллериялық ракета жүйесін бермек. Бұл қандай қару?

Вашингтон Украинаға қуаты күшті артиллериялық ракета жүйесін беруге келісті. АҚШ-тың Киевке жіберетін M142 жоғары мобилді артиллериялық ракета жүйесі (HIMARS) қалай жұмыс істейді?

АҚШ-тың M142 жоғары мобилді артиллериялық ракета жүйесі (HIMARS) Солтүстік Каролинада. 2021 жылдың сәуірі.

Мына суреттегі қару – HIMARS жоғары мобилді артиллериялық ракета жүйесі деп аталады. Вашингтон бұл қару жүйесін Украинаға беруге келісті. АҚШ Украинаға мұндай қарудың қаншасын беретіні белгісіз. Белгілісі – бұл Ресей басқыншылығына қарсы күресіп жатқан Украина әскеріне ракета жүйелерін жаңартуға мүмкіндік береді.

HIMARS ракеталары

Бұл техниканың экипаж мүшесі үшеу: жүргізуші, командир және ракетаны ататын адам. Шағын кабинада орнықты жайғасқан нысана көздеуші адам зымыранды атқан соң кабинадан шығып кетеді.

M142 жүйесінің жарықшақ пен оқ өтпейтін берен сауыты бар. Салмағы аса ауыр емес әскери ракеталық жүйе ұшақпен тасымалдауға да ыңғайлы.

Ракетаны ататын адам отыратын кабина.

Америкалық бұл техника алты ракета ата алады. Ракетасы 70 шақырымға дейінгі қашықтағы әскери техниканы жоюға қауқарлы. АҚШ-та жасалған M142 жүйесі Совет заманында және Ресейде жасалған артиллериялық ракета жүйелеріне қарағанда көздеген нысанасына дәл тиеді. АҚШ Украинаға басқарылатын қымбат ракеталарды жібере ме, әлде арзанырақ келетін басқарылмайтын ракеталар бере ме, әзірше белгісіз.

Салмағы 1,7 тонна болатын әскери тактикалық ракетаны (ATACMS) нысанаға атқан сәт.

HIMARS 310 шақырымға жететін, салмағы 1,7 тонна тартатын әскери тактикалық ракетаны (ATACMS) да ата алады. Бірақ АҚШ мұндай ауыр қару жүйесін Украинаға бермейтінін мәлімдеді.

HIMARS жүйесінен атылған ракета.

Киев соғыс басталғалы АҚШ-тан HIMARS және одан ауырырақ келетін М270 ракета жүйесін беруді сұрап келген еді. 30 мамырда АҚШ президент Джо Байден тілшілерге "Украинаға [ондай] ракета жүйелерін жібермейміз, себебі бұл ракетамен Ресей аумағын атқылауы мүмкін" деген.

HIMARS Жапониядағы әскери жаттығуда. 2021 жылдың қыркүйегі.

Бірақ кейін Ақ үйдің ресми өкілдері Байденнің сөзін түзеді, ал Байден 31 мамырдағы сөзінде АҚШ Украинаға "жетілдірілген ракета жүйелері мен басқа да қарулар жіберетінін" мәлімдеді.

Украина АҚШ-қа ракеталық жүйелермен Ресей жерін атқыламайтынын айтып уәде беріп отыр.