Алматыдағы USKZ Fest шарасы

Фестиваль өткен үш бойы Алматының орталық демалыс саябағына кіреберісте мұнда USKZ Fest өтіп жатқаны туралы хабарлаған баннер ілулі тұрды.

Фестивальге келген жұрт АҚШ-тың атын әлемге әйгілі еткен заттар мен бейнелерді көптеп кездестіреді. Мысалы, Ford, Jeep автокөліктері, Harley-Davidson мотоциклі көзге шалынады. Сонымен бірге, АҚШ-тағы Капитолий ғимаратының, Рашмор тауына қашалып салынған төрт президенттің бейнелерінің және т.б. суреттері ілінген. Кей баннерлерде Қазақстан мен АҚШ-та танымал Бостандық ескерткіші мен Көктөбедегі телемұнара, Бәйтерек пен Капитолий ғимараттар кешені тәрізді нысандар қатар бейнеленген.

Аллеяда жүрген актерлердің киімі мен бейнесінен жұрт Чарли Чаплин, Мэрилин Монро мен Элвис Преслиді жазбай таниды.

Жұма күні кешке фестивальді АҚШ елшісі Джордж А. Крол салтанатты жағдайда сөз сөйлеп ашты. Қазақстан жағынан Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев сөз сөйледі. Сенбі күні де саябақта жұрт қалың болды.

Фестиваль ашылысымен америкалық және қазақстандық музыканттардың қатысуымен концерт басталды. Бірінші болып сахнаға шыққан америкалық әнші Грейс Гаррет гавайлықтардың төрт ішекті музыкалық аспабы – укулелемен бірнеше композиция орындады. Және оның алғашқы орындағаны Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы» әні болды. 

Концерт барысында америкалықтар арасында қазақ тілінен конкурс ұйымдастырылды. Жүргізуші Мұрат Мұтырғанов қарапайым сөздерді қазақ тіліне аударуды ұсынды. Кей кездері конкурсқа қатысушылардың әрқайсысы өз баламаларын айтып жатты. Олардың бәрі жеңімпаз деп жарияланды.

Концерт кезінде кей әндерді америкалықтар қазақстандықтармен бірге орындады. Мәселен, джаз әншісі Чарльз Тернер III Алексей Черемизов басқаратын алматылық джаз-квартеттің сүйемелдеуінде ән шырқады.

Концертті тамашалаған жұрттың көбі, әсіресе жастар жағы қазақстандық рок-әнші Ғалымжан Молданазардың орындауындағы әндерді зор қошеметпен қарсы алды. Ол ән айтқан кезде көрермен де ерік-сезімге ерік беріп, әншіге қолдау білдіріп тұрды. Әнші сенбі күні өнер көрсеткенде де осы көрініс қайталанды. Ғалымжан Молданазар кейбір әндерді үш виолончелист пен бір дауылпаздан тұратын америкалық Break of Reality квартетінің сүйемелдеуімен орныдады.

Фестиваль күндері АҚШ-та білім алып, табысқа жеткен қазақстандықтар туралы фотокөрме ұйымдастырылды. Олардың кейбірі фестивальге келіп, Америкада қалай білім алғаны жайлы айтып берді. Мысалы, Шолпан Пірімбетова провизор дипломымен Нью-Йорктегі Колумбия университетінде екі жыл білім алған. Екі жолы университетке түсе алмаған Шолпан үшінші рет талпынғанда оқуға қабылданған. Ол Америкада білім алған кезең өмірінің ең жарқын сәттерінің бірі екенін айтады. Ол Колумбия университеті студенттеріне мемлекет басшыларымен кездесіп, оларға сұрақ қою еш қиындық тудырмайтынын әңгімелеп берді. Мысалы, АҚШ-та оқып жүрген кезінде ол Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге қатысқан. Шолпан өзі түсірген мемлекет басшыларының фотоларын үлкен экраннан көрсетті. Қазір ол Колумбия университеті жанындағы «Орталық Азиядағы ғаламдық денсаулықты зерттеу орталығы» аймақтық директорының орынбасары болып жұмыс істейді.

Өзге елдегі өз тәжірибесі мен алған әсерлерімен АҚШ оқу орындарында білім алған қазақстандықтар ғана емес, сонымен бірге Қазақстанда жұмыс істеп жатқан америкалықтар да бөлісті. Мысалы, ол туралы Алматы университетінің филология факультетінде бір семестр жұмыс істеген америкалық ақын Мишель Браун айтып берді. Вашингтон университетінің профессор-археологы Майкл Фрачетти (суретте) америкалық археологтардың Қазақстандағы зерттеу жұмыстарына қатысқаны туралы әңгімеледі. Оның отандасы Сандра Олсен көне заманда адамзат жылқыны қазіргі Қазақстан аумағында алғаш рет қолға үйреткен деген болжам жасауға негіз болатын ежелгі жылқы сүйектерін қазақ даласынан тапқан. Олсен сонымен бірге адамдар бес мың жыл бұрын қымызды сусын ретінде ішкенін дәлелдеген. Майкл Фрачеттидің қазақстандық археологтармен бірге қазба жұмыстарына қатысып жүргеніне 19 жыл болған. Ол жергілікті әріптестерімен бірге ежелгі көшпенділердің мал шаруашылығымен қоса егіншілікпен де айналысқанын анықтаған.

Тәжірибе алмасу бағдарламасы бойынша АҚШ-та болып қайтқан сәнді киім үлгілерін жасайтын қазақстандық он дизайнердің төртеуі – Ольга Стан, Ерлан Жолдасбеков, Гаухар Ахметова және Камила Курбани фестиваль кезінде өз туындыларын жұртшылыққа көрсетті.

Суретте – дизайнер Гаухар Ахметованың қолынан шыққан киім үлгілері.