Босқындар қыс ішінде далада қалудан қорқады

Украинадан қашқан босқындар уақытша паналап жатқан «Ласточка» пансионаты. Чисмен кенті, Волоколамск ауданы, Мәскеу облысы.

Украинаның оңтүстік-шығысынан қашып, Мәскеу облысындағы жеке меншік пансионатта тұрып келген 100 шақты босқын Жаңа жыл түні баспанадан шығарылуы мүмкін.

Мәскеу облысы Волоколамск ауданы Чисмен кентіндегі «Ласточка» пансионаты бір жылдан бері Украинаның оңтүстік-шығысынан қашқан босқындарды уақытша паналату орны (УПО) ретінде жұмыс істеген.

Желтоқсанның басында ескерту қағаз алған жүзге жуық адам Жаңа жыл түні пансионатты босатуы тиіс. Мұнда жас баласы бар әйелдер көп. Олар енді қайда барарын білмейді, пәтер жалдауға ешбірінің мүмкіндігі жоқ.

Пансионат қақпасынан кіру үшін күзетшілерге «Осында тұрғанына бір жылдан асқан украиналық босқын Ирина Кузнецованың ескі танысы едім» деп өтірік айтуға тура келді. Күзетші «Мұнда түнеу үшін келген шығарсыз?» деп сұрады. Кейінірек ол «Ер адамдарды пансионаттан баяғыда шығарып жіберген. Бірақ кейде олар әйел, бала-шағасын көруге келеді де, басқа баратын жері болмаса, осында түнеп шығады» деп түсіндірді.

Сұрқы кеткен ескі ғимараттар тұрған пансионат ауласын қурай басқан, күтімсіз қалған ойын алаңында «О спорт, сен – бейбітшілік кепілісің!»(«О спорт – ты мир!») деген үлкен жазу ілінген. Ғимараттың бірінде «Желтоқсанның 23-інен бастап таңғы, бесіндік және кешкі ас беру тоқтатылады. Тізім бойынша берілетін түскі ас қана қалады» деген хабарландыру ілініп тұр. 26 желтоқсанда мұнда балалар мерекесін өткізу жоспарланған, бірақ тұрғындар Жаңа жылды ойлайтын халде емес. 31 желтоқсанда босқындардың бәрі «Ласточкадан» кетуі тиіс. Ресей федералдық көші-қон қызметі (ФМС) осындай шешім қабылдаған.

Ирина Кузнецова балаларымен бірге.

Ирина Кузнецова мұнда 2014 жылдың қазанында келген. Ол шағын бөлмеде үш баласымен тұрып жатыр: кішісі – егіздер, ал үлкен қызы – 12 жаста. Ирина – жалғызбасты ана. «Тек дәлізге шыға көрмеңіз, жергілікті күзет көріп қойса, сізді бірден қуып шығады» дейді Ирина.

«Ласточка» – жеке меншік пансионат, оның территориясындағы уақытша паналау орнының жұмысы үшін мемлекет осы жуырға дейін ақы төлеп келген. Бірақ енді жаңа жылдан бастап қаржыландыру тоқтайды. Ал пансионат қызметкерлерінің айтуынша, ақша аударуды бұдан ерте – желтоқсанның басында тоқтатқан.

Ирина Украинаның оңтүстік-шығысынан 2014 жылдың жазында қашып шыққан. Анасы берген ақшаны алып Ростовқа дейін автобуспен жеткен. Ресейге келген соң бірнеше күн тіпті вокзалда түнеп, көп қиналған. Ол 31 желтоқсаннан кейін не істейтінін әлі білмейді. «Туыстарым Мәскеуде бөлме жалдап тұрады, бірақ оларға қалай барамын, аядай бөлмеде жеті адам тұрамыз ба?» дейді ол. Ал Украинаға қайту қауіпті, ол бұрын тұрған Лисичанск қаласы Украина қарулы күштері бақылауындағы шекараның тура түбінде орналасқан. Ирина егер бітім бұзылса, тағы атқылай бастайды ғой деп қауіптенеді.

Тағы бір қиындық – пансионаттың уақытша тұрғындарында құжат жоқ. Пансионат басшылығы «уақытша баспана сұрап арыз жазсаңдар, мына жерден қуып шығады» деп бірден ескерткен.

«Ласточка» тұрғындарының көбі қиындық жайлы ашық айтқысы келмейді. Ирина Кузьминаның көршісі Ирина Юзова «Кеше жиналыс болып, мұнда 20 шақты адамды қалдыратынын айтты. Сондықтан ешкім шатақ шығарғысы келмейді, жұрт дымымызды шығармай отырсақ, бірдеңесі болар деп үміттенеді. Ал меніңше, мұнда ешқайсымызды қалдырмайды» дейді.

Ирина Юзованың ересек екі ұлы мен екі қызы бар. Күйеубалалары мен ұлдары кезекпен қару алып, сепаратистер жағында соғысқан.

Ирина Юзова немересімен бірге.

«Біз шағын деревняда тұрамыз. Балаларым көшеге шықса болды, жұрт халық жасағына неге қосылмайсыңдар дей бастады. Ақыры ол жаққа барып, байқастап көрді. Әуелі жасаққа күйеубаламның бірі кірді, кейін ұлдарым қосылды. Оларға «сендерді осы үшін бағып-қаққан жоқпын» деп талай айттым, бірақ сол күйі көндіре алмадым. Оның үстіне, өзімнің ұлтым – украин, ешқашан Украинаға қарсы шығатын ойым жоқ болатын» дейді Ирина Юзова.

Ол Украинаға оралғысы келеді, бірақ онда ұлдары қылмыстық қудалауға ұшырай ма деп қауіптенеді. Санаторийде бір қызы және жиенімен тұрады. Ал күйеубаласын шығарып жіберген, қазір ол өзі сияқты жігіттермен бірге жақын маңнан бөлме жалдап тұрады.

Жазда әйелдер егістікте арам шөп жұлып, жергілікті саяжай иелерінің бақша өнімдерін жинауға көмектесіп, айына шамамен 10 мың рубль тапқан. Бірақ қазір қыс, ондай жұмыс жоқ. Кенттегі тұрғылықты халық саны 500 адамға жетпейді әрі Чисменде жұмыс табу қиын. Оның үстіне, әйелдер заңды негізде жұмысқа орналаса алмайды.

«Жуырда Мәскеуге барып, түнде мейрамханада ыдыс жудым, бірақ ақшамды сол күйі төлемей қойды. Талай рет телефон соқтым, бірақ түк шықпады. Мен мұнда кіммін? Ешкім емеспін!» дейді Ирина Юзова.

Тығырыққа тірелген екі әйел «ары қарай не істейміз» деп үнемі ақылдасады. Енді екеуіне Жаңа жыл түнінен әлдебір ғажайып күткеннен басқа шара қалмаған сияқты. Көші-қон қызметкерлері мына жағдайды бірдеңе етіп шеше алар еді, бірақ ол мекеме көп ұзамай Жаңа жыл мерекесіне жабылады, 11 қаңтарға дейін жұмыс істемейді.

«Ласточка» пансионатындағы босқындар жайлы видеосюжет (орыс тілінде):

«Азаматтық қолдау» комитеті (босқындарға көмектесетін коммерциялық емес ұйым – ред.) қызметкерлері босқындарды уақытша паналату орындары бүкіл елде жабылып жатқанын айтады. Тверь облысындағы уақытша паналау орнынан босқындарды шығарып жіберген, бірақ көші-қон қызметі оларды Тверь қаласына қоныстандырған. Псковтағы уақытша паналау орны жуырға дейін «Спорт» қонақүйінде болған. Ол жақтағы босқындарды Псков облысы Гдовский ауданы Смуравьево кентіне көшірген. Дағыстанда УПО тұрғындары да паналау орны жабылатыны жайлы ескерту алғанымен билік әзірше оларды қозғамаған. Бірақ бұрын босқындарды шағын әскери қалашық болсын, әйтеуір жұртқа орын тауып көшіретін. Енді «Ласточка» пансионатындағы жағдай қыстың көзі қырауда барар жері жоқ адамдарды бала-шағасымен қоса далаға қуып шыққан алғашқы оқиғаға айналуы мүмкін.

(Илья Кизиров пен Никита Татарскийдің мақаласынан аударылды.)