Украинадағы қазақ киіз үйі. Еріктілер соғыстан зардап шеккен елге көмектесіп жатыр

Еріктілер Украинаға жөнелтетін киіз үйдің шаңырағын көлікке тиегелі жатыр. Алматының іргесіндегі Қайназар ауылы, 1 ақпан, 2023 жыл.

Киіз үй жабдықтарын көлікке тиеп жатқан ерікті.

2022 жылғы ақпанда Ресей күштері Украинаға басып кіргеннен кейін іле-шала қазақстандық белсенділер Украинаға жәрдем жинауды бастаған. Бұл жолы да белсенділер "Ел болашағы" краудфандинг науқаны аясында Украинаға жөнелтуге жүк әзірлеп жатыр.

"Ел болашағы" тобының жетекшісі, белсенді Тоғжан Қожалиева Украинаға жәрдем ретінде киіз үй жіберудің мәнісін Reuters агенттігіне былайша түсіндірді: "Олар шатыр жібере аласыздар ма деп өтініш айтқан соң, біз киіз үй жөнелтуді ұйғардық". Ол қазақтың киіз үйін "мұқтаж жанға пана болатын, ошақтың, жылулық пен берекенің символы" деп сипаттады.

Украинаның батысындағы Львов қаласында тігілген киіз үй. 1 ақпан, 2023 жыл.

Қазақстаннан жеткізілген ең алғашқы киіз үй қаңтардың басында Киевтің түбіндегі Буча қаласында тігілді. Ресей шабуылы кесірінен жылусыз, жарықсыз қалған қалада жұрт киіз үйде бой жылытып, жүрек жалғап, мобильді байланыс құралын қуаттандыра алады. Киіз үй ашылған күні келген адамдар сол жерде пісірілген ыстық бауырсақ пен палаудан дәм татты. Осы бастаманы іске асырған қазақстандық еріктілер Украинаға тағы да киіз үйлер әкеп тігетінін айтты.

Украинаға гуманитарлық көмек жөнелткелі жатқан еріктілер сандықты көтеріп тұр. Қайназар ауылы, 1 ақпан, 2023 жыл.

Қазақтардың Буча қаласында киіз үй тіккені Мәскеуге жақпай қалды: Ресей сыртқы істер министрлігі Қазақстаннан бұл іске қатысы жоғы туралы "ресми түсініктеме" талап етті.

Украинаға гуманитарлық жүк апаратын көлікке азық-түлік тиеп жатқан ерікті. Қазақстан, 1 ақпан, 2023 жыл.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілі Азаттыққа ресми Астана Украинада тігілген киіз үйлер жайлы түсініктеме беру қажет деп есептемейтінін айтты. "Бұл – қазақстандық жеке компаниялардың бастамасы. [Оларға] тыйым сала алмаймыз. Өздері жинап, өздері жеткізді, өздері көмектесіп жатыр. Киіз үй тігуден ешқандай проблема көріп тұрған жоқпыз" деді Қазақстан СІМ ресми өкілі.

Украинаға жөнелтуге дайындап қойған үй киіз үйдің бірінің жабдықтары. Қазақстан, 1 ақпан, 2023 жыл.

Қазақстанда 2022 жылғы қарашада жүргізілген сауалнама қорытындысы  бойынша, респонденттердің 22 пайызы Украинаны қолдап, 13 пайызы Ресейді жақтаған. Сауалнамаға қатысқандардың көбі бейтарап ұстанымда екенін айтқан.

Қазақстаннан Украинаға жөнелтуге дайындап қойған генератор.

"Ел болашағы" бастамасы аясында Украина халқына көмекке 1,5 млн долларға жуық қаржы жиналған. Тоғжан Қожалиева Reuters агенттігіне берген пікірінде Қазақстан қоғамының украиндерге жәрдем беруге жаппай ықылас білдіруін "қазақтардың көпшілігі Украинаны тарихи жағынан бізге жақын ел деп есептейтіндігіне байланысты" деп түсіндірді.

Львов қаласындағы қазақ киіз үйі. 1 ақпан, 2023 жыл.

"Еркін", "азат" деген ұғымды білдіретін "қазақ" сөзі Украина мен Ресейдің оңтүстігіндегі дала аймақтарын мекендейтін халықтың атауын білдіретін "козак" сөзімен төркіндес, екеуі де түркі сөзінен тарайды дейді кейбір лингвистер.

Қазақстаннан Украинаға киіз үйлер, сандықтар, генераторлар мен басқа да заттар жөнелтіліп жатыр. Ресей шапқыншылығына ұшыраған елге көмекті еріктілер ұйымдастырды.