«Таңсәрідегі қала»

VILLA Boutiques & Restaurants кешені аумағында, италияндық архитектура стилінде салынған ғимарат жанында, алдына хэштег белгісі қойылып, латын әріптерімен #urbandawn деген жазу орнатылған. Бұл – осында ашылған урбанистік көркем өнер көрмесінің атауы. Қазақшаға аударғанда «Таңсәрідегі қала» деген ұғымды білдіреді.

«Таңсәрідегі қала» көрмесін әлем бойынша осындай көрмелерді ұйымдастыру және жас суретшілерді көпшілікке таныстырумен айналысатын curator19.90 халықаралық жобасы өткізіп жатыр. Көрме каталогінде бұл Орталық Азиядағы ең үлкен урбанистік көркем өнер көрмесі екені айтылған.
Суретте: көрменің бас кураторы, арт-консультант және Даниядағы Wolfsen көрмесінің бас кураторы Расмус Айус Фишер (сол жақта) мен curator19.90 өкілі Виктория Латышева.

«Таңсәрідегі қала» көрмесіне әлемнің 19 елінен – АҚШ, Австралия, Бразилия, Германия, Дания, Канада, Ливан, Ұлыбритания, Норвегия және Франция суретшілерінің шығармалары қойылған. Постсоветтік кеңістіктен – Беларусь, Ресей және Қазақстан өкілдерінің туындылары ілінген. Суретшілердің арасында көпшілікке бейтаныс жастар да, сонымен бірге, Лос-Анджелестік El Mac сынды әлемге танымал шеберлер де бар.

Солдан оңға: даниялық суретшілер Мортен Андерсен мен Руне Кристенсен. Сондай-ақ, Алматыдағы «Таңсәрідегі қала» көрмесіне шетелден келгендер арасында германиялық Бейс23 пен француз Камий Адра бар.

Өзіндік ерекше стильмен жазатын даниялық суретші Мортен Андерсеннің шығармасы – Interlinked Lacks (Өзара байланысты жетіспеушіліктер) картинасы.

Германиялық суретші Хендрик Байкирх салған портрет. Ол негізінен портретті ақ кенепке қара бояумен бүркіп жазады.

Қазақстандық авторлардан Urban Dawn көрмесіне стрит-арт команда – Repas шығармашылық тобының туындылары қойылған. Биыл жазда Алматы Арбатындағы тұрғын үй қабырғасына салынып көпшілік назарына ілінген граффити – «Батырдың қабырғасын» осылар жасаған. Бұл топ бес адамнан тұрады. Көрмеге солардан Дмитрий қатысты. Ол салған граффити видеоколлаж түрінде экранда көрсетілді

Көрмеге келгендердің бірі осында қойылған ресейлік стрит-арт өкілі Миша Most шығармасы алдында селфиге түсіп тұр. Бұл суретшінің туындылары бірқатар белгілі галереяларда, соның ішінде Мәскеудің Третьяков галереясына қойылған. Әйткенмен, суретші баяғыдағы әдетімен түнделетіп заңсыз граффити салуын әлі тастамаған.

Алматыдағы «Таңсәрідегі қала» көрмесі жертөледе орналасқан галереяда өтіп жатыр. Урбанистік көркем өнер, немесе көше өнері (ағылшынша street-art) көшеде көзге шалынатынның бәрін – граффити, трафарет арқылы салынған граффити, видео-проекциялар, стикер-арт, постерлер, флэш-мобтер, инсталляциялар және басқаларды қамтиды. Көпшілік көрермен назарына арналғандықтан мұны сондай-ақ, паблик-арт деп те атайды. 

Берлинде тұратын суретші Бейс23 түрлі-түсті бояумен бүркіп салған фреска.

Аламтылық стрит-арт суретші Дарион Шабаштың (псевдоним) екі суреті Urban Dawn көрмесіне қойылған. Азаттыққа суретшінің айтуынша, осы көрмеге орайластырып жазылған бұл автопортреттер оларды салған кездегі көңіл-күйден сыр шертеді. Суретші өнердің бұл бағытымен үш жылдан бері айналысып келе жатқанын және негізінен суреттерді өзі үшін салатынын айтады.

Urban Dawn көрмесі кезінде музыка ойнап тұрды. Диджей орнында тұрған беттеріне маска тағып алған екі қыздың бірі Настя Пилепчук, екіншісі – Даша Уточка. Ресейдегі танымал Maiden Obey диджей-дуэті бұл шараға Мәскеуден келген.

Urban Dawn көрмесіне қатысушыларға арнап Алматыдағы республикалық неміс драма театрының актерлері Макс Бекманның пьесасы бойынша «Отель» спектаклінен көріністер қойды. Олар танымал суретші болған Макс Бекманның шығармасындағы суретшілердің ой-толғамын бейнелейтін сатиралық көріністі ойнады.

Алматыда урбанистік сурет өнеріне арналған Urban Dawn – «Таңсәрідегі қала» көрмесі өтіп жатыр.