Ислам Каримов өзін «көсем деп дәріптеуге қарсы»

Өзбекстан президенті Ислам Каримов Сурхандария облысында жүр. Өзбекстан, 30 маусым 2016 жыл.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов мұны 30 маусым күні Сурхандария облысы Термез ауданында дихандармен кездесуінде айтты.

Өзбекстанды ширек ғасыр бойы басқарып келе жатқан президент Ислам Каримов дихандарға мақта, астық өсіру мен жеміс-көкөніс баптау жайлы жөн сілтеген. Ол бұған қоса басқарудың әкімшілік әдістері, жастар тәрбиесі, адамдардың ар-ұяты, өзбек халқының шыдамының шегі мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) саммитінде қалай билегені жайлы айтқан.

Шілденің 1-інде Өзбекстанның мемлекеттік телевизиясы Ислам Каримовтың Термез ауданындағы дихандармен кездесуінен бір сағат бойы трансляция жасаған.

«КӨСЕМ» ЖӘНЕ ЖАСТАР

Кездесу кезінде өзін «Өзбекстандағы тыныштық пен тұрақтылыққа сіңірген еңбегі үшін» дәріптей бастаған ардагерлердің бірінің сөзін бөліп тастаған Ислам Каримов өзін көсем ретінде ұлықтауға «мүлде қарсымын» деп мәлімдеген.

«Жоғары жақта көсеміміз отыр» деген сияқты сөздерді көп айта бергеніміз жөн емес.

– «Жоғары жақта көсеміміз отыр» деген сияқты сөздерді көп айта бергеніміз жөн емес. Бәріміз ақылмен өмір сүруіміз керек. Бізде қарапайым адам жоқ. Жұрттың бәрінің ойы, өмірге деген көзқарасы бар. Бұл тұрғыдан алғанда «не істеу керегін ана жақта – жоғарыда отырғандар біледі, ал біз тек бұйрықты орындаймыз» деген сөздердің дәурені өтті. Өз басым мұндай әңгімелерге мүлде қарсымын, – деп мәлімдеген президент Ислам Каримов Термез ауданындағы кездесуде.

Оның айтуынша, Өзбекстан үкіметі «өзіндік ой-пікірі бар тәуелсіз жастарды» тәрбиелеп келеді.

– Біз кімді тәрбиелеп жатырмыз? Ақыл-ойына сүйенетін, өзіндік пікірі бар, еркін ойлы жастарды тәрбиелеп жатырмыз, – деп мәлімдеді президент Каримов.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов. Өзбекстан, 30 маусым 2016 жыл.

ӘКІМШІЛІК БАСҚАРУДЫҢ ЖОСЫҚСЫЗ ӘДІСТЕРІ ТУРАЛЫ

Президент Каримов мемлекеттік органдардың әкімшілік басқару ісіндегі күштеу әдістеріне жүгінуіне қарсы екенін мәлімдеген.

– Бастама жергілікті орындардан тарауы тиіс. Мен шенеуніктердің жоғары жақта әлдебір орында отырып алып, айғайға басып немесе өзге бір күштеу әдістеріне жүгінгеніне қарсымын, – дейді президент Каримов.

Бұған қоса Өзбекстан президенті «өзбек халқының төзімі» туралы да сөз қозғаған.

– Біздің халқымыз әділетсіздіктен өзге көп нәрсеге төзе алады. Сондықтан бізде ар-ұяты бар жандар, жастар бәрібір көбейіп, жаңа ұрпақ өсіп келеді. Біз оларға құшағымызды айқара ашып, оларды мақтан тұтуға тиіспіз әрі бұл тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына өзіндік тарту болуы тиіс, – деді президент Каримов.

КҮТПЕГЕН БИ

Ислам Каримов Сурхандария облысы дихан-фермерлерімен кездесуі соңында ШЫҰ саммиті аясында өткен гала-концерт жайлы айтқан.

Азаттықтың Өзбек қызметінің журналистерінің ШЫҰ саммиті аясында ұйымдастырылған концерттегі Каримовтың биі түсірілген видеосюжетті әлеуметтік желілерде бір апта ішінде мыңдаған адам көрген.

Аяқ астынан қалай билеп кеткенімді өзім де білмей қалдым

Ташкент саммитіне қатысушыларға арналған концерттегі биіне қатысты комментарий берген Каримов «концертті тамашалаған бүкіл қонақтардың тәнті болған» айтқан.

– Оң және сол жағымда отырғандардың бәрі... ірі держава басшыларының... Қытай басшысының... қалай тәнті болғанын көрдім. Аяқ астынан қалай билеп кеткенімді өзім де білмей қалдым, – деді Өзбекстан президенті Ислам Каримов.

Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы.