Паркенттік қазақ отбасы

Ташкенттен 50 шақырымдай жерде тұрған Паркент шаһарының бір көрінісі осындай. Бұл қала бүкіл Өзбекстанға жүзімімен танымал. Ауданда негізінен мал шаруашылығымен айналысып, қырда тұрған қазақтардың кейбірі 1980-жылдардың басынан бері қалаға орныға бастаған. Солардың бірі - Төлеген Жұраев ақсақалдың отбасы.  

Жасы жетпістің ортасындағы Төлеген ақсақалдың сөзінше, оның отбасы 1980-жылдардың ортасына дейін мал баққан. Бірте-бірте өлкедегі климат өзгеріп, жайылымдарда су азаяды. ​Сол себепті Жұраев отбасы 1986 жылы Бесқасқа деген жерден аудан орталығы Паркентке қоныс аударады.

Төлеген ақсақалдың жары Өлмес апа үш ұл мен бірнеше қыз өсіріп, бәрін үйлендіріп, ұзатқан.

Ата мен әже кенже ұлдарының қолында осы үйде тұрады. Қалған екі ұлы да алыс кетпей, отбасыларымен көрші үйлерде тұрып жатыр.

Үйдің ішкі ауласы гараж да бола береді.  

Төлеген ақсақал әлі де үйінде жылқы, азды-көпті мал ұстайды. Мына атқа мініп тұрған ұл бала - ақсақалдың үлкен ұлынан көрген немересі Жақия.

Төлеген ата мен Өлмес апаның үлкен келіндері Зухра.

Келіндердің қамыр илеп, нан пісіріп жатқан сәті.

Гүлжаухар - осы үйдің кенже келіні. Төлеген ақсақал әңгіме үстінде "үш келінді де қазақтан алдық" деді.  

Шөпқораның бір түрі.

Өзбекше салынған тандыр пеш - бұл үйдің де ең қажет тұрмыс құралы.

Ақсақалдың кенже ұлы Мұраттан көрген бой жете бастаған немерелері шешелеріне ас пісіруге көмектесіп отыр.

Көрпе-жастық, жүк жинау.

Жұпынылау жиһазды, артық заты жоқ үй мұнтаздай таза.

Жұма намазына шығар алдында Төлеген ақсақал бүкіл отбасымен бірге суретке түсіруге рұқсат етті.

Ақсақалдың ортаншы ұлы Бөрібай апта сайынғы әдетіне сай көлігімен әкесін жұма намазға алып кетті.

1998 жылы қажылыққа барып қайтқан Төлеген ақсақалды Паркенттің үлкен-кішісі сыйлап тұрады. Мына суретте оны демеп тұрған - кенже ұлы Мұрат.

Паркенттің орталық мешітіндегі жұма намазынан көрініс.

Жастайынан мал бағып өскен, әлі күнге дейін көкпар тартуға қатысатын палуан денелі Төлеген ақсақал отбасының амандығын тілеп отырады. Паркент қазақтарының тілі мен салт-дәстүрін сақтап қалуға ерекше мән беретіні байқалады.