Верный бекінісінің орны

1853 жылғы шілденің 12-і күні патша үкіметі Ұлы жүз қазақтарына пристав етіп жіберген майор М.Д.Перемышльский қарамағындағы бірнеше жүз сарбаздан тұратын топпен Іле өзенінің арғы бетінен бекініс салатын қоныс іздеу туралы Батыс Сібір генерал-губернаторының бұйрығын алады. Шілде-тамыз айларында Іле Алатауының теріскей беткейін зерттеген Перемышльский тобы Кіші Алматы өзенінің сол жағалауында орналасқан Алматы шатқалы бекініс салуға лайық деген ұйғарым жасайды. Әскери бекініс құрылысы 1854 жылы көктемде басталған. Ресей патшасы бірінші Николай жаңа бекіністің Верное деген атауын бекітеді. Суретте: бұрынғы бекініс орны тұсынан ағып жатқан  Кіші Алматы өзені.

1858 жылғы картада Верное бекінісінің орны көрсетілген. Ол казактардың екі станицасы мен Ташкент ауылы (кейін – Татар ауылы немесе Татарка) арасында орналасқан. 1855 жылдың бас кезінде салынған уақытша бекіністе бөренеден тұрғызылған бірнеше үй болған. Айналасына дуал қорған соғылып, оның алдынан ор қазылған.

Орыс саяхатшысы Петр Семенов (тарихта Семенов-Тянь-Шанский деген есімімен қалды) алғаш рет Верное бекінісіне 1856 жылғы қыркүйекте келген. Оның суреттеуінше, бекіністе сол кезде Ұлы жүз приставының асығыс тұрғызылған шағын үйінен басқа үйлер болмаған. 1857 жылы қайта келгенде саяхатшы Верное бекінісінің өзгеріп кеткеніне куә болған. «Верное 1856 жылғы кейпінен анағұрлым әдемірек көрінісімен мені таңғалдырды. Жаңа бекіністің барлық үйлері салынып бітіп қалыпты, Ұлы жүз приставы үйінің жанында жаңадан бақ отырғызылған; бұл қазір гүлденіп, жасыл желек жамылып тұрған Верный қаласы орналасқан тау бөктеріндегі алғашқы ағаштар еді». 1857 жылы Семеновпен бірге экспедиция құрамында суретші Павел Кошаров та болған. Ол салған суреттердің бірі «Верный бекінісіндегі алаң» деп аталады.

Верный бекінісі патша заманында да, совет кезінде де әскери нысан саналғанымен онда ешқашан шайқас болмаған. Бекіністің солтүстігі мен батыс жағында топырақтан тұрғызылған дуалдардың кей бөлігі (суретте ) біздің заманымызға дейін жеткен. Өткен ғасырдың 80-жылдары осы жерде қызмет атқарғандардың айтуынша, үйілген топырақты қазған кезде оның астынан ат тағалары, жапон өнеркәсібі шығарған қару оқтары табылған. СССР ыдырағаннан кейін бұрынғы Верный бекінісінің территориясына Қазақстан қорғаныс министрлігіне қарайтын «Қолдау» кәсіпорны өкілдігі иелік еткен. Бірақ кейін әлдебір жолмен жеке меншікке өтіп кеткен.

Кіші Алматы өзені жағынан қарағанда бұрынғы бекіністің қазіргі қоршауының алдынан өтетін, ішінген талдар өсіп кеткен ескі орды байқауға болады.

Тарихи ескерткіш ретінде мемлекет «қорғауындағы» бұрынғы Верный бекінісі территориясындағы қоқыс.

Оңтүстікке қарай сәл жүрсеңіз алдыңыздан қазылған қазаншұңқыр шығады. Оның ішіне құрылыс қалдықтары мен өзге де қоқыстар тасталған. БАҚ ақпараты бойынша, 2008 жылы осы жердің бұрынғы қожайыны мұнда кірпіш зауытын салуды жоспарлапты. Кейін одан бұл жерді сатып алған өзге біреу де осында әлдебір нысан салмақшы болған. Жалға алушылардың бірінің айтуынша, екі жолы да әкімдік әлгілерге құрылыс салуға рұқсат бермеген.

Бұрынғы бекініс орнындағы тарихи ғимараттардан біздің кезімізге дейін жеткені осы жалғыз нысан дейді жергілікті жұмыскерлер. Бұл нысан қазір коммерциялық қоймалар орналасқан жер телімінде тұр. Кейіннен тұрғызылған биік қоршаулар бұрынғы бекіністің кей тұстарына бару қиындық туғызады. Бәлкім, ол жерде де ескі ғимараттар немесе олардың жұрнағы қалған болуы ықтимал.

Ескі бекіністен қалған көне ғимараттың жанында бұзылған үйдің іргетасы байқалады. Ол бұрынғы әскери казарманың іргетасы болуы да мүмкін.

«Алматыны қорғайық» бейресми қозғалысының бірнеше белсендісі Facebook әлеуметтік желісінде өздері ашқан қауымдастыққа арнап ескі бекініс орнынан бірнеше видеоүндеу түсіріп тұр. Олар қала үшін аса маңызды және Шоқан Уәлихановтың өмірбаяны мен Абай Құнанбайұлы ұрпақтарымен байланысы бар осынау тарихи ескерткішті сақтап қалуға шақырады.

Бұрынғы Верный бекінісінің орнында тұрған ер адам осы жерді көргенде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің «айран-асыр» қалғанын айтады.

Осыдан 9 жыл бұрын «Қазқайтажаңғырту» республикалық кәсіпорны директоры Сәдуақас Ағытаев «Вечерный Алматы» газетіне сұхбатында ескі бекініс орнында тек жеті казарманың жұрнақтары қалғанын, бекіністің жалпы жағдайы аянышты күйде екенін айтқан. Содан бері өткен уақыт ішінде жағдай одан сайын нашарлай түскен сыңайлы. Ол кезде ескі бекініс пен оған жапсарлас көшелерді музейге айналдыру идеясы айтылған еді. 2020 жылға дейін бұл жерде көшпенділер өркениеті мен әскери өнер музейін ашу туралы бастама көтерілген. 2010 жылғы ақпанда Алматы тарихының музейінде осы фоторепортаж авторына «Алматыға 1000 жыл» музейінің макетін суретке түсіріп алудың сәті түскен еді. Бірақ ол жоба аяқсыз қалды.

Совет заманында бекіністің революцияға қатысты тарихы дәріптелетін. Топырақтан соғылған дуал қорғанның қалған бөлігінің сырт жағынан 1918 жылы Жетісуда совет билігін орнатуға атсалысқан топтардың осы бекіністе жасақталғаны, ал 1920 жылы Дмитрий Фурманов басқарған әскер революцияға қарсы көтеріліске шыққандарды басып-жаншығаны туралы ескерткіш белгі қойылған. 1941 жылы жазда бұрынғы Верный бекінісінде жаңадан құрылған 316-атқыштар дивизиясы (кейін 8-гвардиялық Панфилов дивизиясы) құрамына жауынгерлер мен командирлер қабылдау жүргізілген.

Алматы қаласының тарихында Верный бекінісі ерекше орын алады. Бір кездегі әскери бекіністен біртіндеп қалашық пайда болған жерде қазір Алматы қаласы орналасқан.