АҚШ сайлауындағы терминдер мен тіркестер сөздігі

АҚШ президенті болуға үміткерлер Дональд Трамп пен Хиллари Клинтон. (Көрнекі сурет)

АҚШ-та өтіп жатқан сайлау науқанында «туған жер туралы теориядан» бастап «киім шешетін орындағы әңгімеге» дейін толып жатқан «терминдер» бар.

Азаттық АҚШ-та өтіп жатқан сайлау науқанының негізгі түсініктері мен терминдеріне сипаттама берді.

Автоматтандырылған қоңыраулар – мыңдаған сайлаушыға қоңырау шалып, алдын ала жазылып қойған хабарландыруды оқуға арналған арнайы жабдық пен бағдарламалық жасақтаманы қолданатын технологиялық үгіт. Бұл технология үгіт-насихат ауқымын кеңейту үшін және сайлау штабы қызметкерлерінің телефон арқылы жүргізетін жұмысына қосымша ретінде жиі қолданылады.

Балама құқық – консерваторлар қалыптастырған құндылықтарды қабылдамай, теріске шығаратын оңшыл қанаттың қозғалысы. Олардың ресми ұйымы жоқ, көбіне аты-жөндерін жасырады, интернет-мем жасап, республикашылдар атынан шыққан Дональд Трампты қолдайтын посттар жазады. Олар ақ нәсілдің артықшылығын айтып, антисемитизм, антифеминизм идеяларын қолдайтын, ислам дініне қарсы шығып, оңшыл пікірлер айтушы адамдарға жақын.

Бандлер – сайлау науқанының қорына қосу үшін жекелеген сайлаушылардан жәрдем ақша жинайтын адам. Жеке көмек көрсетушілер бөлетін қаржы сомасына шектеу енгізілгеннен бері сайлау штабтары бандлерлердің қызметін пайдалана бастады.

Бенгази – әсіредіншіл әскерилердің төрт америкалықты өлтіру оқиғасы. Оның ішінде 2012 жылы қыркүйектің 11-інде Бенгазидегі АҚШ консулдығында қаза тапқан Ливиядағы АҚШ елшісі Крис Стивенс те бар. Республикалықтар осындай құрбандардың қаны сол кезде АҚШ мемлекеттік хатшысы болған Хиллари Клинтонның мойнына жүктеледі дейді.

АҚШ-тағы сайлауға шақырған ұрандардың жанында тұрған полицей. Нью-Гемпшир, 9 ақпан 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Біріккен азаматтар (федералды сайлау комиссиясына қарсы) – АҚШ жоғарғы сотының корпорация тарабынан сайлау компанияларына қаржылық қолдау жасау мөлшеріне шектеу қоюды болдырмау туралы шешімі. 2010 жылы қабылданған бұл шешім сайлауға 60 күн қалғанда кандидаттың есімін атаумен мәселеге бағытталған жарнамалық науқандар өткізу үшін одақтар мен корпорациялардың қаржы жұмсауына мүмкіндік берді. Енді олар сайлау күніне дейін саяси жарнама бағасын төлей алады, бірақ үміткер штабымен бірге қызмет етпеуі керек.

Джи-Оу-Пи – Grand Old Party (Ұлы көне партия) атауының қысқарған түрі, республикалық партияның дәстүрлі атауы.

Екінші түзету – азаматтардың қару ұстап жүруіне кепілдік беру үшін АҚШ конституциясына енгізілген түзетілім. Қаруды еркін сатуды қолдайтындар (мысалы, АҚШ ұлттық атқыштар қауымдастығы) «екінші түзету қару иелерін кез келген шектеуден қорғайды» дейді. Қарсыластары «заңдағы түзету тек қарулы отряд мүшелеріне ғана қару ұстап жүру құқығын берді» деседі. Олар штат басшылығы мен муниципалитеттер қаруға иелік ету мен қолдану құқына шектеу қойылса дейді.

Есек – демократиялық партияның бейресми символы.

Бәсекелес екі партияның символдары - піл мен есектің мүсіні.

Имейлдер – Хиллари Клинтон 2009–2013 жылдары мемлекеттік хатшы болып істеген кезде жеке және іскерлік хаттар үшін жеке пошта қызметін қолданды. Республикалықтар бұл елдің қауіпсіздігіне қатер төндірді деп санайды. Трамп Клинтонның «жеке хаттар» ретінде 33 мың имейлді жойып жібергенін заңсыздық дейді. Клинтонның электрондық поштасына қатысты жағдай конгресте талқыланып, жеке адамдар шағым түсіріп, Федеральдық тергеу басқармасы (ФБР) тергеу жүргізген еді. Сайлауға екі аптадан аз уақыт қалғанда бұл мәселе қайта көтерілді, ФБР директоры Джеймс Комей конгресс мүшелеріне Клинтон ісіне қатысы жоқ электронды хат алмасу туралы басқа істі хабарлады. Бірақ ол Клинтонға қатысты тоқтатылған тергеу ісіне «қатысы бар сияқты» деген. Бірақ Комей «ФБР аталған материалдар қандай да бір маңызға ие ма, жоқ па – ол жағын анықтай алмай жатыр» деп ескертті. ФБР әзірге зерттеу жүргізіп жатыр. Клинтонға электрондық пошта серверіне қатысты ешқандай айып тағылмады.

АҚШ-таңы кандидаттар бейнеленген сувенирлер.

Киім шешетін бөлмедегі әңгіме – Дональд Трамптың аузынан шыққан сөз. Ол 2005 жылы әйелдерге қатысты тұрпайы пікір айтып, «оларды еркінен тыс сүйіп, құшақтаймын» деген сөздері қоғамда шу тудырған соң соны жұмсарту мақсатында осы сөзді айтты. Аталған жазба қазан айында баспасөз беттеріне шығып, тіпті республикашылдардың өзі үміткерді сынады. «Бұл жазбада Трамп сексуалды озбырлығымен мақтанып тұр» деушілер көп, оның кейін ақталмақ болған әрекетін де сынға алады.

Клинтон қоры – 1997 жылы Билл Клинтонның президенттік кітапханасын жасау үшін негізі қаланған халықаралық қайырымдылық қоры. Қазір Клинтон қоры климат өзгерісі, ауыл шаруашылығы және экономикалық даму, кедейлікпен күрес, ВИЧ/СПИД-ті емдеу үшін дәрі-дәрмек құнын азайту тәрізді 11 бағдарламаны жүзеге асырады. Республикашылдар Хиллари Клинтон АҚШ мемхатшысы болған кезде осы қорға қаржы салғандарға қамқорлық танытты дейді. Бірақ донорлардың мемлекеттік департаменттен қандай да бір көмек алғаны жайлы нақты дәлел жоқ.

Көк штаттар – сайлаушылардың көбі демократиялық партияны қолдайтын штаттар.

Қызыл штаттар – сайлаушылардың көбі республикашылдар партиясын қолдайтын штаттар.

Лоббиші – корпорацияның, қандай да бір саланың, саяси жоба немесе шетелдік мемлекеттің мүддесін ұсынып, соны сақтауға тырысатын, сол үшін сыйақы алатын адам.

Мерзімінен бұрын дауыс беру – сайлаудың ресми күнінен бұрын өтетін дауыс беру. Штаттарда мерзімінен бұрын дауыс беру уақыты 4 күннен 50 күнге дейін өзгереді. Бұндай дауыс берудің мақсаты – адамдардың сайлауға қатысу санын арттырып, сайлау күні бөлімшелерде сыймай қалмауын қамтамасыз ету.

Обамакейр – АҚШ денсаулық сақтау және емделушілерді қорғау реформасының сленг түріндегі атауы. Реформа медициналық сақтандыруды барынша тиімді етіп, медициналық қызмет сапасын көтеруді, бірақ мемлекеттік шығынды азайтуды көздейді. Бұл заңға президент Барак Обама 2010 жылы қол қойып, 2012 жылы жоғарғы сот бекітті. Дональд Трамп пен республикашылдар билік қолдарына тисе бұл заңды қысқартпақ, ал Клинтон оны жетілдіруге уәде береді.

Піл – республикашылдар партиясының дәстүрлі символы.

Дональд Трамп пен Хиллари Клинтон дебатта тұр. Лас Вегас, 19 қазан 2016 жыл.

Сайлаушылар коллегиясы – АҚШ президентіне формалды дауыс беру жүйесі. Әр штат конгрестің екі палатасындағы өкілдер санына байланысты сайлаушыларын жібереді. Президенттікке үміткер жеңіске жетуі үшін сайлаушылар коллегиясының көп дауысын алса жеткілікті. Қазір ол 270 дауысты құрайды.

Сайлаушылардың дауыс беруі – сайлаушылар коллегиясынан жалпыға бірдей дауыс берумен ерекшеленеді. Сайлаушылар төрт жылда бір рет – қарашаның бірінші дүйсенбісінен кейінгі бірінші сейсенбіде дауыс береді. Жалпылама дауыс беруде жеңіске жету кандидаттың басым дауыс иеленгенін көрсетеді, бірақ бұл сайлауда жеңуге кепілдік бермейді («Сайлаушылар коллегиясы» деген терминді қараңыз).

Салық декларацияңды жарияла – салық декларациясын жариялаудан бас тартып, президенттікке үміткерлердің талай жылғы дәстүрін бұзған Дональд Трампты сынаушылар мен қарсыластарының үндеуі. 1995 жылы The New York Times жариялаған Трамптың салық декларациясы дерегінде оның миллиард долларға жуық шығыны туралы хабарлағаны бар. Заңдағы ілікті пайдаланып ол алдағы 18 жылда салық төлемеуге мүмкіндік алған деседі. Дебат кезінде одан осы мүмкіндікті қолданған-қолданбағанын сұрағанда, «Әлбетте» деп жауап берді. Клинтон «Трамптың салық есебін жасыру себебі – айтарлықтай бай емес және өзі айтқандай қайырымдылыққа көп қаржы жұмсамауына байланысты» деп жорамалдады.

Сырттай дауыс беру бюллетені – ресми бөлімшеге дауыс беруге келуге ниетті емес немесе шамасы жоқ тұлғаның сайлау бюллетені. Сайлау күні шетелде немесе елдің басқа аумағында болған азаматтар, мүмкіндігі шектеулі жандар, діни сеніміне байланысты келе алмайтын АҚШ азаматтары сырттай дауыс береді.

Толқымалы штаттар – нақты бір партияға жақтас емес, әр кездері әрқилы партияға дауыс беретін штаттар. 2016 жылы Вирджиния, Огайо, Пенсильвания, Солтүстік Каролина мен Флорида осындай штаттар қатарына кіреді. Кейде бұндай толқымалы штаттарды «майдан алаңы» немесе «қызыл күрең» деп атайды, яғни қызыл мен көктің қоспасы дегенді білдіреді.

Трампизм – Дональд Трампты республикашылдар атынан президенттікке ұсыну құбылысын сипаттайтын термин. Саясаттанушы Дэвид Табачник трампизмге тән төрт сипатты атайды: өзін жұлдыз тәрізді ұстау, зияткерлік емес популизм, жүйемен сырттай күресетін адам бейнесі, иммиграцияға теріс қарау және шетелдіктерден жасырын үрейлену. Трампизм сленг сөз ретінде әлеуметтік табуды жол үсті бұзу немесе сенім тудыратын, маңызды көрінетін, бірақ шын мәнінде ешқайдай мәні жоқ шұбалаңқы пікірді білдіреді.

Трамп дуалы – Дональд Трамптың заңсыз иммигранттар, терроршылар мен есірткі дилерлерінің Мексикадан АҚШ-қа өтуіне жол бермеу туралы ұсынысы. Трамп «3200 километрге созылған шекарада дуал тұрғызу үшін Мексиканы миллиардтаған доллар төлеуге мәжбүрлеймін» деп мәлімдеді. Дуал идеясы мәдени символға айналды. Трампты қолдаушылар митингілерде «Дуал салшы» деп шулайды.

Туған жер туралы теория – 2008 жылы Барак Обаманың президенттік кампаниясы кезінде туындаған конспирологиялық теория. Оны қолдаушылар «Обама АҚШ-та тумады, сондықтан президенттікке сайлауға түсуге құқы жоқ еді» деп жалған уәж айтады. Трамп 2011 жылдың наурызында туған жер туралы теорияны көпшілік алдында қолдап, Обаманың азаматтығына күмән келтірушілерді «есуастар» санаудың қажеті жоқ деді. 2011 жылдың сәуірінде Гавайи штаты қоғамға Обаманың туу туралы куәлігінің толық нұсқасын көрсетсе де, Трамп оны мойындамай келді. Тек 2016 жылы қыркүйектің 16-сы күні: «Президент Барак Обама АҚШ-та туды, сонымен сөз бітті» деп мәлімдеді. Бірақ осыдан кейін де Трамп бірнеше рет Обаманың туған жеріне қатысты шатасу Хиллари Клинтонның кесірінен болды деп қате уәж айтты.

Үшінші кандитаттар – АҚШ-тың екі жетекші партиясының (республикашылдар және демократиялық партияның) атынан шықпайтын үміткерлер. 2016 жылы жасылдар партиясы атынан Джил Стейн мен либертариандық партия атынан Гэри Джонсон көзге түсті.

Хакерлер – саяси партиялардың дауыс беру жүйесі немесе компьютерлік желісіне рұқсатсыз кіру мүмкіндігін алған адамдар. АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігінің төрағасы «қаскүнемдер 20 штаттағы дауыс беру жүйесінен ақпарат алды» деп мәлімдеді. Ресми тұлғалардың дерегі бойынша, хакерлердің біразы Ресейден әрекет еткен. Обама әкімдігі ресейлік хакерлер ұлттық демократиялық комитеттің компьютерлерін бұзып кіріп, Клинтонның сайлауалды кампаниясына кедергі жасамақ болды деп айыптады. Оған қоса бұндай операция «елдің жоғары басшылығының қолдауымен ғана» жүзеге асуы мүмкін. Владимир Путин Ресейдің «мемлекеттік деңгейде» араласқанын терістеді.

Штат-барометр – әдетте сайлауда жеңіске жететін кандидатқа дауыс беретін штат. Огайо штаты бұл жағынан алда келеді, 12 сайлау бойы жеңіске жететін президентке дауыс берді. Миссури де 1904 жылдан бастап жеңімпазды таңдады, тек 1956 және 2008 жылдары қателесті. Невада болашақ президентті 1912 жылдан қолдады, тек 1976 жылы мүлт кетті.

Рон Синовицтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.